Сапалы білім жолында Yessenov University – Маңғыстау өңірінің бірегей білім ордасы

Сапалы білім жолында Yessenov University – Маңғыстау өңірінің бірегей білім ордасы

Білім мен ғылымды тоғыстырып, талапкерді білімнің биігіне шыға­рып, ғылымның өріне шыңдап келе жатқан қасиетті шаңырағымыз Ш.Есенов атындағы Каспий техно­ло­гиялар және инжиниринг универ­ситетінің биыл 45 жылдық мерей­тойын атап өтіп жатырмыз. Оқу орны Маң­ғыстау өңірінің жедел дамып келе жатқан әлеуметтік-экономи­калық салаларына мыңдаған ма­ман даярлап, экономикалық-ша­руа­шы­лық, мұнай-газ, құқық, оқу-ағарту, құрылыс және басқа да бағыттардың өркендеуіне қомақты үлес қосып ке­леді.

Өндіріске қажетті мамандарды жергілікті жерде дайындау қажеттілігі:

Yessenov University брендімен «ашық­тық, ықыластылық, креативтілік» сынды құндылықтарды ұлықтап, қазақ­стандық жоғары білім саласында өзіндік орнын айқындай алған оқу орны бүгінде өңірі­міздегі жоғары білім мен ғылымның, мәдениеттің орталығына айналып отыр. Өткен ғасырдың 60-жылдарында өңірімізде мұнай, газ кен орындарының иге­ріле бастауы, атом стансасының са­лынуы, тау-кен, металлургия, теңіз суын тұшыту секілді салалардың дамуы Маң­ғыс­таудың тамырына қан жүгіртіп, өлке экономикасын жаңа сапалы сатыға көтерді. Осындай өндірістік дүмпу білікті мамандарды, ең алдымен инженер-техник кадрларды көптеп қажет етті. Бұл кезде мұнай кен орындарын барлау мен өндіру ісіне тартылғандар, негізінен Ресей жоға­ры оқу орындарында және Алматыдағы политехникалық институтта оқыған са­наулы ғана адам болатын. Ол кезде облыстағы мұнай саласына мамандар даярлауды жүзеге асырып отыр­ған жалғыз ғана орталық – Мәс­кеудегі Бүкілодақтық сырттай оқытатын политех­никалық институттың Шевченко (қазіргі Ақтау) қаласындағы оқу-кон­суль­тациялық пункті болатын. Алайда бұл оқу орны об­лыстағы білікті мамандар зәрулігін толық қанағаттандыруға қау­қарсыз еді. Бұл мәселенің шешілуіне сол кездегі Маңғышлақ облыстық партия комитеті­нің бірінші хатшысы Т.Әшімбаев, ҚазССР жоғары және орта кәсіптік білім министрі Т.Катаев және Қазақ политех­ни­­калық институтының ректоры А.Омаров пен кешкі және сырттай оқу жөніндегі прорек­торы М.Б. Батыр­бе­ков­тердің табандылық танытқанын, бұл мәселені Д. Қонаев бас­қарған республика басшылығының қол­дағанын түбек тұрғындары жақсы біледі. 1976-1983 жылдар аралығында Маң­ғыстау өңірінде тұңғыш жоғары оқу орны­ның негізі қаланып, өнеркәсібі өркендеп келе жатқан облысымыздағы мамандар даярлайтын орталық ретінде орнығуына оған сол жылдары басшылық жасаған тәжірибелі ұйымдастырушы, талантты ғалым Кеңесбай Табылдиев көп еңбек сіңірді. 1983-2001 жылдары оқу орны В.Ленин атындағы Қазақ политехника­лық инс­титутының Жалпытехникалық факуль­тетінен ҚазПТИ-дің Ақтау фи­лиалы, сосын Атырау университетінің Ақтау филиалы секілді аралық баспал­дақтардан өтіп, өз алдына дербес жоғары оқу атанды. Белгілі геолог ғалым, Маң­ғыстау мен Батыс Қазақстандағы мұнай-газ кен орындарын алғаш ашушы, ленин­дік және ҚР Мемлекеттік сыйлықтары­ның лауреаты Шахмардан Есенұлы Есе­новтің есімін мәңгі есте қалдыру мақ­­сатында Маңғыстау облысы басшы­лығының ұсынысымен Министрлер Кабинетінің 1995 ж. 1 шілдедегі № 767 қаулысымен Ақтау мемлекеттік универ­ситетіне академик Ш.Е.Есеновтің есімі берілді. Бұл жылдардағы университеттің даму тарихы көрнекті ғалым, ректор Есберген Божановтың есімімен тікелей байланысты. 2001-2005 жылдар аралығында жаңа заманның талаптарына сәйкес жаңа университеттің бейнесі қалыптасты, ма­териалдық-техникалық базасы нығайып, еліміздің жоғары оқу орындары арасын­дағы беделі өсті, халықаралық деңгейде таныла бастады. Бұл кезеңде универси­тетті белгілі ғалым, тәжірибелі ұйымдас­тырушы Әшімжан Ахметов басқарды. 2005 жылдан университет дамуының жаңа көркею кезеңі басталып, кең кө­лемдегі қайта құрулар жүзеге асырыла бастады. Университет ректорлары болып 2005-2013 жылдары Әбдімүтәліп Әбжаппаров, 2013-2017 жылдары Әділбек Ботабековтер табысты еңбек етіп, оқу орнының көркеюіне қыруар үлес қосты.

