Біздің халықты басқалардан ерекшелеп тұратын көп қасиеттің бірі – адам жатырқамайтынымыз. Басқалар «Чтобы узнать хорошо, нужно пуд соли съесть» деп сақтық танытып жатқанда, біз «Түсі игіден түңілме» деп, шүйіркелесе кетеміз. Содан еш ұтылғанымыз жоқ...
Осы көктемде өзім де сондай бір түсі игі жанмен таныстым. Іс-шараға жиналғандарға арналған жатын бөлмеге бастап әкелген ұйымдастырушы: «Таныс болыңыздар, бұл кісі – жазушы Камал Әлпейісова» дегенде, төр жақтан: «Камал апай ма?», «Білеміз ғой...» деген дауыстар қосарлана шықты. Іле: «Апай, мына төрдегі орынға жайғасыңыз» деп, өздері төмен ысырылды... Толықша келген жүзі жылы әйелге мен де күлімсірей қарап, жөн сұрастық. «Мұғаліммін, атым Жанат, торғайлықпын», - деді ол. Қасындағы құрбысы Зылиман да тіл-әдебиеттен сабақ беріп, таяуда ғана зейнеткер деген мәртебеге ие болған екен. «Сіздің жазғандарыңызды оқып тұрамыз» десті. Сөйтіп сол сапардан ойлы, өрелі екі сіңлі, екі оқырман тауып қайттым. Жанаттың өзін танымасам да, ол шыққан орта туралы хабардар едім. Оған біздің заман адамдарының оқуға құмарлығы себепші. Өткен ғасырдың 70-80-жылдары елде отбасылық, ұлт-аспапты, вокалды-аспапты ансамбльдер пайда болып, кең қанат жайған кезде Торғай даласында Қажығалиевтердің отбасылық ансамблінің атағы жер жарып тұрған. Олар тек облыс көлемінде емес, республиканың басқа өңірлерінде де өнер көрсетіп, түрлі сайыстарда топ жарып жүрді. Суреттері облыстық «Торғай таңы», «Тургайская новь» газеттерінен түспей, басқа да газет-журналдарда жарияланып, тіпті «Алатау» телеарнасынан бірнеше рет концерті берілгені есімде. Амангелділіктер ансамбль жетекшісі Башарин Қажығалиев туралы аңызға бергісіз әңгімелерді жастайынан естіп өседі. Жерлестері бүгін де оны аудан тарихындағы бірінші отбасылық ансамбльді құрушы, балаларға аспапты нотамен тартуды үйреткен адам ретінде мақтанышпен айтады екен. Жанат – сол кісінің қызы болып щықты. Онымен танысқан кезде түр-тұрпатына, қимыл-қозғалысына, мәрт мінезіне, тіпті, күлбілтелемей төтесінен айта салатын сөзіне қарап, ер бала болып жаратылатын адам екен деп ойлағанмын. Жақын таныса келе, өмірде талай рет ер азаматтарша шешім қабылдап, іс істегенін естіп-білгенімде ішкі ойымның алдамағанын түсіндім. Солардың біреуіне ғана тоқталайын. Желтоқсан оқиғасы кезінде Жанат Абай атындағы Қазақ педагогикалық институтында оқып жүріпті. Әрине, алаңға барған. Және жалғыз емес, курстастары жұптарын жазбай бәрі барған. Бұл туралы өткен жылғы 15 қыркүйекте Жанат өзіне тән тіке сөйлейтін мінезбен Фейсбукте «АҢЫЗ БЕН АҚИҚАТ» деген тақырып қойып: «Мен, Қажығалиева Жанат Башаринқызы, 1986 жылы Қазақ педагогикалық институты филология факультетінің 4 курсында оқып жүргенде Желтоқсан оқиғасына қатысқан студенттердің бірі ретінде өз группаластарымның естеліктерін жариялап отыратын боламын» деп жазды. Оқырман оның жазбаларынан бұрын белгісіз желтоқсаншы қыздардың аттарын білді. Олар: «АҢЫЗ БЕН АҚИҚАТ-2»-дегі Ақтөбе қаласы №37 орта мектептің мұғалімі Күнжарқын Алмағанбетова; «АҢЫЗ БЕН АҚИҚАТ-3»-тегі Семей қаласы, 23-орта мектептің қазақ тілі мен әдебиетінің мұғалімі Құтанбаева (Жақыпова) Анар Оразғалиқызы; «АҢЫЗ БЕН АҚИҚАТ-4»-тегі Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті филология факультеті практикалық қазақ тілі кафедрасының аға оқытушысы Мағзұмбекова Амина Каулановна; «АҢЫЗ БЕН АҚИҚАТ-5»-тегі Түркістан облысы Арыс қаласы Ә. Жангелдин атындағы орта мектептің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Ильясова Ләйла Әлібекқызы. Олардың кейбіреулерінің алаңда түсіп қалған суреттерін де қоса жариялады. Кейіннен бұл оқиға туралы белгілі журналист Анар Төлеуханның «Егемен Қазақстан» газетінде «Азаттық үшін арпалыс» деген көлемді мақаласы жарияланды. Сонда крустастарының: «Қудалау басталғанда ішімізде топты бастап жүретін Жанатты тұрғызып қойып: «Кім қатысты?», «Кім бастады?» деп күнде жиналысқа салады. Ол да қасқиып тұрып: «Ешкім барған жоқ» деуден танбады... Бәріміз оқуымызды бітіргелі отырмыз. Ата-анамыздың үмітін ақтауымыз керек. Әйтеуір, суретіміз шықпады ма, оқудан шықпай аман қалдық. Тобымыздан Гүлшат Смағұлова (марқұм) суретте анық көрініп қалды ма, оқудан шығарылды. Кейін әкесін де қызметтен алып тастағанын естідік. Жанат Қажығалиева мен Роза Тұрсынбаеваны қазақ тілі кафедрасы аспирантураға қалдырып еді, сол кездегі ректордың қызметін атқарған Ц.Л.Фридман: «Пусть поработет в Тургайской степи, поумнеет» деп кафедрада қалдырмай, ауылға жіберді», - деп естелік айтады. Жанаттың «Желтоқсандықтардың басы бірікпей жатыр... Сол кездері «Ешқайсымыз алаңға барған жоқпыз» деп, жиналыстарда мойындамай, аман қалдық. Оны түсінгісі келетіндер аз» деп жазуының сыры осында. Ал тәуелсіздік күніне орай мараптталғандар туралы желідегі теріс пікірлерге байланысты: «Өз елімде жанымды салып еңбек етіп жүрмін. Айлық үшін жұмыс істеген жоқпын. Қай жұмысты да жанығып істеймін. Еңбегім елeніп, медаль алып жатсам, мен де қуанар едім. Алғандарды даттаудың реті жоқ! Медаль алғандар! Медальдарың жеті ұрпағыңа қуаныш сыйласын!» деп жазуы оның шынайы бет-бейнесін танытады. Ақ қар көк мұзда дірдектеп, таяқ жеп жүріп, талай күнін қорқынышпен өткізген, ғалым болам деген арманынан айырып, «айдатып жіберілсе» де өз еліне өкпе сақтамаған қыздың осы жазбасын оқып отырып, бейбіт күнде сахнада ән салып жүргендердің «медаль алмадым» деп өкпелегеніне ұялдым. Желтоқсанның ызғары оның ғылымға барар жолын біраз бұралаңға салды: еңбек жолы туған Амангелді ауданының қиыр алыстағы ауылдарында басталды. Бірақ, «Алтын кездік қын түбінде жатпайтыны» рас! Өз пәнін бүге-шігесіне дейін меңгерген жас маман көзге түсіп, Қостанайға А.Байтұрсынов атындағы университетке, одан соң Атыраудағы Х.Досмұхамедов атындағы университетке қызметке шақырылды. Араға он бес жыл салып барып, ҚР Ғылым академиясының Тіл білімі институтына ғылыми қызметкер болып қабылданды. Содан бері ол – туған тілінің саф күйінде сақталып, дамуына қызмет етіп келе жатқан маман. Бүгінде бірнеше кітаптың, басқа тілді бастауыш сыныптарға арналған оқу бағдарламалары мен оқу жоспарларының авторы, әдіскер-оқытушы Жанат Қажығалиева – Назарбаев зияткерлік мектептерінде қазақ тілі пәнін үйлестіруші. Бұл құрғақ анкеталық деректердің ар жағында қазақ тілін үйретудің озық әдістемелерін енгізу арқылы қаншама баланың мемлекеттік тілді игерген жемісті нәтиже тұр. Бір мысал келтіре кетейік. Өткен жазда ассамблеялық жастарға арналған Тіл мектебінде тілді игертудің жаңа әдістемесі сынақтан өткізілді. Ол – кезінде педагогика ғылымдарының докторы, профессор (марқұм) Мақпал Жұмабайқызы Жадринаның басшылығымен Канада, Финляндия, Эстония мемлекеттерінің тілге бойлау тәжірибесінің өзімізге бейімделген тың тәсіл. НЗМ әдіскерлері сынақтан өткізіп, бүгінде Талдықорған, Көкшетау қалаларының жекелеген бала бақшалары мен мектептері, елордадағы «Қарлығаш» бала бақшасы осы әдістемемен нәтижелі жұмыс істеуде. Тіл мектебінде оны жүзеге асырған М.