Жамбыл облысында тәртіпсіздік кезінде 15 адам қаза тапқан
Жамбыл облысында тәртіпсіздік кезінде 15 адам қаза тапқан
© Sputnik
310
оқылды

Жамбыл облысында жағдай тұрақталды. Ахуал жергілікті билік құрған жедел штабының қатаң бақылауында, – деп хабарлады Жамбыл облысы әкімдігінің баспасөз қызметі.

Облыс орталығы Тараз қаласында террорлық шабуылға тосқауыл қойылып, он шақты қарулы қылмыскердің көзі жойылып, 269 бүлікші ұсталды. 20 қылмыстық іс қозғалды. 104 әкімшілік іс қозғалды.

Жалпы 15 адам қаза тапты. Оның 2-еуі құқық қорғау органдарының қызметкері.

Әкімдікті өртеген белсенді 4 адам ұсталып,  2 Калашников автоматы  тәркіленді.

Қаруланған топқа қарсы Полиция, ҰҚК департаменттері мен «Оңтүстік» әскери қолбасшылығының 2 мыңнан астам қызметкері100-ден астам арнайы техникасы жұмылдырылды.

7 полицей жарақат алса, оның ішінде 2-еуіне оқ тиген.  100-ден астам қызметтік көлік қирады.

283 адам  дәрігерлер көмегіне жүгінген, оның 42-сі ауруханада жатыр.

Теміржол вокзалында 23.00-ден кейін пойыздан түсетін жолаушыларды арнайы  кезекші автобустар тасымалдайды.

Қылмыскерлерді ұстау, жедел іздестіру шаралары жалғасуда.

Облыс бойынша 29 блокбекет жұмыс істеуде, оның ішінде Тараз қаласының кіріс-шығыс қақпаларына 10 блокбекет қойылған. Барлық көліктер тексерілуде. Бүгінгі таңда оларға 4 рет шабуыл жасалған.

Блокбекеттерде шетел, басқа өңірлерден келген көліктер анықталуда.

Бүлікшілер облыс әкімдігінің, «Nur Otan» партиясы филиалының және полиция департаментінің ғимараттарын өртеген.

Зақым келген нысандарды қалпына келтіру жұмыстары басталды.

Зардап шеккен әлеуметтік нысандар жоқ.

Өңірде қоғамдық тыныштықты сақтау бойынша жергілікті билік пен ерікті халықтың, қоғам белсенділерінің бірлескен жұмысы жалғасуда.

ТЖ бекеті, әуежай, әскери қоймалар, «Әмір және Д» әскерилердің қорғауында.

Сондай-ақ, маңызды стратегиялық нысан болып табылатын Қордай ауданы Отар әскери қалашығындағы Биологиялық қауіпсіздік проблемалары ҒЗИ-ды  әскерилер қорғауға алған.

Коммуналдық қызметтер тұрақты жұмыс істеуде.

Бұған дейін Түркістан облысында Алматыдағы тәртіпсіздікке қатысы бар 5 күдікті ұсталғанын жазған болатынбыз.