Шекара асып, шырықты бұзды
Шекара асып, шырықты бұзды
298
оқылды
Елдегі соңғы оқиғалар көпшіліктің есін екеу, түсін төртеу қылды. Әсіресе, аяушылық сезімінен ада бүлікшілерге қатысты жұрт арасында аңызға бергісіз әңгімелер желдей есіп жүр. Біреулер еліміздің әр қиырында ойран салғандар арасында шетелдіктер болды десе, енді бірі олардың кейбірінің өзге елдегі дәл осындай оқиғаларда белсенділік танытқанын айтып, отқа май құя түсті. Кейін ресми органдар да бүлікшілердің арасында шетел азаматтары болғанын растады. Осы орайда біз саясаттанушылардың бейбіт күннің шырқын бұзуға шекара асып келгендер жайындағы ой-пікірлеріне құлақ түрген едік. АйдосАйдос САРЫМ, Мәжіліс депутаты:

Бүлікшілерге шекара бөгет емес

– Орта Азия елдері гео­графиялық орналасуы және геосаясат тұрғысынан бір-бірімен біте қайнасып жатыр. Соған қара­мастан әуел баста «қызыл нүкте» саналатын Ауғанстандағы түрлі саяси күштер мен әскери құры­лым­дардың құрамында болғандар оған көршілес Тәжікстан мен Түрікменстанға бас салады деп ойлағанбыз. Алайда олардың аталған елдерді айналып өтіп, Қазақстандағы қоғамдық-саяси жағдайға ықпал еткенін де көріп отырмыз. Сонымен қатар дереккөздер де бүлікшілердің арасында Қырғыз Республикасы, Өзбекстан сияқты көрші елдердің де азаматтары болғаны айтылады. Олардың артында түрлі мақсатты көздеген топтар тұрғаны  бүгінде көпке мә­лім. Деструктивті, экстремистік бағыттар өкілдерінің жетекші рөлімен бірге бұл оқиғалар кезінде криминалдық элементтердің бой көрсеткені аңғарылды. Тіпті, билікті басып алуға әре­кет жасалды. Бүлікшілер мақсат­тарына қол жеткізу үшін телеарна­ларға, стратегиялық нысандарға шабуылдады. Алайда ойға алған­дарын толықтай жүзеге асыра ал­мағандар жаппай тәртіпсіздік жасады. Осы жағдайларға қарап, олардың кәсіби дайындықтан өткенін бағамдай беруге болады. Бір ғана мысал, қарапайым азамат банкоматты оңай бұза алмайды. Ал елдегі бүлік кезінде бүлікшілер банкоматтарды әп-сәтте ойрандап кетті. РасулРасул ЖҰМАЛЫ, Президент жанындағы  Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің мүшесі, саясаттанушы:

Іштен шыққан жау жаман

– Ел аумағында терроршы­ларға қарсы жүргізілген арнайы операциялар кезінде бүлікші­лердің дені ұсталды. Олардың арасында шетел азаматтары да бар екенін естіп, біліп отырмыз. Дегенмен тергеу мүддесіне байланысты шеттен келіп, лаң салғандар жайында толық мәлімет таратылмайды. Дегенмен оқиға куәгерлері бүлікшілердің түр-түсіне, тіліне қарап, олардың арасында шетелдіктер болғанын айтты. Оған қоса, Алматыда тұратын, осы елде туып-өскен азаматтардың мұндай жа­уыз­дыққа баруы екіталай. Қала­ның астан-кестенін шығарғаны өз алдына құқық қорғау орган­дарының кейбір қызметкерлері асқан айуандықпен өлтірілді. Енді бұл әрекетті өзіміздің азамат­тардың қолымен жасалды деуге сену қиын. Жалпы, біздің елдің шекарасынан өту аса қиындық тудыра қоймайды. Сәйкесінше, содырлар біздің елге қарапайым турист, емделуші, тіпті студент ретінде емін-еркін өтуі мүмкін. Оған елдегі заңсыз еңбек миграция элементтерін  мысал етуге болады. Әлемдік тәжірибеде түпкі мақсаты беймәлім ондай азаматтар «сүзгісі» мықты елдердің өзінде шекарадан өтіп, жымысқы ойларын жүзеге асырып жатады.  Міне, осындай жолмен елге келгендерді мүдделі топтардың бүлікке тарту мүмкін­дігін жоққа шығара алмаймын. Ал олардың дені Орта Азия мен Таяу Шығыс мемлекеттерінің азаматтары болуы мүмкін. Дегенмен Алматыдағы бүлік тек шетелден келген бүлікшілердің қолымен жасалды деген пікір қисынсыз. Мұнда елдегі осындай сәтті күткен «ұйқыдағы топтардың» да белсенділігін жоққа шығара алмаймыз. Бүліктен бір кездері турист ретінде Түркияға барып, одан Сирия­дағы соғысқа қатысып, кері орал­ған­дардың қолтаңбасын анықтау да құқық қорғау органдарының еншісінде. ЕрланЕрлан САИРОВ, Мәжіліс депутаты, саясаттанушы:

Жау жоқ деме...

–  Бүлікшілердің арасында өзге ел азаматтары көрші мемлекеттерден келуі мүмкін. Тіпті, олар­дың арасында ауған азамат­тарының болуы мүмкіндігін де жоққа шығара алмаймыз. Ресми дереккөздері Алматы қаласындағы полиция басқарма­ларына шабуыл жасағандардың көбі қазақ тілін білмейтінін, түр-тұлғасы қазақтарға мүлдем ұқса­май­тынын айтып жатыр. Оның үстіне, бүлікшілердің көбі соғыс тактикасын шебер меңгерген. Әсіресе, құқық қорғау органдары­ның қызметкерлеріне қарсы ұрыс жүргізудің де айла-тәсілдеріне жетік. Бұл олардың кәсіби дайын­дығы мен осы секілді оқи­ғалардағы мол тәжірибесін көрсетеді. Ал енді олардың «бұл әрекетке баруына не себеп болды?»  дейтін болсақ. Бүлікшілердің басты мақсаты – еліміздің тәуелсіздігі мен біртұтастығына қауіп төндіру. Өз мақсаттарына жету үшін ұйымдастырушылар бүлікшілерді қаржылай ынталандырып отыруы да ғажап емес. Олардың шекарадан кедергісіз өтуі ұлттық қауіп­сіздік саласындағы жұмыстың әлсіздігін айғақтады. Тіпті, олар­дың содырлардың әрекетіне көз жұма қарауын алдын ала келісіммен болған дүние деуге болады.