Алматыдағы кинотеатрлардың бірінде режиссер Эля Гильман түсірген «Күнбағыс» (Подсолнуха) фильмінің баспасөз құралы өкілдеріне арналған көрсетілімі болды.
Картинаны Мәдениет және спорт министрлігі тапсырысы бойынша «Сталкер Синема» компаниясымен бірлесе отырып, «Қазақфильм» киностудиясы түсірген.
Фильмде Әмір атты жасөспірімнің отбасындағы жағдай баяндалады. Оның ата-анасының бала тәрбиесіне немқұрайлы қарауы, соның кесірінен өмірде өзіне қамқор, дос болатын адам таппай, жалғыздықтан қиналғаны суреттеледі. Сонымен қатар отбасы құндылығы деген ұғымды ақшадан кейінгі екінші орынға қойған күнбағыс өсірумен айналысатын ферьмер әке мен «жұлдыз» ауруына шалдыққан анасының әрекеті өтпелі кезеңде жүрген Әмірге барынша кері әсерін тигізеді. Ол көп уақытын компютерлік клубтарда өткізуді әдетке айналдырады. Салдарынан кейіпкер іштей тұйыққа тіреледі. Соңында жасөспірім әкесінің аңшы мылтығымен өз-өзін атып салады.
Фильмде жасөспірімнің рөлін Ришад Мусин сомдаса, әкесінің рөлін белгілі актер Еркебұлан Дайыров ойнайды.
Туынды қоғамда жиі болып жатқан жасөспірімдер арасындағы суицид мәселесіне жауап іздеуге тырысқан.
Актер Еркебұлан Дайыровтың пікірінше, фильм отбасының барлық мүшесіне арналған.
«Бұл туындыдан отбасының әр мүшесі өзіне керектіні ала алады деп ойлаймын. "Жанұядағы әкенің, ананың бала тәрбиесіндегі орны қандай болуы керек?" деген сұрақтарға жауап алуға болады», – дейді актер Е. Дайыров.
Түсірілім жұмыстары аяқталғанына көп уақыт бола қоймаса да, фильм бүгінге дейін 27 халықарлық кинофестивальге қатысып, 47 жүлдеге ие болып үлгеріпті.
Картина режиссері Эля Гильманның айтуынша, туындыны прокатқа шығару мәселесі 2022 жылға жоспарланып отырған көрінеді. Алайда алдағы жылдың нақты қай уақытында фильм көрерменге жол тартатыны белгісіз.