Бас қалада күн сайын әлеуметтік маңызы бар азық-түлік бағаларына бақылау жүргізілмек. Бұл жайында қала әкімінің орынбасары Ерлан Бекмұрзаев мәлімдеді. Осындай бақылаулардың арқасында шенділер тапшылық болмайтынына сендіріп отыр.
«Қаладағы сауда нысандарына бақылау жүргіземіз. Аумақта азық-түлік тапшылығы жоқ. Қалаға 6 блок-бекет қойылған. Барлық блок-бекет қойылған күннен бастап азық-түлік тауарларын жеткізу бойынша мәселелер шешілді. Сауда желілері штаттық режимде жұмыс істеп тұр. Рұқсат етілген уақыт таңғы 8-ден 22.00-ге дейін», – деді Бекмұрзаев.
Қала әкімінің орынбасары барлық кәсіпкерден ережеге бағынуды, дүкен сөрелерінен ішімдікті алып тастауды, жұмыс уақыты мен режимді сақтауды сұрады. Сондай-ақ ол баға өскен жағдайда кәсіпкерлерге қатаң шаралар қолданылатынын айтты. Әкімдік қызметкерлері қаланың ірі сауда орталықтарын аралаған. Қарбалас кезінде азық-түлік тапшы болмағанын жеткізіп отыр.
«Қазір бас қалада Magnum желісінің барлық дүкені ашық. Олардың жұмыс уақыты төтенше жағдай режиміне сәйкес келеді. Жағдай тұрақталса, уақыты ұзарады. Дүкендерде қарбалас байқалмады, әлеуметтік маңызы бар тауарлар қолжетімді. Бағалар тұрақты. Тауарлар қымбаттамады. Серіктестерімізге бағаны тұрақты ұстап тұрғаны үшін алғыс айтамын. Ішімдік саудадан алып тасталды», – дейді Magnum компаниясының директоры Елена Зименко.
Төтенше жағдай режимі дүкендердің жұмысына зиянын тигізбегенге ұқсайды. Себебі барлық тауар бар. Жауапты мамандар тұрғындарға сабыр сақтап, тек қажетті тауарларды алуға кеңес беріп отыр. Өйткені тапшылық қаупі жоқ.