Үкіметте Премьер-министрдің бірінші орынбасары Әлихан Смайыловтың төрағалығымен Nur Otan партиясының сайлауалды бағдарламасын іске асыру жөніндегі штабтың кезекті отырысы өтті, – деп хабарлады primeminister.kz.
Талқыланған мәселелердің бірі белсенді экспорттаушылар санын көбейте отырып, экспортты жеделдету бағдарламасын жүзеге асыру туралы тармақ болды.
2020 жылы Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша Орталық Азияда алғаш рет экспортты жеделдету бағдарламасы іске қосылды.
Бағдарламаның бірінші кезеңіне Қытай нарығына бағытталған 35 азық-түлік компаниясы қатысты. Компаниялардың жартысынан көбі ШОБ өкілдері. Биыл іске қосылған Бағдарламаның екінші кезеңінде тамақ, химия, жеңіл өнеркәсіп және машина жасау салалары бойынша 101 кәсіпорын іріктелді.
2020-2021 жылдарға арналған бағдарламаны жүзеге асыруды ескере отырып, бүгінгі таңда экспорттаушылар саны 410-нан (2020 жылы) 546-ға (2021) дейін өсті. Бүгінгі таңда бұл кәсіпорындардың экспорттық түсімдері шикізаттық емес экспорттың жалпы көлемінің 80%-ға жуығын құрайды.
Барлық экспорттаушылардың 43%-ын тамақ өнеркәсібі (233), одан кейін химия (69) және металлургия өнеркәсібі (55) кәсіпорындары құрайды. 2019 жылдан бастап Сауда министрлігі ашық деректер порталында орналастырылған белсенді экспорттаушылардың тізілімін жүргізуде.
Премьер-министрдің орынбасары тиісті мемлекеттік органдар мен өңірлерге экспорттаушыларды белсенді қолдауды жалғастыруды және 2022 жылға арналған экспортты жеделдету бағдарламасын іске асыру бойынша белгіленген нысаналы индикаторға 650 экспорттаушы компания деңгейінде қол жеткізуді тапсырды.
Естеріңізге сала кетейік, партияның биылғы жылға арналған сайлауалды бағдарламасын жүзеге асыру жөніндегі Штаб аясында Премьер-министрдің орынбасары Ә. Смайыловтың төрағалығымен 32 жиын өтті. 100 әлеуметтік маңызды және өзекті мәселе тыңдалды. Жол картасының 362-тармағының 201-тармағы орындалды.