Жадринаның ізбасар шәкірті, психология және педагогика ғылымдарының магистрі Жанат Қажығалиева. Осы мектеп жұмысы кезінде Жанатпен бала тәрбиесі, білім беру тақырыптарына әңгімелесе жүріп, бірқатар пікірлерін ойға түйдік: «Бала өмірге анасының көзімен қарайды. Бақытсыз ананың баласы бақытты бола қояды деу қиын» деді бірде. «Мұғалім баланың бойына жалпыадамзаттық құндылықтарды сіңіруі керек. Өзінің субьективті көзқарасын, өмірге (үкіметке) деген өкпесін тықпалауы қате!» деді үзілді-кесілді. Әлеуметтік желідегі жазбалары оның өз көзқарасын, пікірін ашық айтып үйренген адам екенін көрсетеді. «Қазақ тілінде әзірлеген оқулықтарымыздың өтпей жүргеніне бірнеше жыл болды. Біздің ештемеміз кетпес. Бірақ «орыс сыныптарындағы қазақ тіліндегі оқулықтарда қызықты материалдар жоқ» дегенді естігенде, ішің күйеді. Мынау - биыл тағы өтпей қалған оқулықтарымыздың беттері. Авторлық қаламақыдан ресми түрде бас тарсақ та, өтпеді. Пы-Сы: Тірек сөздер министрліктің бұйрығымен бекітіліп келген». Комментарийлердің бірінде белгілі сарапшы Ақмарал Шатемірқызы: «Бір жылдары қалалық сарапшылар құрамында бар едім, фейсбукқа 5-сынып Атамұра баспасына сыни мақала жазғаннан кейін, сарапшылар құрамына ілінбей қалдым. Маған салса, өткен кітап пен сіздің өтпей қалған кітабыңызды салыстыра отырып, сараптама жасап берер едім. Қарап щықтым, кітабыңыз өте әдемі. Өтпей қалғаны өкінішті Сарапшылар осында шығып, неге өтпей қалғанына жауап берсе екен» деп жазуына қарағанда бұл жерде бір әділетсіздіктер, даулы мәселелер болуы анық. Солай болса да Жанат мойымай, оқулық сапасын жақсарту туралы идеяларын ортаға тастап: «Оқулықтарға мүлдем ақша бөлмей, тегін жазғызу керек. Ақша (көөөөп ақша) жүрген жерде ұрлық қоса жүреді. Адалдық болмайды. Сарапшыларға да ақша төлемей, кездейсоқтық тәсілімен таңдап алу керек. Өзім жұмыстан бос уақытымда тегін оқулық жазуға да, сараптама жасауға да қуана келісер едім» деп ұсыныс жасайды. Ал Білім және ғылым министрлігінде мұндай бастамашыл мамандардың бар екенін біле ме екен? Ол бастама тастап қана қоймай, білек сыбана жұмыс істейді және: «Қазақ тілін үйренуге жеңіл болсын деп, баланың жадында тез сақталу үшін ойын түрінде «КазLingua» электронды қосымшасын әзірлеп шықтық. Әзірлеуге Жанат Қажығали, Дана Нұржігітова, Сейтбекова Айнұр, Қаламқас Байтенова, Айжан Серікбевалар қатысты. Ойынды ақысыз түрде плеймаркеттен жүктеп алуға болады» деп, нәтижесін қуана жариялайды Жазбаларынан оның ел болашағына немқұрайлы қарамайтындығы, қоғамның жақсаруына үлес қосуды ойлайтыны көрініп тұрады: «Әлеуметтік желіден жеріп жүрген достарым көбейіп барады. Өзім – соның бірімін. Өйткені негативтің көптігі сондай, жүрегің айниды. Бірақ батып бара жатқан кемеден қашқан тышқан сияқты болмай, соңғы деміміз қалғанша жақсы дүниелерді жаза беруіміз керек» дейді ол. «Әлеужелідегі ақпараттың ақ-қарасын ажыратып, ақты – «ақ», қараны – «қара» деп саралап отырмасақ, тобырға айналамыз» деп сақтандырады. «Кредит – қарыз ақша емес. 100 теңге алсаң, 150 қайтарасың. Ешкім оны зорлап алғызып жатқан жоқ. Сондықтан да «кредит алма» дегенге ренжу дұрыс емес. Кредитке сотка, машина, тіпті тон алатындар көп». «Кредитті алар кезде тегін ақша сияқты құнықпай, өз мүмкіндігіңді жан-жақты есептеп (план А, план Б, план В) көрпеге қарай көсілу керек. Бірінші кезекте алатын сомаң мен беретін сомаңның айырмашылығына қара. Сонда алғың келмей қалады», - деп ағайынға ақыл қосады. Қазір Жанат Башаринқызының алдынан түлеп ұшқан шәкірттерінің көбі бір мекеменің (ұйымның, органның) тізгінін ұстаған қызметкерлер екен. Мына бір жазбасын сол шәкірттеріне арнаған жолдауы деп қабылдауға болады: «Бастықтарға! Қарамағыңдағы қызметкерді әлеуетіне қарап емес, айналасындағы әріптестеріне қамқорлығына қарап бағала! Сонда бір ғана білікті маман емес, бірнеше білікті маманың болады». Халқымыз «Қызым, саған айтам, келінім, сен тыңда» деп бекер айтпаған ғой. Білікті ұстаздың бұл сөзінің астарын өз шәкірттері ғана емес, шынымен барлық бастықтар түсінсе қандай жақсы болар еді!Камал ӘЛПЕЙІСОВА, жазушы, филология ғылымдарының кандидаты