Балабақшада қатарластары соққыға жыққан баланың әкесі оқиғаның қалай болғанын айтып берді
Балабақшада қатарластары соққыға жыққан баланың әкесі оқиғаның қалай болғанын айтып берді
© inbusiness.kz
524
оқылды
Алматыда балабақшада қатарластарынан таяқ жеген баланың әкесі барлық мән-жайды өз аузымен айтып берді, – деп хабарлады "КТК" телеарнасы. Баласын сабап жатқанын көріп, жыларман болған әке бір топ баланы тәрбиеші «арандатқан» деп топшылайды. Өйткені қуып жүріп ұрған ұл-қыздардың өзі түгел тәптіштеп тұрып жайып салған. Қазір осы келеңсіз жайтқа жол берген №58 балабақшаның меңгерушісі мен тәрбиешісі жұмысынан босатылды. Ал төрт жастағы Абылай психологтың көмегіне зәру. Телеарна тілшісі зардап шеккен баланың әкесімен тілдесіп келген еді. Амангелді Әскенов балабақшада қатарластарынан оңбай таяқ жеген баланың әкесі. Ол тұңғышы көкала қойдай болып үйге келгенде бірден мектепке дейінгі мекемеге барып, бейнебақылау камерасын көтерткен. Ең сорақысы, балалардың бірі қалмай ұлын қуып жүріп ұрғанын балабақша ұжымы біле тұра, ешкімге тіс жармауға тырысты дейді жігіт ағасы.
- Ол шок. Көзге жас алмай айта алмайсың. Көрген адамның өзі жылайды. Айтатын адам баланы көрген кезде айтатын еді. Сол күні осындай оқиға болды деп айтады. Тәрбиешісі келе сала бізге хабарласатын еді. Ол телефонын шұқылап отыра берді. Балабақшада сондай шу болғанын бәрі білді. Апайдың өзі балаларды үйіне жіберіп жатқанмын дейді. Оның бәрі өтірік. Негізінде ол жиналыста отырған адам. Балаларды тастап кеткен, – дейді Амангелді Әскенов.
Амангелді кішкентай балаларды ондай қатігездікке ешқандай ата-ана үйретпейтініне сенімді. Сондықтан ол ұл-қыздарды тәрбиеші «арандатқан» деп топшылайды. Бұл болжамды жабылып кеткен топтағы бүлдіршіндер де растапты.
- Бір-екеуінен сұрадық. Ұрыспай-ақ. Мұғалімдер сол жерде болды. Қандай себеп болды деп сұрадық. «Бізге апай айтты, Абылай тұрса ұрыңдар» дегендей. Кішкентай бала бәрін сіңіріп алады, айтқанды істейді. Бала дұрыс тәрбие көрмеді дегеннің өзінде, барлығы жабылып, ойлары бір жерден шыға қоймас. Мен балаларды кінәлай алмаймын. Себебі баладан мен ондайды күтпеймін. Ата-анадан да күтпеймін. «Барып жабылып ұрыңдар» деп ешқандай ата-ана айтпайды деп ойлаймын, – дейді Амангелді Әскенов.
Күні кеше әлеуметтік желіге таралып кеткен видеодан жалғыз баланы ұлы да, қызы да жабылып аяусыз төпелеп жүргенін байқауға болады. Бала арлы-берлі қашып, бір кезде жерге құлайды. Соның өзінде бірі басынан, екіншісі ішінен теуіп жатыр. Бұл бөлмеде не тәрбиеші, не бала күтуші көрінбейді. Осы жайттан зардап шеккен төрт жастағы Абылай қазір психологтың көмегіне зәру дейді жыларман болған әкесі.
- Бала шошынып қалған. Қорқады. Балабақшаға барғысы келмейді. Психологтармен жұмыс істеу керек енді. Психологты олар беру керек. Олардың міндеті деп санаймын. Себебі, білім басқармасының кесірінен бала сондайға ұшырап отыр. Жауапты адам болу керек. Мен қайдан білемін, балам дұрыс бола ма, болмайтынын. Бұндайға дейін барады. Басымыздан осындай жағдай өтеді деп үш ұйықтасам түсіме кірмеген, – дейді баланың әкесі.
Көпшіліктің талқысына түскен видеодан кейін білім басқармасы қызметтік тексеріс жүргізіп, №58 мемлекеттік балабақшаның меңгерушісі мен балаларды қараусыз қалдырып кеткен тәрбиеші жұмысынан босатылды. Сондай-ақ мектепке дейінгі тәрбие және оқыту бөлімінің және Әуезов ауданының білім бөлімі басшысына тәртіптік жаза қолданылған. Бірақ «ұлымның жүйкесі зақымданды» деп шыр-пыр болған Амангелді Әскенов полицияға арыз жазған. Ол кінәлілер заң алдында жауап бермейінше, соңына дейін күресемін деп отыр.