Жаңа кампустың ашылуы

Университет тарихындағы елеулі оқиға оқу орнының жаңа кампусының салынып, 2009 жылы пайдалануға берілуі болды. Сол кездегі облыс әкімі Қ.Көшербаев пен уни­верситет ректоры Ә.Әбжаппаровтың та­банды еңбегінің арқасында бой көтерген жаңа бас ғи­марат, спорт кешені, студенттер жатақха­насы мен оқытушыларға арналған тұр­ғын үйді бір жерге шоғырландырған бұл кешен күннен-күнге қанатын кеңге жая түсуде. Қазір мұнда екінші жатақхананың құ­рылысы жүріп жатса, таяу жылдарда тағы бір жатақхана, көпқызметті оқу кор­пусы, Теңіз академиясының оқу корпусы мен 3000 орындық стадионның құрылысы, сту­денттерге арналған саябақ құрылысы жоспарлануда. Университеттің жаңа ғимаратының салынып, құрылыс жұмыстарының одан әрі жалғасын тауып, қарқынды жүргізілуі Елбасы Н.Назарбаев пен Президент Қ.Тоқаевтың тікелей қамқорлығының ар­қа­сында жүзеге асырылып отырғанын айту лазым. 2007 жылы Маңғыстау облысы да­муының таныстырылымы болған кезде Ақтау қаласында бой көтермек Ш.Есенов атындағы Каспий мемлекеттік техно­логиялар және инжиниринг универси­те­тінің қалашығының жобасына Елбасымыз ақ батасын берген болатын. 2010 жылы маусым айында Маңғыстау облысына жұмыс сапарымен келгенде Елбасы Н.Назарбаевтың Каспий мемлекеттік уни­вер­ситетінде болып, университет ұжымы­мен кездесуі жоғары оқу орнының тари­хын­дағы ерекше оқиға болды. Елбасы универ­ситеттің құрметті меймандар тілек жазатын Құрмет кітабына алғашқы болып өзінің ақ тілегін жазып, қолтаңбасын қал­дыруының өзі оқу ордасының мерейін асқақтата түсті.

