Мобильді төлем: салық қалай салынбақ?
Мобильді төлем: салық қалай салынбақ?
490
оқылды
Сонымен, заң қабылданды. 20 желтоқсанда Салық кодексіне енгізілетін өзгерістерге Президент қол қойды. Енді онлайн төлемдер мен аударымдарға салық салына ма деген сұраққа долбармен емес, нақты жауап алуға болады. Өйткені күнделікті өмірімізге қарқынды енген мобильді ақша айналымын реттейтін уақыт жеткен болатын. Жаңа өзгерістер нені көксейді? Қатардағы адамдар зардап шекпей ме?

Жаңа норма наурызда күшіне енеді

Заңға өзгерістерді әзірлеуге «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы мен Қазақ­стан қаржыгерлер қауымдастығы, екінші деңгейлі банктер атсалысқан екен. Мұнда бастамашы болған Қаржы министрлігінің хабарлауынша, мобильді төлемдерді жеке тіркеу шарасы онлайн аударым жасайтын адамның бәріне бірдей салық жауапкер­шілігін жүктемейді. Тек бизнеске қолда­ныстағы заңнамада қарастырылған салық міндеттемелерін орындатуға бағытталған. «Жақында «Салық және бюджетке тө­ленетін басқа да міндетті төлемдер туралы» кодекске (Салық кодексі) енгізілген өзге­рістер салықтық әкімшілендірудің тиім­ділігін арттыруға, көлеңкелі экономика­ның үлесін азайтуға және адал бизнесті қол­­дауға бағытталған. Бұл нормалар кә­сіп­керлік мақсаттағы мобильді төлемдерді жеке тұл­ғалардың жеке аударымдарынан ажы­ратуға мүмкіндік береді. Өйткені жеке тұлғалардың жеке аударымдарына салық салынбайды. Заңнамада «мобильді ауда­рым» және «мобильді төлем» екі бөлек көр­­сетілген. Соңғысы тауарлар мен қыз­мет­терге ақы төлеу үшін жүзеге асырылады. Бұл салық декларацияларында кәсіпкер­лердің кіріс­терін дұрыс көрсетуге септік етпек», – деп жазады ведомствоның бас­пасөз қызметі. Мобильді төлемге қатысты салықтық нормалар 2022 жылғы 1 наурыздан бастап күшіне енбек. Ал жеке кәсіпкерлерге 2023 жылға дейін каникул жарияланғанын, яки салықтан босатылғанын ескерсек, жыл соңына дейін мұндағы жұмыстар тек ақ­параттық сипатқа ие болатынын топшы­лауға болады. Ал 2024 жылы жеке кәсіп­керлер жалпыға бірдей декларацияға кі­ретінін ескерсек, кәсіпкерлік қызмет бел­гілері бар мобильді төлемдер бойынша де­ректермен алмасу тек 2025 жылдан бас­тап жоспарланып отыр.

E-Salyq Business – кәсіпкердің көмекшісі

Мемлекеттік кірістер комитеті 2022 жыл­дың 1 қаңтарынан бастап арнаулы мобильді қосымшаны пайдалана отырып және оңайлатылған декларация негізінде арнаулы салық режимін қолданатын жеке кәсіпкерлер үшін e-Salyq Business мобильді қосымшасын іске қоспақ екен. Оны Play Market және App Gallery дүкенінен жүктеп алуға болады. «Мобильді қосымшаның функционалы жеке кәсіпкер ретінде тіркелуге, салық ре­жимін таңдауға және өзгертуге, тү­бір­тектер беруге, кірістер тізілімін авто­матты түрде қалыптастыруға, қосымшада есеп­тел­ген салық міндеттемелерін төлеуге, сон­дай-ақ алдын ала толтырылған оңай­ла­тылған салық декларациясын ұсынуға және арнаулы мобильді қосымшаны пай­далана отырып арнаулы салық режимін қол­дану кезінде салық есептілігін тапсыр­мауға мүмкіндік береді», – дейді ҚМ МКК-нің басқарма басшысы Гүлмира Смағұлова. Бұдан басқа қосымшада берешекті қарау және төлеу, мемлекеттік кірістер органдарынан хабарламалар алу, сондай-ақ оңайлатылған тәртіпте жеке кәсіпкердің қызметін тоқтату бойынша қызметтер де қолжетімді.

