Егер банкрот болсаңыз...
Егер банкрот болсаңыз...
527
оқылды
Елде жеке тұлғалардың банкроттығы туралы  заң әзір­ленетін болды. Президент Ақордада өткен кеңес кезінде осындай тапсырма берді. Мұндай заңның қажет екені қоғамда біраз уақыттан бері талқыланып келеді. Қаржылық қиындыққа батқан адамды одан сайын қарызға батырып, қиын жағдайда қалдырмау керек. Егер тап осы құжат қабылданатын болса, халықтың жағдайы қалай өзгереді? Оның кері әсері жоқ па? Мақсат ХАЛЫҚ,  экономист: 

БҰЛ ЗАҢ ЕЛІМІЗГЕ АУАДАЙ ҚАЖЕТ

– Қазақстанда халықтың несиелендіру дәрежесі өте жоғары. Несиесін төлей алмай жүргендер көп. Банктердің скоринг жүйесі бар. Өткен жылы әлеуметтік жағ­дайы нашар, төлем қабілеті төмен азаматтарға несие бермеу мәселесі қарастырылды. Бірақ көптеген несие оған дейін берілген. Мәселен, несие мұрагер­лікпен әкесінен баласына қалған. Асырау­шы­­­­сы­нан айырылған азамат оны қалай төлейді? Осындай жағдай­ларда банктер адамгершілік танытып, халықтың несиесін кешіріп жатқан жоқ. Жұмысынан айырыл­ғанда, қарызға батқанда, асыраушысынан айырылғанда, денсау­лығы жарамай қалғанда банктер басын қатырмай, істі сот орын­даушыға тапсырады. Ал олар азамат­тарға қатты қысым жасайды. Қазақстанда осындай жағ­дайда борышкерлерді қор­ғайтын еш­қан­дай заң жоқ. Олар да қоғам­ның бір бөл­шегі. Халықтың әлеумет­тік жағдайы сол себепті де ушығып отыр. банкрот

ҚАРЫЗ БЕРУШІГЕ ҚИЫН

Банкроттыққа тап болған адам­ға ұзақ уақыт бойы несие берілмейді. Қарызды бәрібір төлеуге тура келеді. Бұл белгілі бір жағдайда ауырт­пашылықтың сақталаты­нын көрсетеді. Ал енді аталмыш заң қа­был­данса, қаржылық ұйымдар, банк­тер зардап шегеді. Қарыз беру­ші тарап табысынан қағылуы мүмкін. Қазір сот орындаушылары борышкердің есепшотын бұғаттап тастайды. Нәтижесінде, ол табысынан айырылады. Заңсыз жұмыс­тарға барады. Ресейдің тәжірибе­сіне сүйен­сек, азамат­тарға арнайы шот ашылады. Борышкердің баспанасын тартып алмайды. Жұмыс істеп жүрсе, жалақысын арнайы шот­қа түсіреді. Сондағы қаражат­тың бар­лығы қарызды қайтаруға ұста­лын­байды. Борышкердің 4 ба­ласы болса, соларды асырауға қа­жет­ті сома есепшотта қалады. Одан артылғаны ғана қарызды жабуға ұсталынады. Қазіргі жағдайда банк борышкерлердің жала­қысын ғана емес, әлеуметтік төлемдеріне дейін шек қойып отыр. Зейнетақысын, жәрдем­ақысын ала алмай жүрген­дер бар. Заң қабылданса, осының бәрі реттелетін еді. Сапарбай ЖОБАЕВ, экономист, Қазақ технология және бизнес университетінің оқытушысы:

ЖАРТЫЛАЙ БАС БОСТАНДЫҒЫНАН АЙЫРЫЛАДЫ

– Заңда борышкерлердің жартылай бас бостандығынан айырылатыны анық көрсетілуі тиіс. Себебі борышкердің жұмысы болмаса, дәретхана жуып, құбыр тазалап, химиялық өнеркәсіптерде зиянды жұмыстарды мәжбүрлі түрде істеп, жалақысын қарызын өтеуге жұмсайды. Қандай жұмыс істейтінін өзі шешпейді. Бірақ азаматтар жеке басын банкрот деп жариялауы үшін кепілі болуы керек, отбасы мүшелерінің рұқсаты қажет. Оның мамандығы бар ма? Мәселен, уран шығаратын өнеркәсіпте жұмыс істесе, қалай күн көреді? Неге несиесін төлей алмай қалды? Осы мәселенің барлығын ескеру керек. Аталмыш заң қабылданса, адамдар­дың жауапкершілігі артады. Кәсіп­орын банкрот болса, оны сатады. Ал адам банкрот деп танылса, бас бостандығынан толығымен айырылмайды. Себебі қылмыс жасаған жоқ. Бірақ мәжбүрлі түрде зиянды жұмыстарға жегеді. Бұл – дүние­жүзінде қабылданған заң. Банкрот деп танылған адам жалақысының бір тиынын да қайда жарататынын өзі шешпейді. Несиені жайдан-жай кешіре салу деген жоқ.