Университеттің заман талабына сай бейімделуі

Теңіз академиясының ашылуы сапалы теңіз мамандарын дайындауға жасалған сәтті қадам болды. Қазіргі таңда осы ба­ғыт­ты жандандыру мақсатында шетелдің теңіз мамандарын дайындайтын уни­вер­си­теттерімен және осы өңірде қызмет ете­тін теңіз мекемелерімен ке­лісімшарт жаса­лынды. Университетте теңіз, мұнай-газ ісі мамандықтары бойынша үш дип­ломдық бағдарламаны жүзеге асыру қолға алынып, студенттері­міздің шетелдік уни­верситеттердің дипломына ие болу мүм­кіндігі туды. Соңғы жылдары Есенов универ­си­тетінде уақыт талап етіп отырған үдеден шығып, жоғары білім мен ғылымды да­мытудың заманауи талаптары тұрғысы­нан тың өзгерістерге бой ұруға деген құлшыныс күшеюде. Мұндай талпыныс, әсіресе кейінгі жылдары ерекше қар­қынмен – маз­мұндық та, құрылымдық та тұрғыдан көрі­ніс тауып, тек универси­тет оқытушы­лары мен білім алушылары­ның ғана емес, жалпы облыс тұрғындары­ның көңілі­нен шығуда. Қолға алын­ған тиімді шара­лар­дың арқасында та­лап­керлердің атал­мыш оқу орнына деген қызығушылығы күшейіп, университет контингенті бес жыл ішінде 3 256 студенттен (2016 ж.) 8 363 сту­дентке дейін (2021 ж.) көбейді. Уни­верситет жаны­нан ашылған колледжде қазіргі таңда 1 500-ден астам студент білім алуда. Жаңа кезең талаптарына жаңарған бағдарламаларда 2018/2019 оқу жылынан бастап «Төңкерілген сынып» моделі ая­сында оқытудың аралас әдістерінің үлес салмағы арттырылды. Қазіргі уақытта «Төңкерілген сынып» моделіне 18 білім беру пәні көшті, пәндердің 85%-ы скрин­кастармен қамтамасыз етілген. Елбасы ұсынған «Ұлт жоспары – бес институционалдық реформаны жүзеге асыру жөніндегі 100 нақты қадам» бағ­дар­ламасының 77 және 78 қадамдарында: «Экономиканың алты негізгі саласы үшін он алдыңғы қатарлы колледж бен он жоғары оқу орнында білікті кадрларды әзірлеу, кейіннен бұл тәжірибені еліміздің басқа оқу орындарына тарату», «Назарбаев университеті тәжірибесін ескере отырып, жоғары оқу орындарының академиялық және басқарушылық дер­бес­тігін кезең-кезеңімен кеңейту» қарас­тырылған бола­тын. Осыған сәйкес, 2020 жылы Ш.Есенов атындағы Каспий тех­но­логиялар және инжиниринг универси­теті мемлекеттік ста­тустан коммерциялық емес универси­тетке айналды. Есенов университеті 2021 жылдан бастап өзіндік үлгідегі дипломдарды бере бастады. Бұл өзінің академиялық дер­бестігін кеңейтудегі маңызды қадам болды. Өзіндік үлгідегі алғашқы дип­ломға 2021 жылғы түлектер ие болды. Университеттің халықаралық қыз­метін ілгерілету үшін жетекші жоғары оқу орындарымен ғылым және білім беру саласындағы ынтымақтастық туралы меморандумдарға қол қойылды. Бүгінгі таңда Есенов университеті мен шетелдік әріптес жоғары оқу орындары арасында Білім және ғылым саласындағы ын­ты­мақтастық туралы 100-ден астам мемо­рандум мен шарт жұмыс істейді. Университеттің заманауи материал­дық-техникалық базасы бар, ғылыммен белсенді айналысатын оқытушыларға барлық қа­жетті жағдай жасалған. Зерттеулер 50 оқу және ғылыми, 2 зерттеу зертханасында жүргізіледі. Қазіргі уақытта университетте 30 ғылым докторы мен доктор PhD (23 штаттық және 7 қосымша), 107 ғылым кандидаты (23/7), 124 ғылым магистрі (116/8) қызмет істейді. Жалпы профессор-оқытушылар құрамы­ның ғылыми дәре­желілігі 41%-ды құрай­ды. Есенов университетінің 48 бака­ла­вриат, 22 магистратура және 4 докто­рантура білім беру бағдарламасы бойынша қолданылу мерзімі шектеусіз, жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру саласында білім беру қызметін жүр­гізу құқығына мем­лекеттік лицензиясы бар.

