Қазақстан өңірлерінің басым көпшілігін қамтыған жаппай тәртіпсіздіктер мен бейберекетсіздіктен кейін ел есін жиып, еңсесін тіктеп келеді. Зардап шеккен елді мекендерде жағдайды тұрақтандыру бойынша шаралар қабылданып жатыр. Республика көлемінде экономиканы жандандыруға, әлеуметті қолдауға, кәсіпкерлердің шығынын өтеуге бағытталған алғашқы, шұғыл қадамдар жасалды.
Бизнеске қолдау көрсетіледі
«Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасының мәліметінше, 10 қаңтардағы жағдай бойынша тек бір Алматы қаласының өзінде бизнес нысандарына келтірілген шығынның жалпы сомасы 92,2 млрд теңгеден асты. Жалпы, Қазақстан бойынша шығын 93,7 миллиард теңгеге бағаланып отыр. Бұл, әрине алдын ала есептер, тиісінше алда тек өсе бермек. Кейбір дерек бойынша, елде 140-тан астам сауда ойын-сауық орталығы, сауда үйі және басқа ірі бизнес нысаны тоналған, өртелген. Ұлттық палата қауырт желіні ашқан болатын, оның байланыс орталығына әзірге 2 774 қоңырау түсті, соның ішінде 1 406-сы тонаушылық-мародерлік шағым, 39-ы – форс-мажорға қатысты мәселе, 2-еуі – блок-бекеттер туралы, 3-еуі – зардап шеккен кәсіпкерлерді қолдау қоры бойынша. Бұдан бөлек, жеке тұлғалар 1 324 телефон шалған. «Кәсіпкерлер Ұлттық палатаның жедел желісіне ғимараттардың бүлініп, дүкендердің тоналғаны, қорғаныш терезелерінің, есіктердің қирағаны туралы хабарлап жатыр. Бизнесмендердің сейфтері мен мүлкі тегіс ұрланған. Кәсіпкерлердің айтуынша, қалада жағдай бақылауға алынғанға дейін ұрлық бірнеше дүркін, үсті-үстіне қайталанған. Алматыда 7 қару дүкені тоналған. Көлік дистрибьютерлерінің бірі 5 жаңа көлігінің ұрланғанын және кеңсенің өртелгенін жеткізді», – дейді «Атамекен». Сауда желілері қатты зардап шекті. Тонаушылар дүкендерден барлық затты – алкоголь өнімдерін, темекі, ақша, алтын, киім және аяқкиімді, техника, ұялы телефондарды, азық-түлік өнімдерін түк қоймай алып кеткен, сөрелерді тып-типыл еткен. Кәсіпкерлер қалған тауардың жарамсыз етілгенін мәлімдеді: оларға күйік пен ыс сіңген, сырты бүлінген, бұзылған. Ұлттық палата кәсіпкерлерге шығынды барынша фото және видеоға түсіріп алу және өз бетінше алдын ала шығын актісін жасау керегін ескертеді. Сонда алдағы уақытта бизнесмен мемлекеттен не арнайы қордан көмек алу үшін шығынын дәлелдей алады. Әйтпесе, біраз бизнесмен мемлекеттен көмек күтпей-ақ өз бетінше ісін қалпына келтіруге кіріскен. «Атамекеннің» өңірлік палаталарының қызметкерлері зардап шеккен нысандарды аралап, шығынын тіркеп жатыр. Алматы кәсіпкерлер палатасының өңірлік кеңесі қазақ жерінің қойнауынан қазынасын көсіп-қазып алып жатқан инвесторларды, ірі кәсіпорындарды тәртіпсіздік кезінде күйреген шағын және орта бизнес нысандарын қалпына келтіруге қаржылай көмек көрсетіп, әріптестерін қолдауға шақырды. Бұл кіші кәсіпкерлерге өз ісін жылдам жандандыруға мүмкіндік берер еді. Мемлекеттің бизнеске қандай көмек көрсететінін, кешенді шараларын Мемлекет басшысы жариялайды деп күтілуде.Халыққа қандай демеу бар?
