Жаңа жыл түні полицияға 2000-ға жуық қоңырау түскен
Жаңа жыл түні полицияға 2000-ға жуық қоңырау түскен
Фото: Айнур Халиолла
367
оқылды

Жаңа жыл қарсаңында Нұр-Сұлтан полициясына 2000-ға жуық қоңырау түсті. Бұл туралы Нұр-Сұлтанның Полиция департаменті хабарлады.

Жаңа жылды түні Нұр-Сұлтан Полиция департаментінің қызметкерлері күшейтілген тәртіпте жұмыс істеген. Полиция бастығы Ержан Сәденовтің айтуынша, Жаңа жыл түні ауыр және аса ауыр қылмыс тіркелмеген. Өткен тәулікте елорда аумағында тоғыз қылмыс тіркелді, олардың алтауының ізі суымай ашылды.
"Полицияның "102" шұғыл шақыру пультіне азаматтардан 2000-ға жуық қоңырау түсті. Көбіне жол қозғалысы ережелері, түнгі тыныштық бұзылды және отбасылық жанжалдар болды", - деді полиция.
Елорда жолдарында 73 жол-көлік оқиғасы тіркелген. Жарақат алғандар мен қаза тапқандар жоқ. Мас күйінде көлік жүргізгені үшін бір жүргізуші ұсталды, оған қатысты әкімшілік іс қозғалды. Сондай-ақ, пиротехникалық бұйымдарды абайсыз қолдану салдарынан үш адам зардап шекті. Олардың екеуі − бала.