Қазақстан өлім жазасынан бас тартты. Толығымен! Бұған дейін ең жоғары жазаны шетелдік агрессия, геноцид секілді соғыс кезінде жасалған ауыр қылмыстар үшін сақтауға шешім қабылданған-тын. Жалпы, БҰҰ құжаттары мемлекеттерге ерекше жағдайда осы жазаны қолдануға рұқсат етеді. Бұл әр мемлекеттің тәуелсіздігі мен жерінің тұтастығын сақтау үшін қажет. Ендеше Қазақстан не себепті бұл құқығын тәрк етті?
Өлім жазасы басқыншыдан қорғай ма?
Мәжіліс «Қылмыстық кодекске өлім жазасы мәселесі бойынша өзгерістер мен толықтыру енгізу туралы» заң жобасын 2021 жылғы 13 қазанда мақұлдады. Ал Президенттің қол қоюына жолданып жатқан қазіргі соңғы нұсқасы одан өзгешеленеді. Біріншіден, заң жобасының атауы өзгерді. Енді ол «Кейбір заңнамалық актілерге өлім жазасын жою мәселесі бойынша өзгерістер мен толықтыру енгізу туралы» деп аталады.
Екіншіден, заң жобасының Үкімет енгізген бастапқы нұсқасы тек Қылмыстық кодекске өзгерістер енгізеді: өлім жазасы оның 13 бабынан алып тасталды. Енді соңғы нұсқасында өлім жазасы елдегі барлық заңнан түп-тамырымен жойылып отыр. Яғни, ұлттық заңнамада өлім жазасы деген ұғымның өзі қалмайды.
Үшіншіден және ең бастысы – заң жобасының алғашқы нұсқасы арқылы мемлекет ерекше жағдайда осы аса қатал жазаны қолдану тетігін сақтап қалмақ болды. Солай жасаса, халықаралық міндеттемелерін бұзбайтын. Өйткені республика 2005 жылы БҰҰ-ның «Азаматтық және саяси құқықтар туралы пактісін» ратификациялады. Оның 6-бабына сәйкес, мемлекеттер өлім жазасын тек қана айрықша ауыр қылмыс жасағаны үшін тағайындауға мүмкіндік алды. Қазақстан осы шартты басшылыққа ала отырып, БҰҰ-ның Екінші факультативтік хаттамасын төл ескертпесімен бірге қабылдады.
Ескертпеге сәйкес, Қазақстан соғыс уақытында жасалған әскери сипаттағы аса ауыр қылмыстар үшін сот кінәлі деп таныған қылмыскерлерге өлім жазасын қолдану құқығын өзіне қалдыруға ұйғарды. Мәжіліс соғыс жағдайында мемлекеттің қылмыскерлерге ауыр жаза қолдануы легитимді болуы үшін биыл 13 қазандағы жалпы отырысында бұл ескертпені мақұлдады. Тиісінше, Қылмыстық кодекстің 4 бабында осы жаза сақталатын болды.
Жалпы, ол қандай қылмыстар еді? Бас прокурордың орынбасары Әсет Шындалиевтің айтуынша, бұлар – бейбітшілік пен адамзат қауіпсіздігіне қарсы бағытталған аса ауыр қылмыстар. Бұл қылмыстар тікелей соғыс әрекеттерімен, майдандағы ұрыспен байланысты болуы және соғыс кезінде жасалуы тиіс.
– Бұған біріншіден, Қазақстанға қарсы басқыншылық соғысты, агрессияны тұтандыру және оны жүргізу, екіншіден, жаппай қырып-жою қаруын қолдану, үшіншіден, әскери тұтқындар мен азаматтық тұрғындарды өлтіру арқылы соғыс заңдары мен дәстүрін бұзу, төртіншіден, соғыс уақытында жасалған геноцид жатады. Бұл баптар соғыс уақытында саны көп адам өлтіргені үшін жауапқа тартуды көздейді, – деді ол. Осы санаттар БҰҰ-ның Экономикалық және әлеуметтік кеңесінің қарарына сәйкес өлім жазасы көзделген әрекеттер тізімі, сондай-ақ Халықаралық қылмыстық сот жарғысы – «Рим статуты» негізінде анықталыпты.
30 жылда 536 үкім орындалған
Мәжіліс заң жобасын екінші оқылымда 2021 жылғы 8 желтоқсанда қарады. І және ІІ оқылым арасында жағдай өзгеріп кетті. 16 қарашада Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің алтыншы отырысында Президент Қ.Тоқаев аталған заң жобасы құқық қорғаушыларымыз арасында қызу пікірталас туғызғанына назар аудартты. «Адам құқығына арналған хартия» қоғамдық қорының директоры Жеміс Тұрмағамбетова «өлім жазасын жою мәселесі түпкілікті шешілмегенін» айтқан. Құқық қорғаушылар соғыс жағдайында агрессорлар, геноцид жасаушылар және көп адамды қырған қылмыскерлерге де ең жоғары жаза тағайындауды «заң жобасының олқылығы» деп санайтынын жеткізген.
Сондықтан Мемлекет басшысы «өлім жазасы ешбір жағдайда ешкімге қолданылмайтындай етіп, біржола жойылуы тиіс» деп ұсынды.
Екінші оқылымда Мәжіліс осы байламға келісті.