Ел Президенті жағдайды тұрақтандыруға бағытталған бірінші кезекті шаралар ауқымын белгіледі. Атап айтқанда, бензин, дизель, сұйытылған газ бағаларын, коммуналдық тарифтерді көтеруге 6 айлық мораторий енгізілді. Әлеуметтік маңызды азық-түлік тауарларының бағасын жарты жыл бойы мемлекет реттейді. Несиесін төлей алмай, борыш батпағына әбден батқан азаматтардың өмірін жеңілдету үшін Үкімет пен Парламентке «Жеке тұлғалардың банкроттығы туралы» заңды әзірлеуге кірісу туралы тапсырма берілді. Халықтың аз қамтылған топтары үшін қайталама нарықтан баспананы жалға алу құнын субсидиялау түрінде жаңа көмек пайда болады. Денсаулық сақтау және балалар мәселелерін шешу үшін «Қазақстан халқына» атты жаңа қоғамдық қор құрылады: оған мемлекеттік және жеке көздерден қаржы құйылады. Ұлттық экономика министрлігінің мәліметінше, коммуналдық қызмет тарифтері 2022 жылғы 1 шілдеге дейін көтерілмейді. «Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау мақсатында реттелетін коммуналдық қызметтерге – сумен жабдықтау, су тарту, жылумен жабдықтау, газбен жабдықтау және электрмен жабдықтау тарифтерін көтеруге мораторий енгізілуде. Бұл мораторий 2022 жылғы 1 шілдеге дейін әрекет етеді», – деді ведомство. Елде жарияланған төтенше жағдай аясында барлық банк қызметін тоқтатқаны белгілі. Электронды түрде есептесуге жаппай көшкен қазақстандықтар қаржыдан тарығып, біраз қысылып қалды. Қазір Халық банкі, Kaspi ұялы қосымшалары іске қосылды. Кешеден бері азаматтардың жалақысы, зейнетақысы және жәрдемақысы бойынша теңгемен ақша аудару жанданды. Ұлттық банктің түсіндіруінше, бұл халық пен бизнес өкілдеріне ұлттық валютамен өзара есеп айырысуға толық мүмкіндік береді. Кеше қазақстандық қор биржасында (KASE) мемлекеттік бағалы қағаздар нарығының қызметі де қалпына келтірілді. Халықаралық төлемдер мен аударым жүйесі де қайта іске қосылады. Алайда банктердің ақша айырбастау бөлімшелері әзірге ашылмайды. Қызметкерлер мен клиенттерінің қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында айырбастау бекеттерінің ашылуы кейінге шегеріледі. Сонымен қатар 10 қаңтардан бастап елдегі ірі қалалар мен шалғай аудандарда Halyk Bank-тің 297 бөлімшесі ашылған. Жұмыс кестесі орналасқан аймаққа байланысты, яғни таңғы сағат 09.00-ден 17.00-ге немесе 18.00-ге дейін созылады. Бірақ Алматы қаласында, Алматы облысында, Талдықорғанда және Жаңаөзенде банктер жабық. Қазір аға ұрпақ зейнетақыларын алуға жүгірді. Алайда банктердің көбі жабық, қарт адамдар банкомат тілін таба алмайды. Сондықтан 10 қаңтардан бастап ақшаны «Қазпоштадан» алуға болады. Бұл туралы «Қазпошта» АҚ хабарлап отыр. Мамандар қаңтардың 10-нан бастап елдегі барлық бөлімше ашылғанын айтты. Бастысы, елді мекенде интернет жұмыс істесе болды. «Банкоматтарға ақша салу жұмысы басталып кетті. Яғни, «Қазпошта» бөлімшелері мен банкоматтарынан ақшаны шешіп алуға болады. Сонымен бірге Қазақстан бойынша магистралды теміржолдар мен автожолдар бағыттарының іске қосылуына байланысты компания 10 қаңтарда пошталық қызметіне қайта кірісті», – деді «Хабар24»-ке түсініктемесінде «Қазпошта» АҚ департаментінің директоры Алина Жанқұлова. Мұның сыртында бүгіннен хат-хабарды қабылдап, жөнелту, өңдеу ісі де қайта қалпына келеді. Кеше, аптаның алғашқы күнінде азаматтар депозиттерінде жатқан ақшасын шешіп алу үшін банктерге хабарласа бастады. Алайда банктер негізінен 19 қаңтарға, ТЖ біткенше салымдарды беруден бас тартуда. Қазақстанда бағаның шарықтауына тосқауыл қойылып жатыр. Осы мақсатта Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің мәлімдеуінше, азаматтар әлеуметтік маңызы бар өнімдер, азық-түлік, газ, бензин, дизель отыны, такси мен агрегаторлар қызметі бағасын көтеру деректерін жедел желіге хабарлай алады. Елімізде тамақ тапшылығын болдырмау үшін азық-түлік базарларының ашылуына рұқсат етіліп, олардың жаңа жұмыс кестесі белгіленді. Осылайша, Қазақстан бірте-бірте бұрынғы бейбіт өмірге оралып жатыр.