Мемлекет басшысы Қазақстан кәсіпкерлерінің құқықтарын қорғау жөніндегі уәкіл Рустам Жүрсінов пен «Самұрық-Қазына» АҚ басқарма төрағасы Алмасадам Сәтқалиевті қабылдады. Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметі хабарлады.
Кездесу барысында Рустам Жүрсінов осы жылы бизнес-омбудсменнің кеңсесіне 3 912 өтініш түскенін, бұл былтырғы осы кезеңмен салыстырғанда 15 пайызға аз екенін айтты. 1 463 өтініш кәсіпкерлердің пайдасына шешілген. Негізінен сатып алулар, жер, салық, құрылысқа қатысты мәселе жиі көтерілген.
Қасым-Жомарт Тоқаевқа «басынан бастап» реттеу тетігін енгізу жөніндегі тапсырмасының орындалу барысы туралы мәлімет берілді. Жаңа реттеу саясатының базалық тәсілдерін белгілейтін тиісті заң жобасы Парламент Сенатының қарауында жатыр. 2024 жылдың 1 қаңтарына дейін бизнеске қатысты міндетті бұрынғы талаптардың бәрі тексеріледі.
Ал Алмасадам Сәтқалиев Қасым-Жомарт Тоқаевқа «Самұрық-Қазына» акционерлік қоғамының биылғы атқарған қызметінің негізгі өндірістік көрсеткіштері мен қаржылық қорытындылары туралы есеп берді.
Қор басшысының айтуынша, қордың биылғы табысы 10,5 триллион теңге болады деп болжанып отыр. Бұл жоспарлы көрсеткіштен 22 пайыз жоғары. Бұған мұнай бағасының көтерілуі, жүк тасымалы мен транзит көлемінің ұлғаюы, сондай-ақ электр қуатын өндіру және тарату көрсеткіштерінің артуы негізгі фактор болды.
Сонымен қатар Мемлекет басшысына әлеуметтік және инфрақұрылымдық нысандарды қаржыландыруға қатысты тапсырмаларының орындалуы жөнінде мәлімет берілді. Атап айтқанда, газбен және сумен қамту, көлік және энергетика саласындағы 11 басым жобаның іске асырылу барысы туралы баяндалды.