Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Мәжілістің жалпы отырысында депутаттар мен әкімдердің еңбекақысын көтеруге бесжылдық мораторий жариялады, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Үкімет мүшелері мен депутаттардың және әрине әкімдердің еңбекақыларын атап өтейін. Өткен жылдың соңында бұл мәселе қоғамда қызу талқыланды. Негізі аталған санаттағы мемлекеттік қызметшілердің жалақысы толығымен жеткілікті деп санаймын. Сондықтан Үкімет мүшелерінің, өңірлердің әкімдерінің және депутаттардың жалақысын көтеруге бес жылдық мораторий жариялауға болады деп санаймын», - деді Мемлекет басшысы Мәжілістің жалпы отырысында.
Бұл ретте Президент әкімшілік мемлекеттік қызметшілер мен бюджеттегілердің еңбекақысын өсіру жалғасатынын айтты.
«Бұл Мәжіліс депутаттары үшін жақсы жаңалық емес екенін түсінемін, бірақ сіздер бұл жаңалықты түсіністікпен қабылдайсыздар деп ойлаймын. Әкімшілік мемлекеттік қызметшілер мен бюджеттегілердің еңбекақысын бюджет мүмкіндіктерінің өсуіне қарай арттыруды жалғастырамыз», - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.