Министрлерді қабылдады
Министрлерді қабылдады
227
оқылды
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Энергетика министрі Мағзұм Мырзағалиев пен Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Серікқали Брекешевті, Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусинді қабылдады. Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметі хабарлады. Мағзұм Мырзағалиев Теңіз, Қашаған, Қарашығанақ, «Қаламқас-теңіз» және «Хазар» кен орындарындағы жобаларды іске асыру арқылы 2030 жылға қарай мұнай өндіру көлемін 104,2 миллион тоннаға дейін ұлғайту жоспарланып отырғанын айтты. Сонымен қатар Мемлекет басшысына елімізді газбен қамту жобалары жөнінде баяндалды. Министрдің ақпаратына сәйкес, бүгінде  газбен қамтылған халықтың саны 10,3 миллионнан асты, ал газбен қамтамасыз ету деңгейі 55 пайызды құрады. Солтүстік және шығыс өңірлерге газ жеткізу арқылы 2030 жылға қарай бұл көрсеткішті 65 пайыз­ға дейін жеткізу жоспарланып отыр. Ал Серікқали Брекешев Мемлекет басшысына еліміздегі экологиялық ахуалды жақсарту үшін қабылданып жатқан шаралар мен су саласын дамыту жоспары туралы баяндады. 2025 жылға дейін­гі «Жасыл Қазақстан» ұлттық жобасы аясында еліміздің 6 облысында жалпы көлемі 1,7 миллиард текше метр болатын 9 су қоймасы салынады. Сондай-ақ Су шаруашылығы комитетінің, аумақтық бассейндік инспекциялардың қызметін күшейту көзделеді. Кездесу барысында геология саласын дамыту мәселелеріне ерекше назар аударылды. Министрдің айтуынша, жер қойнауына жүргізілетін мемлекеттік геологиялық зерттеу жұмыстары жандандырылып жатыр. Шамамен 684 шаршы шақырым жер қойнауын зерттеу жоспарланып отыр. Сонымен қатар Ұлттық геологиялық қызмет құрылады. Бағдат Мусин  болса Президентке мемлекеттік басқару жүйесін жетілдіру мақсатымен жүзеге асырылып жатқан цифрлық трансформация жұмыстарының барысы және министрліктің биылғы қызметінің қорытындылары туралы есеп берді. Қасым-Жомарт Тоқаев Цифрлық вице-минис­трлерге арналған KPI мен олардың жұмыстарына берілетін бағаға қатысты критерийлерді, сондай-ақ 2022 жылдан бастап барлық мемлекеттік қызметшілерге цифрлық құзіреттерді оқыту жөніндегі ведомствоның бастамасын қолдады. Биыл ведомство тексерулер санын 500 пайызға көбейтті. Нәтижесінде, байланыс сапасының өлшемдерін сақтамағаны үшін операторларға айыппұл салынған. Қабылданған шаралар 532 ауылдағы байланыс сапасын жақсартуға мүмкіндік берді. «ХҚКО» мобильді қосымшасында бейнеконсультация арқылы көрсетілетін мемлекеттік қызметтер пилоттық режимде қолжетімді. Қазір 34 анықтаманың цифрлық айналым мүмкіндігі жүзеге асырылған. еGov mobile  мобильді қосымшасында құжаттардың 18 түрін қамтитын «Цифрлық құжат» сервисі іске асырылды. Бүгінде бұл қызметті 6 миллион адам пайдаланған.