Батыр Бауыржан осылай деген екен. Бүгін – батырдың , қазақтың қайталанбас тұлғасы ныңтуған күні. Осыған орай жазушы Әзілхан Нұршайықовтың «Ақиқат пен аңыз» романынан үзінді беруді жөн көрдік.
– Рас, ол кітап менің ең алғаш рет орыс мектебіне оқуға келгеніммен аяқталады, – деп бастады Бауыржан әңгімесін, – Ол менің он екіні – «дбанасат», он алтыны – «шешнасат», он тоғызды – «дебатнасат» деп жүрген кезім болатын. Гончаровтар семьясы маған жабыла көмектесіп, тілімді жұмсартты. Бірге оқып жүрген орыс балаларымен күн сайын жақындасып, достаса бердім.
Өстіп, Евгеньевқа селосында мен бір қыс оқыдым. Келесі жылы Жамбыл қаласына, ол кезде Әулиеата деп аталады, келіп Аса интернатына түстім. Онда үш жыл оқып, бастауыш мектепті тәмәмдадым.
Ол кезде орта мектеп деген атымен жоқ. Жетіжылдықтың өзі алғаш рет 1924 жылы Шымкентте ашылды. Оған төрт кластық білімі барларды алады екен. Бірақ ондай білімді шәкірттер аз. Сондықтан үшінші класс бітірген бізді соған алды да кетті. Келсек, біз сияқты балалар Шымкентке жан-жақтан жиналып қалыпты. Қызылордадан Әбділда Тәжібаев келіпті. Қазалыдан келген бірнеше бала бар. «Қазақстан коммунисі» журналының қазіргі редакторы Құрманбек Сағындықов бәріміз сонда бірге оқыдық. Біз оқыған тұңғыш жетіжылдық мектептің үйі Шымкентте әлі күнге дейін бар. Бүгінде ол Совет Одағының Батыры Қарсыбай Сыпатаев атындағы қазақ орта мектебі. Жетіжылдықты біз 1928 жылы бітіріп шықтық...
Автор. Осы арада бір жанама сұрақ қоюға рұқсат етіңіз, Бауке.
Бауыржан. Қойғын.
Мен тізіп алған сұрақтарымның біріншісіне көз қиығын салдым да, одан соң өзім жазу жазып отырған кішкентай үстелдің үсті мен Бауыржанның жан-жағын шапшаң шолып өттім. Оның айналасында бір пачка сигарет пен бір қорап сіріңкеден басқа қатты қару жоқ екеніне көзім жеткеннен кейін мырс етіп күліп жібере жаздадым. Бұл жерде есіме бір журналистің бірінші сұрағына Бауыржанның қалай жауап бергені түскен еді. Болгариядан Алматыға келген Пенков деген журналист Момышұлына жолығып, одан интервью алмақ болады. Бірақ Момышұлы ол кезде Москвада жатса керек. Бауыржанның «Бухарест» мейманханасында жатқан адресін алып, журналист оны іздеп барады. Сонда журналист жаңағы мен сияқты қағазына қарап алып, алғашқы сұрағын қояды: «Сізді соғыста батыр болды дейді. Шыныңызды айтыңызшы: ешқашанда қорыққан жоқсыз ба?».
– Шынымды айтайын ба? – деді Бауыржан оған.
– Тек қана шыныңызды айтыңыз, – дейді журналист жымиып.
Бауыржанның үстелінін үстінде үлкен бір пышақ жатыр екен. Ол көзі аларып, мұрты тікірейіп, сол пышақты бас салады да, орнынан шапшаң атып тұрып, журналистке қарай құлаштап сермеп кеп қалады. Жаңа ғана күліп отырған журналистің түсі құп-қу боп кетіп, орындығымен шалқасынан құлап түсе жаздайды.
– Сіздің бірінші сұрағыңызға жауап бердім ғой деймін. – Бауыржан осылай деп журналистке бас иеді. Журналист апалақтап басын изейді. – Енді екінші сұрағыңызды қойыңыз, –деп қолындағы пышақты үстелдің шетіне лақтырып жіберіп, орнына отырады.
Бауыржанның бұл оқиғасын бізге сол сәтте оның қасында болған бір жазушы айтып келген еді. Сол ойқыма түсіп күліп жібере жаздаған мен тез ернімді жиып, Бауыржанға былай деп бірінші сұрағымды қойдым:
– Сіз бала күніңізде қандай кітаптарды қызыға оқыдыңыз, Бауке?
Бауыржан. Сен бұл сұрағыңды «бала күніңде және ересек кезіңде» деп қойғын. Мен бәріне бір-ақ жауап берейін.
Автор. Солай болсын онда.
Бауыржан. Мен жас кезімде де, ересек күнімде де көп оқыдым. Осы күнге дейін кітаптан бас алмаймын. Құныға оқығандарым француз, орыс және испан классиктерінің кітаптары. Диккенсті түсінбедім, аяғына дейін оқи алмадым. Менің кітапты көп оқуыма негізгі себеп қызмет бабына байланысты үнемі жалғыз жүруім болды. Мәселен, мен бес жыл Қиыр Шығыста, Тайгада жүрдім. Күндізгі қызмет біткеннен кейін кешке үйде жалғыз қаласың. Осы жалғыздықты жою үшін әдебиетті көп оқуға машықтандым. Қазақ жазушыларының арғы-бергілерінің бәрін де оқыдым. Жә, енді мен саған жаңағы негізгі әңгімемнің желісін жалғастырайын.
