21 желтоқсанда Өскемендегі Титан магний зауыты аумағында қызғылт түтін пайда болып, қала тұрғындарын алаңдатқан еді.
Бүгін облыстық Экология департаментінің басшысы Данияр Әлиев осы жағдайға қатысты пікірін білдірді.
«Бізге хлор цехында 4 құбырға тазалау жұмыстары жүргізілгенін хабарлады. Қызғылт түтін содан пайда болған. Кәсіпорын өкілдері ауаға тараған хлор көлемі көп емес деп отыр, бірақ сіз бен біз байқағандай, ауаға көп мөлшерде хлор тарады. Мұны комиссия анықтайды», – деді ол.
Департамент басшысы осы жағдайға қатысты ақпараттың неге кешіктірілгенін де түсіндірді.
«21 желтоқсанда ТМК аумағында қызғылт түтін шыққанда өндірістік қауіпсіздік және төтенше жағдай саласы мамандарымен бірлесе жұмыс жүргіздік. Бірақ ол күні кәсіпорынға кіре алмадық, сағат 17:00-ден кейін онда жұмысшылар болмады. Мұндай жағдай бізде жиі кездеседі. Мұны білмейтін жұртшылық бізді сөгіп жатады. Сондықтан алдағы уақытта жоғарыда атаған сала мамандарынан арнайы комиссия құрылса, комиссия мүшелері төтенше жағдай кезінде кедергісіз жұмыс істесе жөн болар еді», – деді Д.Әлиев.
Азамат Қасым, Шығыс Қазақстан облысы