«ДОМБЫРАМ НЕ ДЕЙДІ, МЕН НЕ ДЕЙМІН?»
Осы ережені әзірлеген Ауыл шаруашылығы министрлігінен келген жауапта ірі қара малдың асылтұқымды аналық мал басымен жұмысты субсидиялау бағыты бойынша есептік нөмірдің болуы жөніндегі талап реттелмегені түсіндірілген. Алайда жазбаша толтырылатын өтініш формасында ветеринарлық есептік нөмір көрсетілуі тиіс жол бар. Сондықтан Ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасының өкілі Жасұлан Уәлбеков бұл жол міндетті түрде толтырылуы тиіс деп түсіндірді. «Егер өтініштің формасындағы осы жол толтырылмай қалса, біздің басқарма субсидия бере алмайды. Қабылданған шешім үшін түбінде министрлік емес, басқарма жауап береді. Сондықтан кәсіпкер біздің шешіммен келіспесе, сотқа жүгінсін», – деді ол. Отставкадағы судья Инесса Қуанованың түсіндіруінше, сотқа жүгінудің де өз тәртібі, мерзімі бар. «Бұл оқиға бойынша сол мерзім – небәрі бір ай өтіп кеткен болатын. Басқарма маманы соны біле тұра, сотқа жүгінуге кеңес беріп отыр. Өтінім формасы да шала-шарпы әзірленген. Түптеп келгенде бұл басқарма өтінім формасы емес, мемлекеттік қызмет көрсету стандартын басшылыққа алу керек», – дейді. Кәсіпкерлер палатасындағылар осы мемлекеттік орган мамандарының құзіреттілігі туралы мәселе қоятын кез келді, әйтпесе олардың шамадан тыс сақтығын қалай түсіндіруге болады деп санайды. Ауыл шаруашылығы министрлігінен келген жауапқа сүйенсек, субсидиялар алуға арналған мемлекеттік қызмет стандарты бойынша кәсіпкердің өтінішін қанағаттандырмауға екі-ақ себеп бар. Яғни, өтініш берушінің құжаттары дұрыс болмаса және көрсетілетін қызметті алушы белгіленген критерийлерге сәйкес келмесе ғана оған субсидия берілмейді. «Кәсіпкер белгіленген критерийлерге сәйкес келіп тұрғандықтан, тек есептік нөмір үшін оны субсидиядан шетқақпайлау дұрыс емес деп санаймыз. Себебі есептік нөмірі жоқ шағын және орта шаруашылықтар мен ауыл шаруашылығы кооперативтері де субсидия алуға құқылы екенін түсіну керек. Олардың барлығында дерлік есептік нөмір жоқ», – дейді Инесса Қуанова.ШАҒЫМ АЗ ЕМЕС
Кәсіпкерлер палатасындағылар өтініш берушіге Мемлекеттік қызмет істері жөніндегі департаментке жүгінуге кеңес берді. Ондағылар Ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасының әрекеті қаншалықты заңды екенін анықтауы керек. «Егер басқарма мамандарының әрекеті заңсыз деп танылса, лауазымды тұлғалар жауапкершілікке тартылуы тиіс. Себебі кәсіпкер солардың кесірінен субсидиясын уақытылы ала алмады», – дейді Инесса Зейноллақызы. Мемлекеттік қызмет істері жөніндегі облыстық департамент басшысының орынбасары Жанат Жұмабаев Ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасы мемлекеттік қызмет көрсетумен айналысатындықтан, бұл мәселені қарастыратынын жеткізді. Бірақ ол үшін ресми жүгінуі керек. Жанат Жұмабаев мемлекеттік орган жауапкершілікті өз мойнына алудан қорқып, кәсіпкердің өтінімін қанағаттандырудан негізсіз бас тартып отыр деген пікірін білдірді. Ауыл шаруашылығы министрлігінен келген жауапта: «Есептік нөмірлер бойынша мәліметтер болмаған кезде, бірақ шаруашылық ереженің екінші қосымшасында көрсетілген шарттарға сәйкес келсе, жоғарыда көрсетілген субсидиялау бағыттары бойынша өтінімдер қанағаттандырылуға жатады. Жоғарыда баяндалғанның негізінде, жемшөп бағасының өсуіне әкеп соққан қолайсыз ауа райы жағдайын, құрғақшылықты ескере отырып, ауыл тұрғындары арасында әлеуметтік шиеленісті жеңілдету мақсатында жоғарыда аталған түсініктемені назарға алуды сұраймыз», – деп тайға таңба басқандай жазылған. Соның өзіне құлақ аспаған облыстық басқарма кәсіпкерді жайдан-жай сергелдеңге салды. Ол облыстық кәсіпкерлер палатасының араласуымен ғана өз мәселесін шеше алды. Палатадағылар Ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасындағыларға мемлекеттік қызмет көрсету ережелері мен стандартын, сондай-ақ Ауыл шаруашылығы министрлігінен келген жауапты басшылыққа алу қажеттігін көзге шұқып көрсетіп, өтінімдерді қанағаттандырудан заңсыз бас тарту тәжірибесін тоқтатуды талап етті. Солтүстік Қазақстан облысы кәсіпкерлер палатасының кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау және әкімшілік кедергілерді азайту бөлімінің бастығы Айдос Кеңбейіловтің айтуынша, облыстық Ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасы түптеп келгенде өз қателігін мойындап, кәсіпкерге қайтадан өтінім беру туралы ұсыныс жасады. Екінші рет берілген өтініш қанағаттандырылды. Айдос Кеңбейіловтің айтуынша, кәсіпкерлер палатасына субсидия сергелдеңіне тап болған кәсіпкерлерден келіп түсетін шағымдар өте көп. Соңғы жарты жыл ішінде солардың бесеуі оң шешімін тапқан. Арасында негізделген бас тартулар да болған екен.Солтүстік Қазақстан облысы