Шығыс Қазақстан облысының Глубокое ауданының әкімі Тамара Рахымжанова жемқорлықпен ұсталған орынбасары үшін қызметімен қош айтысты.
«Менің орынбасарларымның бірі жемқорлық фактісімен істі болды. «ҚР Мемлекеттік қызмет туралы» заңының 60 бабына сәйкес аудан әкімі қызметке тағайындалған күннен бастап үш ай өткен соң оған тікелей бағынатын қызметкерлердің бірі сыбайлас жемқорлық қылмыс жасаған жағдайда отставкаға өтініш береді. 2021 жылғы 19 қарашада аудан әкімінің орынбасарына қатысты қозғалған қылмыстық іс бойынша Шығыс Қазақстан облыстық апелляциялық сотының үкімі шықты. Үкім заңды күшіне енгеннен кейін Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасына сәйкес қызметімнен кеттім», – деп жазды ол өзінің Instagram парақшасына.Тамара Рахымжанова Глубокое ауданының әкімі қызметіне 2020 жылдың 18 қыркүйегінде тағайындалған болатын. Оған дейін Өскемен қаласы әкімінің орынбасары қызметін атқарған.
Азамат Қасым, Шығыс Қазақстан облысы