Көлігі бұзылса, жүргізуші қалтасынан төлей ме?
Ал күні кеше Шымкентте жедел жәрдем қызметіндегі бір топ жұмысшы наразылыққа шықты. Олардың басты талабы – жалақының төмендігі. «Жалақыны көтермесе, жаппай жұмыстан кетеміз» дейді. Жұмысшылардың айтуынша, айлықтары соңғы алты жылда мүлде өзгермеген. Тіпті, көлігі бұзылып қалған жағдайда қалтасынан төлеп, жөндетуге мәжбүр. Қазір сегіз көлік қаңтарылып, жөндеу жұмыстарын күтіп тұр. Жөндейтін құрал-сайман да жоқ. Ал көлік жүргізушілері ақысыз еңбек демалысына жіберілген. Яғни, жұмыссыз деген сөз. «Жалақымыз 70-80 мың теңге төңірегінде. Қазір бәрі қымбат. Тіпті, жалақымыз соғым алуға да жетпей отыр» деп қамығады жедел жәрдем көлігінің жүргізушісі Құрбанәлі Амангелдиев. Ал Данияр Қосаев «пандемия кезінде күн-түн демей, үй бетін көрмей жұмыс істесек те, жалақы көтерілген жоқ» деп отыр. «Біз көліктің ұсақ-түйек шығынын да өз қалтамыздан шығаруға мәжбүрміз. Тіпті, қызметтік киімді де сатып аламыз. Одан бөлек, науқасқа тез арада жету үшін жылдамдықты асырғанымыз үшін айыппұл төлетеді», – дейді жүргізуші. Ал 2019 жылдан бері жедел жәрдем қызметінде жүрген жүргізуші Серік Әбдіханов 3 жылдан бері көлік шығынын өз қалтасынан төлеп жүрген. Сапарғали Бектұсыновтың да «айыппұлы» көбейіп кетіпті. Тағы бір жол жүру ережесін бұзса, жұмыстан шығарылу қаупі бар. Олардың ережені бұзайын деп бұзбайтынын, кейде науқасқа асыққанда амалсыз жылдамдықты арттыратынын түсініп жатқан адам жоқ. Наразы топқа жауап беруге шыққан жедел жәрдем стансасының басшысы Гүлнәр Құрманбекова жалақы мәселесін шеше алмайтынын айтып, ақталуға тырысты. Ал бұзылған көліктің шығыны жүргізуші есебінен шықпайтынын айтады. «Біз республика тарапынан қаржыландырамыз. Қазан айынан бері төлемақы берілмей отырғаны рас. Бұл кісілер қосымша ақы алып үйреніп қалған. Ресми құжатқа қол қойылмай, ақша ала алмай отырмыз. Қарашаның қорын аударған жоқпыз, оны мойындаймыз. Өйткені зейнетақы қорына аударсақ, қарашаның жалақысына жетпейді. Жақын күндері ол ақшаны да береміз», – дейді станса басшысы. Шымкент қалалық Денсаулық сақтау басқармасының басшысы Бақытжан Позилов та жиналғандарды сабырға шақыруға тырысты. Оның айтуынша, жүргізушілердің жалақысы 92 мыңға көтерілетін болады. Бірақ бұл қаржы да жүргізушілердің көңілінен шығып отырған жоқ. Олар «150 мың теңгеден кем болмасын» деген талап қойып отыр.Қарағандылықтар басшысына неге риза емес?