Өлім жазасынан бас тарту – гуманизм жолындағы маңызды бір қадам. Осы қадамды жасау үшін мемлекет ұзақ дайындалды. Қазақстанда осы жазаны қолдану аясы біртіндеп кеми бастады. Салыстыру үшін айтсақ, тәуелсіздіктің бастапқы жылдары өлім жазасы 26 аса ауыр қылмыс үшін тағайындалатын. Кейін ол жаза 1997 жылғы Қылмыстық кодекстің 18 бабында ғана қалды. Ал 2014 жылы қабылданған, қолданыстағы Қылмыстық кодекстің 17 бабында өлім жазасы сақталды. Барлық санкцияда балама ретінде өлім жазасын өмір бойы бас бостандығынан айыру ұсынылады. Соттар соны белсенді қолданды. Мысалы, 31 қылмыскер бұған дейінгі рақымшылық нәтижесінде өлім жазасына кесілуден құтылып кеткен.
2016 жылғы 18 шілдеде Алматыдағы Алмалы аудандық Ішкі істер басқармасына, ҰҚК департаментінің ғимаратына және салық органына қарулы шабуыл жасап, он адамды өлтірген Руслан Күлекбаев соңғы он жылда өлім жазасына кесілген бірінші адамға айналды. Үкім орындалған жоқ.
Бірақ тәуелсіздіктің 30 жылы ішінде өлім жазасы туралы 536 үкім орындалды. Соның ішінде соңғы үкімдер 2003 жылы жүзеге асырылып, 12 адам сот шешімімен өлтірілді. Қазақстанда ең жоғары жаза «атып тастау» арқылы жүзеге асырылады. Әлемдегі өзге елдерде өлтіретін инъекция енгізу, дарға асу, басын шабу секілді тәсілдер қолданылады.
Шегінуге жол жоқ...
Өлім жазасынан толық бас тарту жолындағы алғашқы маңызды шешім – 2003 жылы Елбасының мерзімсіз мораторий енгізу туралы Жарлыққа қол қоюы болды. Бұл шешім өлім жазасын толық жойған кезге дейін қолданылады және қазір де күшінде. 2005 жылы республика Азаматтық және саяси құқықтар туралы пактіні ратификациялады. Одан кейін 2006 жылы Еуроодақтың өлім жазасын жою туралы үндеуіне қосылды. Қазақстан 2007 жылы БҰҰ-ның Өлім жазасына мораторий енгізу туралы резолюциясын қолдады.
Енді, міне өзге сатыларды аттап өтіп, бірден шыңға шықпақ: өлім жазасынан толық ада елге айналады. Сөйтіп, осы қатыгез жазадан заң жүзінде де, тәжірибеде де түбегейлі бас тартқан жүзден аса мемлекеттің қатарына қосылды.
Amnesty International дерегінше, осы ұйым жұмысын бастаған 1977 жылы дүниежүзінде тек 16 ел өлім жазасынан толыққанды бас тартыпты. Бүгінде бұл қатарға 108 мемлекет кіріп отыр. Ал бұл – әлемдегі елдердің жартысынан астамы. Қалған мемлекеттердің үштен екісінен астамы – заңында болғанымен, өлім жазасын тәжірибеде қолдануды тоқтатты. Осылайша, өлім жазасы үкімі жүзеге асырылмайтын елдердің жалпы саны 150-ден асты.
«2020 жыл қорытындысында жаһандағы 54 елде 1 477 өлім жазасы тіркелді. Бұл 2019 жылғыдан 36%-ға аз: бір жыл бұрын 2 307 өлім жазасы туралы үкім шығарылды. Жалпы алғанда, 28 567 адам өлім жазасына кесілді. 2020 жылы өлім жазасының көбі Қытайда, Иранда, Мысырда, Иракта және Сауд Арабиясында орындалды. Қытай әлемдегі басты жендет болып тұр. Алайда ҚХР-дағы өлім жазасын қолданудың шынайы ауқымы белгісіз: ол туралы деректер мемлекеттік құпияға жатады. Бұл елде осындай мыңдаған жаза жүзеге асырылуы мүмкін деген дерек бар», – деп хабарлады Amnesty International.
Сонымен, күні кеше 2021 жылғы 23 желтоқсанда ел Парламенті «Кейбір заңнамалық актілерге өлім жазасын жою мәселесі бойынша өзгерістер мен толықтыру енгізу туралы» заңын қабылдап, Президенттің қарауына жолдады. Бұл – тарихи оқиға. Мемлекет басшысы қол қойғаннан кейін заң келесі жылы күшіне енеді.
Жаңа заңға сәйкес, бұрын өлім жазасына кесілген қылмыскерлердің жазасы өмір бойға бас бостандығынан айыру жазасына ауыстырылады. Ал өмір бойы сотталғандардың кейбірінің ширек ғасырдан соң бостандыққа шығуға мүмкіндігі бар екені мәлім.
«Өлім жазасына кесілген адамдарды шартты түрде мерзімінен бұрын босатуға тыйым салынатын, ал осы заң қабылданғаннан кейін олар үшін ең ауыр жаза сол адам сотталған баптың санкциясы шегінде бас бостандығынан айырумен алмастырылатын болады», – дейді Сенаттың Конституциялық заңнама, сот жүйесі және құқық қорғау органдары комитетінің төрағасы В.Волков.
Жалпы, қоғамда «өлім жазасын қолдануды толық жою аса ауыр қылмыстардың өршуіне әкелмей ме?» деген сауал айналасында қызу талқылау жүрді. БҰҰ мен халықаралық сарапшылардың зерттеуі өлім жазасынан түбегейлі бас тартқан кейбір елде аса ауыр қылмыстар санының аса көбеймегенін, бірқатарында керісінше азайғанын көрсетіпті.
Қалай болғанда, енді бұл мәселеде Қазақстан кері шегіне, артқа қарай қадам жасай алмайды. Өлім жазасын қайта енгізген елдерге қатаң санкция салынатындықтан, одан бас тартқан бірде-бір ел ескі тәжірибеге қайта орала алмады.