Yessenov University жаңа мүмкіндіктер әлемінде

Университетте Туризм және тілдер, Бизнес және құқық, Инжиниринг, Білім беру мектебі, Ғылым және технологиялар факультеттері, Теңіз академиясы және әскери кафедра, колледж жұмыс істейді. Теңіз академиясында кеме экипаждарын оқыту үшін оқу-жаттығу стансасын ашу жоспарлануда. Жастардың өз деңгейінде толықтай білім алуына түрлі жағдай жасалған. Білім беру бағдарламалары қайтадан жаңар­тылып, мазмұны толысқан. Мәселен, дуалды білім беру бойынша ин­жиниринг, туризм, мұнай және газ мамандықтары бойынша қонақүйлерде, жұмыс беруші орындарда тәжірибеден өте жүріп оқуға мүмкіндік жасалған. Ал Теңіз академия­сының студенттері курсты шетелдік уни­верситеттерде жалғастырып, қос диплом алуға мүмкіндігі бар. Аталған бағдарла­ма­лар арқылы білім алушылар мамандықты жан-жақты игереді. 1 250 орындық 3 студенттік жатақха­нада білім алушылар үшін барлық жағдай жасалған. Маңғыстау ауданында «Жың­ғылды» оқу-өндірістік базасы мен теңіз жағалауында «Тофу» сауықтыру студент­тік кешені жұмыс істейді. «Тофу» студент­тер демалыс орталығы Ақтау қаласының тұр­ғындарына, қонақтарына және студенттер мен оқытушыларға қызмет көрсетеді және университеттің «Туризм» білім беру бағ­дарламасы бойынша білім алушы сту­денттері тәжірибеден өтіп, теория мен тәжірибені ұштастырады. Қазіргі таңда Есенов университеті Кас­пий маңы елдерінің мемлекеттік уни­верситеттері қауымдастығының, Жоғары білім беру мекемелерінің Еуропалық қауымдастығының, Университеттердің Ұлы Хартиясының, Инженер-мұнай­шы­лар қоғамының, ҚР ЖОО қауымдас­тығының және Association of Silk Road Countries/Universities and Consulting Companies мүшесі болып табылады, сондай-ақ халықаралық теңіз универси­тет­тері қауымдастығына (IAMU) кіру бойынша жұмыстар жүргізілуде. Тәрбие және әлеуметтік жұмыс бағы­тын­дағы негізгі мақсат – Yessenov University-ді дарынды жастарды тарту орталығына айналдыру, университеттегі әрбір жастың бойындағы жақсы қасиет­те­­рін, талантын ашуға, ел мен қала эконо­микасынан өз орнын табуға, өзін жаһан­дық әлемнің бір бөлігі ретінде то­лық сезінуге қол ұшын беру. Сөйтіп, бола­шақ мамандардың тұлғасын толық­қанды да­мыту үшін қолайлы орта мен қауіпсіздікті қамтамасыз ету. Yessenov Fest фестивалі аясында талантты және дарынды жастарды қол­дау мақсатында республикалық пәндік олим­пиада, стартап