21 желтоқсанда кешке Алматыдағы Рысқұлов даңғылында көлік үш жаяу жүргіншіні қағып кетті. Зардап шеккендердің біреуі қайтыс болды, – деп хабарлады Алматы Полиция департаментінің баспасөз қызметі.
Оқиға шамамен 21.30-да болған.
“Hyundai маркалы көлікті тізгіндеген 1980 жылғы азамат Рысқұлов даңғылымен шығыс жаққа қарай келе жатып, Донецкая көшесімен қиылыста 62, 52 және 61 жастағы 3 жаяу жүргіншіні қағып кетті. Олар белгіленбеген жерден өтіп кетпек болған. Жол апаты салдарынан бір адам көз жұмды. Бұл факт ҚР ҚК 345-бабы бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексерудің бірыңғай тізіліміне енгізілді. Сараптамалар тағайындалды”, – деді Алматы ПД тергеу басқармасы басшысының орынбасары, полиция полковнигі Салтанат Хишанло.
Sputnik Қазақстан хабарлағандай, зардап шеккен жаяу жүргіншілер істен шыққан бағдаршамға қарап, жолдан өтпек болған.
Hyundai жүргізушісі оларды кеш байқап, тежегішті басып үлгермегендіктен, қағып кеткен. Басылымның хабарлауынша, қазір Рысқұлов даңғылында жол қозғалысы ережесі өзгерген. Таяуда бұл жерде бағдаршамдар өшірілген.