Қазақстандық орта салмақтағы боксшы Қанат Исламның (28-0, 22 КО) келесі қарсыласы белгілі болды, - деп хабарлайды Sports.kz.
«Қазақтың» рингке оралуы 2022 жылғы 21 қаңтарда АҚШ-тың Флорида штатына қарасты Плант-Ситиде өтеді. Боксшының қарсыласы британдық Джимми Келли (25-2, 10 КО) болмақ. Манчестердің 29 жастағы тумасы соңғы жекпе-жегін өткізгеніне көп уақыт өткен жоқ – 12 желтоқсанда Экклсте үшінші раундта өз отандасы Гарри Мэттьюсті (16-50-3, 2 КО) нокаутқа жіберді.
2015 жылы Келли WBO нұсқасы бойынша бірінші орта салмақтағы әлем чемпионы титулы үшін оның сол кездегі иегері – Лиам Смитпен жұдырықтасты, алайда сол кезде техникалық нокаутпен жеңіліп қалған болатын.
Қанат Ислам соңғы жекпе-жегін 20 ақпан күні Майамиде өткізген. Эквадорлық боксшы Джейсон Миндумен (14-5-1, 8 КО) болған жекпе-жектің жетінші раундында қарсыласын техникалық нокаутпен жеңген.
Бұл – қазақстандық боксшының 2019 жылдан бері рингке бірінші шығуы еді.