жобалар конкурс­тары, YU Debate CUP республикалық пікірсайыс турнирінің, YU стартап, университет ұйым­дастырған пәндік олимпиада жеңім­паздарына жыл сайын Yessenov University-де оқуға 100 білім гранты бөлінеді. Есенов университетінің ең маңызды (үшінші) миссиясы, білім беру және ғы­лыми-зерттеулермен қатар қоғам өміріне белсенді қатысу болып табылады. Атал­ған бағыттағы негізгі бастамалардың бірі – «Қоғамға қызмет ету» жобасы. 2018 жылы осы жобаны сапалы жүзеге асыру үшін «Қазақстан халқы Ассамблеясы» кафедра­сының жанынан «Қоғамға қыз­мет ету» орталығы ашылды. Орталықтың негізгі мақсаты – «Қоғамға қызмет ету» пәні арқылы Маңғыстау облысының нақты әлеуметтік мәселелерін шешу бойынша студенттердің белсенді өмірлік ұстанымын қалыптастыру. Көмекке мұқ­таж жандарға қол ұшын беру адамзаттың ортақ миссиясы болғандықтан, өмірдің мәнін нақты жағдайларда, бір-біріне мейірімділік танытуда, бір-біріне қам­қорлық жасауда түсіну. Бұл жоба адами құндылықтарды, таусылмайтын адам­гер­шілік көзін, аза­маттық қоғам құрудың берік негізін, әр адамның өзінің зияткер­лік, шығарма­шылық әлеуетін жеке-жеке жүзеге асыру тәжірибесін дамытуға бағытталған. Есенов университетінің жаңа тарихы ЖОО-ның білім беру ұйымдары, сарап­шылар, ҮЕҰ-лар, азаматтық және кә­сіпкерлік сектор үшін интеллектуалдық алаң ретінде қалыптасуында, бұл да оның имиджін арттыра түсуде. Осы мақсатта университет YESSENOV FORUM бастама­сын көтеріп, жүзеге асыруда. Соның ая­сында елімізге және әлемге танымал сарапшылар, ой-пікір лидерлері бейресми жағдайда кәсіби идеяларымен және өз тәжірибелерімен бөліседі, бұл студенттердің, ЖОО қауымдастығының, тұтастай алғанда, жалпы аймақтың да­муына серпін береді. Облыстық теле­ком­па­­ниямен бірлесіп қолға алынған «7-қабат» пікірсайыс клубы да осының көрінісі. Бүгінгі Yessenov University – жоғары материалдық-техникалық базамен жарақ­тандырылған, білім алушылардың интел­лектуалдық және шығармашылық дамуы­на жан-жақты мүмкіндік беретін, ай­мақтың дәстүрлі және инновациялық кластерлері (мұнай-химиялық, логисти­калық, туристік, энергетикалық, теңіз т.б.) үшін мамандар даярлауды жүзеге асыруға икемді тұтас ғылыми-техника­лық инфра­құрылым болып табылады. Университет Маңғыстау облысының даму драйвері, аймақтағы инновациялық, технологиялық және әлеуметтік өзгеріс­тердің орталығы болуға ұмтылады.