1928 жылы Шымкентте жетіжылдық мектепті бітірдім дедім ғой. Осы күнгі КазПИ ол кезде Орынборда еді. Аздап оқудың дәмін татып алғаннан кейін енді соған түсіп оқығым келді. «Ойладың – орындадың» деген сөз бар емес пе орыста. Сол айтқандай, ойға алуым-ақ мұң екен, Орынборға тарттым да кеттім.
Орынбор деген жер суық болады екен. Жұқа киіммен барған мен дірдектеп, жанымды қоярға жер таба алмай жүрдім. Институттың директоры Тоқтыбаев деген қазақ екен. Бір күні бүрсеңдеп институтқа кіріп келе жатыр едім, сол кісі кездесе кетті де:
– Әй, қарағым, бері келші, — деп мені кабинетіне ертіп апарды. Тоқтыбаевтың үнемі маған көзі түсіп, күйсіз жайымды аңғарып жүреді екен. Ол бірден өз ұсынысын айтты. – Мына киіміңмен, шырағым, сен Орынборда оқи алмайсың, ауруға шалдығуың мүмкін. Адамға алдымен денсаулық керек. Мә, мына қағазды бухгалтерге апарып, ақша ал да, еліне қайт.
Мінеки, мен ВУЗ-дың есігін осылай жаптым.
Сонымен, сорайып Жуалыдағы ауылға қайтып келдім. Келе сала әкемнің 2- 3 қойын сатқызып, кебіс кидім, пальто, малақай сатып алдым. Өстіп, шыт жаңа болып киіндім де, гүбірналық (ол кезде Жамбыл, Шымкент, Қызылорда үшеуі бір гүбірна болатын) оқу бөлімінің бастығы Әшіров деген кісіге келдім. Оған өзімнің жеті класс бітіргенімді, тұрмыс жағдайыма байланысты Орынбордан қайтып келгенімді айтып, қызмет сұрадым. Әшіров қуанып кетті.
– Сен сияқты білімі бар қазақ баласын іздеп таба алмай жүрміз ғой, шырағым-ау. Кәне, мен сені мұғалім етейін, – деп қолыма бір жапырақ қағаз жазып берді. Сөйтіп, екі жыл бастауыш мектепке мұғалім болдым.
Ол тұс ел басқару ісіне баулу үшін жергілікті ұлт адамдарын жоғары қызметтерге көтеріп жатқан шақ еді. Біздің Бурныйда да икемі бар қазақтарды жоғарылата бастады. Бір жақсысы олардың орынбасарлары мамандар, орыстар болатын. Білімі аз басшыға істің мән-жайын солар үйретіп отыратын. Сол тұста бір күні менің де жоғарылап шыға келгенім бар емес пе. Ол былай болды.
Ол кезде райкомда да екі-ақ адам: секретарь мен есепші, райисполкомда да екі-ақ адам: председатель мен жауапты секретарь жұмыс істейтін. Райкомымыздың секретары Кабаков деген кісі де, райисполком председателі Дүйсенғали Бурабаев деген семинария бітірген бұрынғы мұғалім еді. Аудандық атқару комитетінің жауапты секретары Губанов деген адам орнынан түсіп қалды да, райком мен райисполком оның орнына кандидатура таба алмай састы. Бурабаев өзі бұрын мұғалім болған соң ба, кім білсін, әйтеуір, маған тоқтаса керек. Сонымен мені, ай-шайға қаратпастан, аудандық атқару комитетінің жауапты секретары етіп тағайындап кеп жіберді.
Жауапты секретарьдың жұмысынан еш хабарым жоқ. Әйтеуір, оңаша кабинетім бар. Қалқиып сонда отырамын. Оңаша отырғаннан кейін менің не істеп, не тындыратынымды ешкім біліп жатқан жоқ. Сырт жұрт осы бірдеңе бітіріп отыр деп ойлайтын шығар. Ал ештеңені де ұқсата алмағаным өзіме аян. Бурабаев маған ана мәселе, мына мәселе жөнінде аудандық атқару комитетінің қаулысын, шешімін шығар, ана жерге қатынас жаз, мына жерге жарлық жібер дейді. Мен олардың қалай жазылатынын да білмеймін. Бірдеңелерді нобайлап, осылай болар деп тұспалдап, Бурабаевқа алып барамын. Бурабаев ұстамды педагог еді. Менің жазғандарымды алдына алып отырып, маған ұрыспастан, ренжіместен, ерінбей соларды бірі қызыл, бірі көк түсті қарындашпен түзететін де отыратын. Мен Бурабаев қып-қызыл ала етіп берген документтерді қайта көшірумен күн өткізетінмін. Содан кейін әр документтің соңына аудандық атқару комитетінің председателі Бурабаев деп ол қол қояды, жауапты секретары Момышұлы деп мен қол қоямын. Ал шындығына келгенде, аудандық атқару комитетінің председателі де, секретары да Бурабаев еді. Не керек, ақыры Бурабаев мені үйретіп шығарды. Сөйтіп, мен үш жыл аудандық атқару комитетінін секретары болдым.
