Жанбота Алдабергенова: Бейжіңде ел мерейін асқақтатқым келеді
Жанбота  Алдабергенова: Бейжіңде ел мерейін асқақтатқым келеді
Olympic.kz (фото)
465
оқылды
Финляндияның Рука айма­ғында өткен фристайл-акро­батика­дан әлем кубогі кезеңінде 2-орынды иеленген тәжірибелі спортшы, фристайл-акробатикадан Қазақ­стан командасының үздігі Жан­бота Алдабергеновамен сұхбат­тасудың сәті түсті. Еліміздің мақтанышы Жанбота әңгіме барысында биылғы маусымның басты ерекше­ліктеріне тоқта­лып, аталған спорт түрі бойынша Қазақстанда бәсекелестіктің артқанын айтты. – Әлемдік сында күміс жүлдегер атан­уыңыз­бен құттықтаймыз! Ұзақ үзілістен кейін сайысқа түсу қиындық туғызбады ма? Әлем кубогін қысқаша қорытын­дылап берсеңіз. – Өздеріңіз білесіздер, Финлян­дия­да әлем кубогінің төрт кезеңі өтті. Алғаш рет әйелдер арасындағы бәсекеге 40 қыз қатысты. Бұған дейін мұндай көрсеткіш болмаған. Бұл қысқы спорт түріне қыздардың да қызығушылығы артып келе жатқанын аңғартса керек. Рука қаласындағы спорттық шара жоғары деңгейде ұйымдастырылды. Әлем кубогі кезеңінің финалына жолдама алдым, жүлдегерлер қатарынан көріндім. Нақтырақ айтқанда, екінші орын бұйырды. Бұл фристайл-акробатика­дан Қазақстан құрамасының жаңа маусымдағы алғашқы жарысы болатын. Алда тағы да турнирлер бар. Біз үнемі дайындық үстіндеміз. Трамплин жанымызда. Шүкір, бәрі жоспарға сай өтіп жатыр. Көп үзіліс, демалыс болған жоқ. Сондықтан бабымыздамыз десек те болады. – Әу баста жарыс алдындағы жоспар қандай еді? Финляндияда көрсеткен нәтижеңізге көңіліңіз тола ма? – Биылғы маусымдағы бірінші қадамымыз жаман болған жоқ. Ары қарай алдымызда тағы екі әлем кубогі бар. Сол жарыстарда да жақсы нәтиже көрсетуге күш саламыз. Үздіксіз жаттығу арқылы бұрынғы көрсеткіш­терімді жақсарта түсуге тырысып жатырмын. Алдағы уақытта үлкен трамплинге ауысамыз. Қуанарлығы, жігіттеріміз де жарап тұр. Жанкүйер­лердің үмітін ақтап келеді. Бұған дейін ТОП-12-ге енбей жүрген. Осы жолы алғашқы төрттіктің қатарынан көрінді. Бұл – мақтанарлық нәтиже. Біз үшін маңызды жарыстар енді басталады. Командамен бірге Бейжің Олимпиадасында бар әлеуетімізді көрсетеміз деген ойдамын. Өзім үшін өткен маусымды жақсы өтті деп айта аламын. Алғашқы жарысымдағы нәтижеме көңілім толады. Бірақ әлі де кемшіліктермен жұмыс істеуді тоқтатпаймын. Әлем чемпионатының басталуына санаулы күндер қалғанда өте қиын секіру эле­ментін меңгердім, осы жарыста сол эле­мент­ті орындап, үздіктер қатарына ендім. Бола­шақта өзге де қиын элемент­терді бағдарламаға қосу ойда бар. – Маусым сәтті басталды, Бей­жіңге нық қадам жасалды дейсіз ғой. Ендігі мақсат-жоспарларыңыз қандай? – Ең басты мақ­сат – әр жа­рыс сайын жақсы көрсеткіш көрсетіп, жоғары орындарға таласу. Ең үлкен меже – алдағы Бейжің­дегі қысқы Олимпиада. Жарақаттан аман болсақ, Қытайдағы додаға қатысып, елдің мерейін асқақтат­қымыз келеді. Әзірге дайындық ойдағыдай өтіп жатыр. – Фристайл-акробатиканың дамуы елімізде қай деңгейде? Спортшылар арасында бәсекелестік бар ма? – Елімізде фристайл-акробатика жоғары қарқынмен дамып келеді. Бұрын осы спорт түрін айтқан кезде көпшілігі «ол қандай спорт?» деп сұраушы еді. Соңғы жылдары Алматы каласында бірнеше әлем кубогінің кезеңдерін және әлем чемпионатын өткіздік. Мұның өзі елімізде фристайл-акробатиканың дамуына үлкен септігін тигізді. Халық арасында қызығушылық оянды. Спортшылар да  нәтижесін жақсартып, әлем спортшыларының арасында үздік­тердің қатарынан көрінуге тырысады. Осы маусымда фристайл-акробатиканың деңгейі біраз өскені байқалды. Мәселен, бұрын қыздар арасындағы жарысқа ең көп дегенде 33 спортшы қатысатын. Қазір жүлдеге таласатындар саны 40-қа жетті. Ерлер арасында 48 спортшы бақ сынайды. Міне, бір бәсекеде 50-ге жуық спортшының сынға түсуі фристайл-акробатиканың беделі өсіп келе жатқанын көрсетеді. Спортшылардың да шеберлігі артты. Қыздардың басым бөлігі үштік трамплинге ауысуда. Ерлер арасындағы бәсекелестік одан сайын қыза түсті. Бұрын қиын элементтерді олимпиадаға ғана дайындайтын. Қазір маусымның алғашқы бәсекесінде-ақ жоғары нәтиже көрсетіп жатыр. – Әңгімеңізден жаңа маусымда қарсыластар қатары артып, жаттығу­ларына өзгеріс енгенін байқадық. Осы ретте Бейжің қысқы Олимпиадасында жүлдеге таласуға мүмкіндігімізді қалай бағалайсыз? – Жарақаттан аман болсақ, жүлделі орындарға таласуға толықтай мүмкіндігіміз бар. Оған дейін бізді бірнеше маңызды кезең күтіп тұр. Қазір Америка­дамыз. Мұн­да үштік элементті жа­сауға тырысамыз. Ал 5 қаңтарда Канадада әлем кубогіне қатысамыз. Ол жақта да үштік эле­ментті орын­даймыз. Ал келер жылы Алла қаласа, үшінші олимпиадама қатысамын. Өкінішке қарай, карантиннің зардабын әлі де тартып келеміз. Биылғы әлем кубогінің екі кезеңі Қытайда, екеуі Швейцарияда өтуі тиіс еді. Бірақ спортшылардың қауіпсіздігі үшін төрт кезең де Финляндияның Рука қаласында ұйымдастырылды. Алайда жарыс қожайындары бұл міндетті абыроймен атқарып, әлем кубогінің ешқандай кедергісіз өтуіне бар жағдайды жасады. Алдағы АҚШ пен Канадада өтетін жарыстар да жоғары деңгейде ұйымдастырылады деген үміттеміз. – Әңгімеңізге рақмет! Спорттық жарыстарда жеңіс тілейміз.