Қазақстанда 15 мыңдай адам қос азаматтығы барын жасырып жүрген. Геосаяси стратегиясы аясында бұрынғы Кеңес Одағы республикалары азаматтарына өз паспортын жеңілдікпен таратып жатқан Ресей сыртында, бұл қатарда өзбек елінің азаматтары да көп екен. Енді бауырлас екі ел бұл кесірмен бірлесіп күреспек. Мәжіліс спикері Нұрлан Нығматулиннің төрағалығымен өткен палатаның жалпы отырысында депутаттар Қазақстан және Өзбекстан үкіметтері арасындағы «Заңсыз көші-қонға қарсы күрестегі ынтымақтастық туралы келісімді» ратификациялайтын заң жобасын мақұлдап, Сенатқа жолдады. Ішкі істер министрінің бірінші орынбасары Марат Қожаевтың айтуынша, 2019 жылғы 15 сәуірде Ташкентте қос мемлекеттің СІМ басшылары қол қойған бұл келісім оңтүстік көршіден атамекенге оралған қазақтарды қомақты алым төлеу тауқыметінен құтқарады. – Келісімді ратификациялау көші-қон ағындарын реттеу, азаматтардың мәселелерін шешу және заңсыз миграция желілерін анықтау үшін қолайлы жағдай жасайды. Осы құжат қос азаматтыққа қарсы күрес жүргізу үшін өте маңызды. Оған сәйкес, Өзбекстанның өз азаматтары паспорттарын бізге жолдау тәртібі реттеледі. Нәтижесінде, қандастарға енді Өзбекстан елшілігіне барып, төлқұжаттарын тапсыру және консулдық төлем үшін 140 долларға дейін алым төлеу қажет болмай қалады. Екі елде де қос азаматтыққа тыйым салынған. Сондықтан өзбек тарапы келісімді ратификациялау рәсімдерін аяқтады, – деді Марат Қожаев. Депутаттар республикамызда мұндай шектеу енгізілгеніне ширек ғасырдан асқанымен, өзге елдің азаматы атанғанын жасыру оқиғалары жаппай белең алғанын жеткізді. ІІМ басшылығының өкілі ондай адамдар заңсыз әрекеттерге бейім тұратынын алға тартты: «Шынында, қос азаматтық фактілері жиі кездеседі. Көршінің не алыс шетелдің азаматтығын алған қазақстандықтар онысын қасақана жасырады. Олар Қазақстан төлқұжатын шекараны кесіп өтуде, халықаралық тасымалда қолданады. Сонымен қатар осы арқылы Қазақстаннан зейнетақы, әлеуметтік төлемдер алады, басқа да жеңілдіктерді пайдаланады. Статистикаға тоқталсақ, 2019 жылы 15,5 мыңнан астам адам Қазақстан азаматтығынан айырылды. Оның көбі – ресейліктер. Өзбекстан азаматтары да жетерлік. Бұл ретте 500 адам өзге ел азаматтығын қабылдағанына қарамастан, мемлекетіміздің паспортын пайдаланып келген. Олар жауапкершілікке тартылды және елден аласталды, – деді Ішкі істер министрінің бірінші орынбасары. Әрине, ала шапанды ағайын елінен қандастар сыртында еңбек мигранттары да көп келеді. 2019 жылы одан 531 мың 566 еңбек мигранты заңды түрде келіп, тіркелген. Тіркелмегені қанша? «Былтырғы қараша айында өзбек әріптестеріміздің бастамасы бойынша және көршінің көші-қон қызметі және еңбек министрлігі қызметкерлерінің қатысуымен бірінші рет бірлескен рейд жүргіздік. Оңтүстік өңірлерді Алматы қаласын, сондай-ақ Алматы, Жамбыл, Түркістан облыстарын қамтыған бұл шара барысында 2,5 мыңнан астам өзбек заңсыз жұмыскері анықталды. Оның 140-ы елден шығарылды. Жүзден астам адам реадмиссия рәсіміне тартылды: іздеуде жүрген қылмыскерлер анықталды. Операция табысты өтті. Алда осындай шараларды бірлесе өткіземіз», – деді Марат Қожаев. Ол жалпы алғанда, 14 елмен арада қос азаматтықпен және заңсыз көші-қонмен күреске серпін беретін осындай келісім әзірленгенін мәлім етті. Оның ішінде Қырғыз Республикасы, Тәжікстан, Өзбекстан, Беларусьпен арадағы келісімдерге тараптар қол қойып үлгеріпті. Биыл ол қатарға Армения қосылады деп жоспарлануда. Тағы 8 келісімді тиісті серіктес ел қарап, ішкі келісу рәсімдерінен өткізіп жатыр. «Мұндай жұмыс ары қарай жалғасады», – деді М.Қожаев. Айхан ШӘРІП