Қарағандыдағы жедел жәрдем қызметкерлерінің де айтар уәжі бар. Олар «басшылықтың қорлығына шыдамаймыз, жұмыстан шықсын» деп отыр. Басшыны жұмыстан босату туралы өтінішке 17 дәрігер мен фельдшер қол қойған. Олар басшыларының әдепсіз сөздерін диктофонға жазып алған. «Бізді қорлай бастады. «Нанды адал еңбекпен таппайсыңдар, жезөкшелер», – деді. Жиналыстан кейін мен қатты ауырдым, өзіме келе алмадым», – дейді қызметкердің бірі. Бұл ретте жедел жәрдем стансасының басшылығы этиканы бұзу фактісін жоққа шығармайды. Алайда балағат сөздерді «қорлық» деп санап отырған жоқ. «Жедел тергеу қызметкерлері ұсынған материалдар фактісі бойынша осы қызметкерге сөгіс түрінде тәртіптік жаза қолдану туралы шешім шығарылды», – дейді «Қарағанды облыстық жедел медициналық жәрдем стансасы» КМК директоры Зульфикор Әбілқасымов. Бірақ дәрігерлер бұған төзбейтінін, қысымнан шаршағанын айтады. Тіпті, қызметкерлердің жанайқайына облыс әкімдігі мен Денсаулық сақтау министрлігі құлақ асса деген пікірде.Ақмолалық дәрігерлердің де жалақысы аз
Бұл жолы Алексеев ауруханасының дәрігерлері шу көтерді. Айтуларынша, 204-216 сағатқа дейін атқарған адал ақы, маңдай терінің өтемақысын, яғни жалақысын ала алмай келеді. Олар «аз жалақыға жүктеме көп» деп отыр. Дәрігерлер жұмысшы санының аздығын, ал сыйақы мен жыл соңына дейін төленетін 13 жалақыны мүлдем көрмейтінін айтады. «Бізге маңдай терімізбен атқарған еңбегіміз үшін жалақымызды қанша талап етсек те, ала алмай отырмыз. Әрқайсымыз 204 сағаттан 216 сағатқа дейін жұмыс істейміз. 192 сағаттан артық жұмыс үшін үстемеақы төленбейді. Ал іс жүзінде 264 сағаттан жұмыс істегендер бар. Аурухана парағы үшін төлеу уақытында берілмейді. Сауықтыру сыйақыны не үшін төленбейтінін түсіне алмадық. Әкімшілік-шаруашылық бөлімінің жалақысын көтеруге қаражат табылғанда кіші буын қызметкерлеріне неге қаржы табылмайды?», – делінген Алексеев аурухана қызметкерлерінің ұжымдық өтінішінде. Алайда бас дәрігер қаржы жоқтығынан сыйақы төленбегенін алға тартады. «Дәл қазір мүлдем қаржы жоқ. Көптеген аурухана өз медициналық қызметкерлеріне сыйақы бере алмады. Мен мұнда жұмысқа келгенде орталықтың несиелік қарыздары 98 миллион теңге болған. Қызметкерлер сыйақыны мүлде алып көрмеген. Үш жылдың ішінде қарыздарды жауып, сыйақы бере бастадық», – деген Ақмола облысы психикалық орталығының бас дәрігері Камиль Раскулов әлі де болса, мәселенің оң шешім табатынына сенімді. Облыстық Денсаулық сақтау басқармасы қызметкерлердің жұмыс уақыты кестесіне сәйкес жүргізілетінін, олардың ай сайын есеп парағын алып отырғанын айтады. Олардың айтуынша, «Қызметкерлердің жалақысы Қазақстан Үкіметінің 1193 қаулысына сәйкес аударылады. Қызметкерлерге сыйақы 2021 жылдың маусымында медицина қызметкерлерінің күніне орай жүргізілген. Қызметкерлердің тарапынан жалақы бойынша психикалық орталықтың басшылығына шағым түспеген. Қызметкерлер ай сайын есеп парағын алып отырады». Бірақ бұл пікірге аурухана қызметкерлері келісіп отырған жоқ. Олар іс жүзінде мүлдем керісінше деп отыр. Әзірге басшылық пен қызметкерлер арасындағы даудың нүктесі қойылмаған секілді. Аймақтағы дәрігерлер мен жедел жәрдем стансасы жүргізушілері осындай наз айтады. Енді басшылыққа «арбаны да сындырмай, өгізді де өлтірмейтін» жол іздеген дұрыс шығар. Қалай десек те, халыққа қызмет көрсететін дәрігердің де «тамағы тоқ, қалтасы көк» болғаны дұрыс-ау...Айым БЕКТҰР