"Хакасияда экстремизмге қарсы күрес басқармасының қызметкерлері жергілікті халықтардың өмірі туралы видео түсіріп жүрген Түркиядан келген екі блогерді заңсыз қамауда ұстап отыр. Ұсталғандардың бірі біздің қаракөзіміз – Назгүл Кенжетай", – деп жазды қазақ қызына араша сұраған желі қолданушысы Нұрлан Тәшім-Тегі Facebook-тегі парақшасында.
Оның айтуынша, Назгүлдің Ресейлік БАҚ-қа берген сұқбаты бойынша, 17 желтоқсанда Абакан қалалық соты қасындағы серігі екеуін "шетелдік азаматтың Ресейге кіру ережесін бірнеше рет бұзғаны үшін" деген кінә тағыпты. Ал соттың қолдауына ие болған Ресей Ішкі істер министрлігінің мәліметінше, блогерлер – Назгүл мен оның түркиялық досы екеуі Ресей шекара заңын бұзып кіріп, арнайы түріктік БАҚ үшін видео түсіріп, аккредитациясыз жұмыс істеген. Блогерлерге 5 мың рубльден айыппұл салынды. Қазір олар Абакандағы уақытша ұстау изоляторында, Ресейден шығару мүмкіндігі туралы шешімді күтіп отыр, уақытша қамауда отыр. Оларға қаралған бап бойынша 10 күн ішінде шығаруы тиіс.
Бұған дейін Кенжетай мен оның серігі Якутияда да дәл осы бап бойынша айыппұл төлеген екен.
– Біз ешқандай әскери қызметте жүрген тілшілер емеспіз. Бар болғаны Хакасияда байырғы халықтардың мәдениетін көрсету мақсатында бейнеролик түсірдік. Біз жай ғана видеоблогерлерміз, Якутияда, Бурятияда, Тофаларияда, Алтайда, Хакасияда болдық. Пейзажды түсіруге олардың рұқсатын алмағанымыз үшін бұлар біздің телефондарымызды алып қойып, адвокатпен байланысуға мүмкіндік бермей, бізді заңсыз ұстап отыр. Қамаудың алғашқы күндері су, тамақ бермей аш отырдық, қазір де жарылқап жатқандары шамалы. Ең сорақысы – біздің тіпті жатақханада қалған құрал-жабдықтардағы бейнежазбаларымызды да өшіріп тастады», – дейді Кенжетай.
ulysmedia.kz сайтының жазуынша, Назгүлдің ағасы, белгілі дінтанушы Досай Кенжетай бұл істе қазір еш өзгеріс жоқтығын, Қазақстан мен Түркияның ештеңе істей алмай отырғанын айтып қынжылыпты. Ал Ресей, оның ойынша, мәселені саясиландырып отыр. Ғалым қарындасы үшін уайымдаулы, еліміздің Сыртқы істер министрлігіне ренжулі көрінеді.
«Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігі үн шығара алмай отыр. Міне қазақ дипломатиясы. Назгүлдің дипломдық тақырыбы сол, әлемдегі аз түркі этностарының болмысы болатын», – депті Досай Кенжетай.