Жанармай бағасын өсіргендер де табылды
«Аршалы кентіндегі жалғыз жанармай бекетіне бензин құю үшін бардым. Президент жанармайды 182 теңге деп бекіткенімен бұл бекет жанармайды 185 теңгеден қымсынбай-ақ саудалауға көшкен. Ал ұсынған карточкамды қабылдамай қойды. Аударым жасауға да келіспеді. Қожайыны рұқсат етпепті-мыс. Қолма-қол төлейтін ақшам жоқ. Жан-жаққа тамыр-танысыма хабарласып қолма-қол ақша сұрауға мәжбүр болдым. Бірақ ешкімде қолма-қол ақша табылмады. Банктер жабылып, банкоматтарда ақша таусылып қалған. Ақмола облысының Біржансал ауданында да дәл осындай оқиғалар қайталанғанын естідім. Мемлекет басшысының жүктеген тапсырмасы неге орындалмай жатыр? Сонда салықтан жалтарып онсыз да жүгенсіз кеткен бағаны қиын кезеңде көтеріп жатқан кәсіпкерлерге кім тоқтау салмақ?», – деп налыды Асылбек Байжұма Аршалы ауданынан. Біз облыс орталығындағы бірқатар сауда орындарында дәл осындай жағдайды тағы байқадық. Дүкендердің басым бөлігі интернеттің жоқтығын сылтауратып, халықтан қолма-қол ақша сұрауға көшкен. Дүкеншілер мұны интернеттің істемеуінен чек соға алмайтындықтарымен түсіндірмек болды. «Біз қолма-қол ақшамен ғана сауда жасауға мәжбүрміз. Интернет болмағандықтан кассалық аппараттар жұмыс істемейді. Каспи және Халық банктерінің қосымшасынан аударымдарды қабылдай алмаймыз», – деді «Рубин» сауда орталығының дүкеншілерінің бірі. Аталған мәселені облыстың мемлекеттік кірістер департаментінен сұрап, мәселенің мән-жайын білмек болдық. Департамент басшылығының айтуынша, кәсіпкерлік нысандарына тексеріске мораторий берілгендіктен олар арыз болмаса еш амал жасай алмайды екен. «Төтенше жағдай кезінде яғни 5 қаңтардан 19 қаңтарға дейін сауда орындарына тұтынушыларға чекті қолмен жазып, кейін оны 15 күн ішінде тапсыруға нұсқау берілген. Кәсіпкерлер осылай жасауға тиіс. Әзірге қойылған талаптың бұзылғаны жөнінде облыстық департаментке еш арыз түскен жоқ. Біз тек арыз түскен жағдайда ғана тиісті шара қолдана аламыз», – деді Ақмола облысы Мемлекеттік кірістер департаменті басшысының орынбасары. Мемлекет басшысы жүктеп бекіткен бағалардың өңірде іс жүзінде қалай орындалып жатқанын тиісті мемлекеттік органдардан да сұрап білмек болдық. Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің Ақмола облысы бойынша департаменті өңірдегі жағдайдың толықтай бақылауға алынғанын атап өтті. «Мемлекет бойынша осыған дейін бағаны көтерген газ тарату кәсіпорындарының 22 субъектісі анықталып, жұмыс жүргізіліп жатыр. Ал дәл қазіргі уақытта облыс аумағында газдың бағасы 70-75 теңгеден саудаланып жатыр. Департамент мамандары күн сайын мониторинг жүргізіп, азық-түлік, газ және жанармай бағасын бақылауға алды. Қазіргі уақытқа дейін ешқандай бағаны көтеру оқиғалары тіркелген жоқ. Егер тіркелген жағдайда алдымен хабарландыру беріліп, одан кейін орындалмаса тергеу жүргізіліп жауапкершілікке тартылады. Өңірдің қалалық және облыстық кәсіпкерлік басқармалары және бөлімдерімен бірлесіп тиісті мониторингтер жүргізіліп жатыр», – дейді департамент басшысының орынбасары Әділ Болатұлы.Шығынға жұмыс істеп жатырмыз...
Газ бағасы бойынша бекітілген бағаның қалай орындалып, сондай-ақ газ таратушы компанияларға қалай әсер еткенін де анықтамақ болдық. Өңірдегі жетекші газ таратушы – «Көкшетау Транс Газ» компаниясы басшылығының айтуынша, Президентпен бекітілген газ бағасы сатып алып жатқан бағадан әлдеқайда артық болып шыққан. «7 қаңтардан бастап біздің компаниямен жұмыс істейтін барлық газ құю бекеттерінде баға 120 теңгеден 70 теңгеге дейін төмендетілді. Біз барлық сатып алушылармен шұғыл жиын өткізуге мәжбүр болдық. Қазір біз шығынға жұмыс істеп жатырмыз. Сұйылтылған газды келісіне 195 теңгеден сатып алатын кәсіпкерлер оны келісіне 120 теңгеден қалай сататынын түсіне алмай қалды. Қазір біз газ бағасын келісіне 100 теңгеден саудалап жатырмыз. Барлық шығындарды «Көкшетау Транс Газ» өз мойнына алып отыр. Ал оның қалай өтелетіні әлі белгісіз күйде болып отыр. Үкімет бұл мәселенің шешімін табатынына сенімдімін», – дейді «Көкшетау Транс Газ» компаниясының қаржылық директоры Батыр Әшіров.Облыстағы ахуал тұрақты
Ал бүгін облыстағы жедел штаб жиынын өткізген облыс әкімі Ермек Маржықпаев өңірдегі жағдайдың тұрақты екенін атап, баға саясаты мен халық тұтынатын азық-түлік пен жанармайдың бағасы толықтай бақылауға алынғанын жеткізді. «Қазір облыс аумағында жағдай тұрақты. Полиция ерікті азаматтардың көмегімен қоғамдық тәртіпті тұрақты сақтап отыр. Қолма-қол ақшамен тауар сатып алу мәселесі облыс аумағында шешілді. Бүгіннен бастап облыс аудандарындағы банкоматтарды қолма-қол ақшаға толтыру жұмыстары басталды. Сауда желілерінде қажетті азық-түлік тауарлары мен алғашқы қажеттіліктер жеткілікті. Облыстағы жауапты қызметтерге коммуналдық төлем, азық-түлік, газ, жанармай, көмір сияқты халық тұтынатын тауарларға баға саясатын сақтау жөнінде тиісті тапсырмалар бердім», – деді облыс әкімі Ермек Маржықпаев.P.S.
Күрделі жағдай ешкімге де оңай соқпағаны шындық. Дегенмен ішінара жүгенсіз кеткен баға саясатын бақылауда тиісті органдардың тарапынан темірдей жауапкершілік қажет екені анық.
Ақмола облысы