Мәселенің шешімі – онлайн касса аппараты

Сонымен, Салық кодексіне енгізілген негізгі жаңашылдықтың басты мақсаты – кәсіпкерлердің ұялы телефон арқылы жасаған аударымдарын фискализациялау, яғни тіркеуді міндеттеу. Енді адам немесе жүк тасымалдап, такси болып табыс табуға болмайды. Ол үшін патент алып, арнайы салық режимін қолдануыңыз керек. Па­тент бойынша мөлшерлеме жалпы табыс­тың тек 1 пайызын құрайды. Егер айлық табысыңыз 300 мың теңгені құраса, онда мемлекетке небәрі 3 мың теңге салық тө­лейсіз. Мамандардың айтуынша, кәсіп­кер­лер бұрынғыдай мобильді төлемді ал­ғаннан кейін тұтынушыға кассалық чек беруі керек. мобильді төлем «Бұл ретте кассалық аппаратты сатып алу міндетті емес, онлайн кассалық аппа­раттардың бірнеше тегін нұсқасы бар. Соларды пайдалануға болады. Ең бастысы, мобильді төлем электронды түрде фис­калдануы тиіс. Сондай-ақ келесі жылдан бастап E-Salyq Business мобильді қосым­шасы қолданысқа беріле отырып, арнайы салық режимі енгізіледі. Онда ЖК-ні тіркеуге, салық салу режимін таңдауға, са­лықтар мен төлемдерді төлеуге болады. Сон­дай-ақ осы қосымшаны кассалық ап­парат ретінде де пайдалануға болады», – дейді СҚО бойынша Мемлекеттік кірістер департаменті басшысының орынбасары Бауыржан Шайкенов. Мемлекеттік кірістер маманының ай­туынша, қазір әлеуметтік желілерде мо­бильді аударымдардан бас тартуға, оның ор­нына қолма-қол есеп айырысуға шақы­ратындар көп екен. Ол – дұрыс емес. Бі­рінші кезекте өзгерістердің жеке тұлғалар­дың аударымдарына еш қатысы жоқ. Жеке тұлғаларға сатып алу немесе аударым жасау кезінде салық салынбайды. Яғни, туған-туыстардың және жеке тұлғалар ара­сындағы аударымдар салық салу объек­тісіне жатпайды.

Шектік мөлшер енгізілуі мүмкін

Қазір Қаржы министрлігі мобильді аударымның шектік мөлшерін белгілеп жатыр. Мысалы, бір азамат бір айда әр­түрлі жүз адамнан төлем қабылдаса және бұл үдеріс үш ай қатарынан қайталанса, яғни үш айда 300 әртүрлі адамнан төлем түссе, онда осындай жеке тұлғаларға қа­тысты сұрақтар туындауы мүмкін. «Әзірге шектік мөлшер бекітілген жоқ, жобаны әлі банктер талқылап жатыр. Ол бір айда 80-100 мобильді төлем болуы мүм­кін. Осындай шектік мөлшер бекітілген жағдайда оған төлем саны жетпесе, мұндай адамға қатысты сұрақ туындамайды. Сон­дықтан да кәсіпкерлер шотпен қазір қалай жұмыс істеп жатыр, cолай жалғастыруы керек. Кәсіпкерлер өзінің табысын жа­сырмауы тиіс. Өкінішке қарай, ондай адам­дар кездеседі. Оларға ермеу керек. Өйт­кені мемлекет тарапынан кәсіпкер­лерге үлкен қолдау бар», – дейді Қаржы министрлігі Мемлекеттік кірістер комитеті басқарма басшысының орынбасары Айнұр Сартаева. Маманның айтуынша, мұндағы басты мақсат үйден түрлі тағам мен торт пісіріп сататын кулинарларды, адам тасып табыс табатын таксистерді, той басқаратын аса­баларды болмаса әншілерді, түрлі шарада аниматор және тағы да басқа қызмет көрсетіп ақша табатын өнер адамдарын кө­леңкелі бизнестен шығару. Атқарып жүр­ген шаруалары жеке тұлғаға тән емес еке­нін және Қазақстан заңнамасы бо­йынша салық салуға жататынын түсіндіру. Осы тұрғыда жеке тұлғаның мобильді ақша аударымы туралы деректер салық органына берілмейді екен. Яғни, банк құпиясын сақтау талаптарына сәйкес, ақ­ша аударымы туралы деректер қауіпсіз бо­лады. Адамдар бұрынғыша жеке мақ­саты үшін ақша аудара алады және қа­былдай алады.

Банк құпиясы ашыла ма?

Қанша жерден «Банк құпиясы сақ­талады, жеке тұлғалардың ақша аударым­дары туралы ақпараты 2025 жылға дейін ешкімге жарияланбайды» деп хабарланып жатса да, бүгінде Салық кодексіне жаңа норма енгізілетіні туралы белгілі болып отыр. Оған сенсек, екінші деңгейлі банк­тер өз клиенттерінің жекелеген крите­рийлер бойынша кәсіпкерлік қызметті іс­ке асы­рудан табыс алу белгілері анық­талған опе­рациялары жайындағы мәлі­меттерді Мем­лекеттік кірістер комитетіне жібереді екен. Бұл туралы «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасына хабарлас­қанымызда білдік. «Мұндай ақпарат Мемлекеттік кірістер комитетіне жеке кәсіпкер ретінде тіркел­меген жеке тұлғалар бойынша беріледі. Жеке тұлғалардың банк шоттарында жүргізілген операцияларды кәсіпкерлік қызметті іске асырудан табыс алу белгілері бар операцияларға жатқызу критерийлері, мәліметтер ұсыну тәртібі, формасы мен мерзімдері Ұлттық банкпен мақұлдаған соң Қаржы министрінің бұйрығымен бекітіледі. Қазір мұндай бұйрық Қаржы министрлігінде әзірленіп жатыр», – дейді «Атамекен» ҰКП Салық салу департа­ментінің басқарушы директоры Жеңіс Жанболатова. Бұйрық жобасы ҰКП-ға келісуге жі­бе­рілгеннен кейін «Атамекен» палатасы оны қарау барысында бизнес-қоғам­дас­тықты тарта отырып қоғамдық тыңдау өт­кізбек ниетте екен. Ендеше банк құпия­сын ашу қан­шалықты заңды? Оны уақыт көрсетер.