45 жылдық – Yessenov Forum: жаңа мағыналар

2-3 желтоқсан аралығында асыға күт­кен Көкордамыздың 45 жылдық мерей­тойын атап өттік. Оқу орнының айтулы мерекесі шең­берін­де «Жаңа мағыналар» атты Yessenov Forum ұйымдастырылып, оның ашылу сал­­та­натына өңір басшысы Нұрлан Ноғаев, Каспий маңы мемлекеттерінің ЖОО және ғылыми-зерттеу орталықтары қауымдастығының атқарушы директоры Юрий Пименов, ҚР ЖОО қауымдас­тығының Президенті Рахман Алшанов, Қазақ мұнай және газ институтының Басқарушы директоры Жақсыбек Құлекеев, Алматы Менеджмент универ­ситетінің Президенті Асылбек Қожах­метов, Еуразиялық халықты басқару орталығының бас директоры, әлеуметтік-еңбек қатынастары және стратегиялық коммуникациялар саласындағы сарап­шысы Ербол Исмаилов, BTS Education директоры Саясат Нұрбек, тревел-блогер, экобелсенді, азаматтық журна­лист Яков Федоров қатысты. Мерейтоймен құттықтау жеделхатта­ры, бейнеқұттықтаулар келіп жетті, олар­дың бірі ҚР Мемлекеттік хатшысы Қырымбек Елеуұлы Көшербаевтың бейнеқұттықтауы форумның ашылу сал­танатында көрсетіліп, бірқатар ғалымның баяндамалары тыңдалды. Университет ұжымы мен студенттерін мерейтоймен облыс әкімі Нұрлан Ноғаев құттықтап, өңір үшін қажетті кадрлар даяр­лауға ерекше назар аударуға тиісті екенімізді және бүгінгі таңда ауыл шаруа­шылығы, экология және туризм саласын­дағы мамандар сұранысқа ие екенін атап өтті. Сонымен қатар облыстағы ауызсу тапшылығына қатысты мәселені ғылым мен білікті мамандардың тәжірибесі ар­қылы шешетін уақыт жеткенін айтты. Ғылыми тәсілмен жағдайды жақсы жаққа өзгерте алатын мамандар Yessenov University қабырғасынан шығатынына сенімділік білдірді. Облыс әкімі жергі­лікті билік тарапынан қашанда өңірдегі бірегей оқу ордасына қолдау білдіріле­тінін жеткізді. Бұл сенімді ақтауға біз де тырысатын боламыз. Мерейтойға орай, Каспий маңы ел­дерінің жоғары оқу орындары мен ғы­лыми-зерттеу орталықтары қауымдас­тығының XXIII Бас ассамблеясының отырысы өтті. Бас ассамблея 2018 жылы бес мемлекет: Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев, Әзербайжанның мемлекет басшысы Ильхам Әлиев, Иран президенті Хасан Рухани, Ресей прези­денті Владимир Путин және Түрік­мен­стан­ның басшысы Гурбангулы Берды­мұ­хамедов қатысқан Каспий теңізінің құқықтық мәртебесі туралы конвенцияға қол қойылған V Ақтау саммиті өткен Достық үйінің залында өтті. Сол рәсімде Елбасы Н.Назарбаев: «Конвенцияға қол қойылумен және осы жерде қол жеткізген барлық келісімнің бас­талуымен құттықтаймын» деген бола­тын. XXIII Бас ассамблея отырысы сол ын­ты­мақтастың заңды жалғасы деуге болады. XXIII Бас ассамблеяда Каспий маңы мемлекеттерінің университеттері қауым­дастығы Президентінің өкілеттігіне ие болдым. Осы жауапты әрі мүмкіншілігі мол лауазымды иелене отырып, қауым­дастық жұмысына университетіміздің атынан белсене атсалысатын боламын. Форум аясында эксперттік па­нельдер, воркшоптар өтті. Сонымен қа­тар университетті әр жылдары басқар­ған ректорлар Е.Т.Божанов, К.Т. Табылдиев, Ә.С.Ахметов дәріс залдары және ғылыми кеңес залы ашылды.

Қорытынды

Ұрпағы білімді халықтың болашағы жарқын. Биік белестерді бағындырып келе жатқан оқу ордасының қол жеткізген табысы аз емес. Университет тірегі білімді де білікті профессорлық-оқыту­шылар құрамы болғандықтан, жастарға берілетін білім сапасын одан әрі арттыру бүгінгі таңдағы өзекті мәселелердің бірі болып қала бермек. Шұғыл өзгермелі ұшқыр уақыт уни­верситет ұжымының алдына жауапкер­шілігі мол міндеттер қойып отыр. Алдағы жылдары Есенов университетін бітіруші түлектердің қандай маман болып шыға­тынын қазірден-ақ болжай алатындай болуымыз керек. Бұл – заман талабы. Төрт-бес жылдан кейінгі университет түле­гін жаңалыққа бейім, коммуникатив­тік дағдыға ие, мәселені өздігінен зер­делеуге қабілетті, қоршаған ортаға деген объективті дүниетанымдық көзқарасы қалыптасқан, білім беру бағдарламасымен қоса жоғары ІТ дағдыларын меңгерген, ағылшын тілінде еркін сөйлейтін, өз сала­сының мықты маманы ретінде елестетеміз. Еліміз Тәуелсіздігінің 30 жылдығымен тұспа-тұс келіп отырған оқу орнының 45 жылдық мерейтойын университет ұжы­мы зор табыс, тың серпіліс, үлкен үміт­пен қарсы алып отыр. Бірнеше жыл бой­ғы бүкіл ұжымның сапалы жұмысы өз нәти­жесін беруде. Алдағы күнге қарыш­тап қа­дам басқан университеттің кемел келе­шектен күтері көп.

Берік АХМЕТОВ, «Ш.Есенов атындағы Каспий технологиялар және инжиниринг университеті» КЕАҚ президенті, ректор