Мен сол Бурабаевты күні бүгінге дейін ұмытпаймын. Менің орысша сауатты болуыма, іс қағаздарын дұрыс жазуыма сол кісі көмектесті. Жалғыз іс қағазы емес, менің газет, кітап оқып өсуіме де сол кісі жетекшілік жасады. Оқитын кітаптардың тізімін беріп, не оқығанымды тексеріп, газеттерден не оқып, не қойғанымды үнемі қадағалап, өзімді ысылдырып адам етті.
Автор. Сіз сол кездерде кім болсам деп арман еттіңіз?
Бауыржан. Мен ол кездерде тек қана қатарымнан қалмауды ғана ойладым.
Автор. Әскерде, соғыста қандай кітаптар оқыдыңыз? Қандай жағдайда, қалай оқыдыңыз?
Бауыржан. ...Толстойдың «Соғыс және бейбітшілігі» мен «Севастополь әңгімелерін», Пушкин мен Лермонтовтың әскери прозасын, адмирал Нахимовтың, адмирал Макаровтың, ағылшын адмиралы Нельсонның кітаптарын, қазақ кітаптары мен Абайды ешқашан да жанымнан тастаған емеспін. Мен Абайды ақын деп қана емес, ойшыл, философқа балап оқыдым. Барлап қараған және әскери көзбен қараған кісіге Абайдың өзі қып-қызыл соғыс. Рас айтамын. Мәселен, оның «Жасымда ғылым бар деп ескермедім» деген өлеңін алшы, жатқан соғыс емес пе?
Автор. Сіздің көзіңізбен қарағанда солай шығар, Бауке?
Бауыржан (алая қарап алып, сөзін ары қарай жалғады). Москва түбінде тұрғанда Қазақстаннан алдырып, Шоқан Уәлиханов шығармаларының ертеде шыққан басылымын оқыдым. Ал «Абай» романының бірінші кітабы менің қолыма соғыста жүргенде тиді. Өз қолымен автограф жазып оны Мұқаңның өзі жіберді. Мен оны оқып шығып, Мұқаңа арабша 6 бет хат жаздым. Мұқаң менің кітапқа берген бағама разы болып, 3 бет жауап жолдады. Содан соң Сәбит автограф жазып «Жұмбақ жалауын» жіберді. Мен оны сонау Қиыр Шығыста жүргенде оқыған едім. Бұл білетін адамдардың жібергендері. Ал мен мүлде білмейтін адамдардан және 2 кітап алдым. Олар Омар Һайямнің өлеңдер жинағы мен Сағдидің «Бустан» атты кітабы. Екі кітапты жіберген де Москва әйелдері екен. Олар мен жайында журналдан оқып, қолдарына түскен бұл кітаптарды маған сыйлық ретінде жолдапты. Олардың біреуі былай деп хат жазыпты: «Сіздің Москваны қорғаудағы ерлігіңізге сүйсініп және Сізді өз үйіміздің ең жақын жанашыры деп есептеп, қолыма бүгін ғана түскен осы кітапты Сіз оқысын деп жолдап отырмын». Екеуін де оқыдым. «Бустан» кітабы әлі күнге дейін бар. Омар Һайям кітабын жоғалттым.
Автор. Екеуі де әйел дейсіз бе?
Бауыржан. Иә, әйел деген ең сезімтал халық қой. Бұл менің әскерде, соғыста қандай кітаптар оқығаным жайында. Ал енді қалай оқыдың дейсің ғой? Уставта «Командирдің ойы» деген тарау бар. Оның мәні командирдің алған бұйрығын саналы түрде жүзеге асыруы үшін оның ойланып, толғануына уақыт беру деген мағынаға саяды. Мен қатал болғаныммен ұшқалақ командир болғаным жоқ. Бұл мақтан емес. Мен үлкен командирдің өзінен кіші командирлерді, соңынан қалмай қайта-қайта өкшелей бергенін ұнатпаймын. Бұйрығыңды бер. Оның ойлануына уақыт қалдыр. Орындалғанын уақытында тексер. Менің қағидам осы. Солдаттар мен командирлер арасында 3-4 сағат болып, тиісті бұйрығымды бергеннен кейін мен жертөлеге қайтамын. Келемін де жазбаларымды жазамын. Аяқталмаған кітаптарымды оқып бітіремін. Ал мен еш кітапты сызып, белгі салып, оқыған кісі емеспін. Олай ету адамның ойын бөледі. Ол кезде мен стильге назар аудармайтынмын. Оқырман ретінде ғана оқитынмын. Онда оқығанымның бәрі тасқа түскен бедердей болып, ойымда ұмытылмай сақталып қалатын. Уставтың кез келген статьясын, кез келген қолбасшының нақыл сөздерін жатқа соға беретінмін. Бұл сұрағың бітті ме? Енді ары қарай кетейік.