Премьер-министрдің орынбасары Ералы Тоғжановтың төрағалығымен елімізде коронавирустың таралуына жол бермеу жөніндегі ведомствоаралық комиссияның қорытынды отырысы өтті. Бұл туралы ДСМ Санитарлық-эпидемиологиялық бақылау комитетінің ресми өкілі Ержан Байтанаевтың Facebook-тегі парақшасында хабарлады.
«Отырыс барысында елдегі эпидемиологиялық ахуалдың тұрақты екені атап өтілді. Бірақ, «омикрон» штамы қазірдің өзінде әлемнің 110 елінде анықталып отыр. ДДСҰ мәліметіне қарағанда оның таралуы «дельта» нұсқасынан 5 есе жоғары. Сондықтан Денсаулық сақтау министрлігінің қосымша іс-шаралар қабылдау туралы ұсынысы мақұлданды. Атап айтқанда, 5 қаңтардан бастап сауда ойын-сауық орталықтарына, сауда үйлері мен караокелерге «жасыл» мәртебесі бар адамдардың ғана кіруіне рұқсат беріледі», – деп жазды ол.
Оның айтуынша, еліміздің аумағында «омикрон» штамы анықталған және эпидемиологиялық ахуал нашарлаған жағдайда мұндай шектеулер банктер, Қазпошта, ХҚКО бөлімшелері, спорт-сауықтыру орталықтары, бассейн сынды басқа да нысандарға қолданылатын болады.
Жиын барысында Ералы Тоғжанов еліміздегі эпидемиологиялық ахуал халықты вакцинациямен және ревакцинациямен қамтуға тікелей байланысты екендігін атап өтті.