Ақмолада азық бағасы аспандап тұр
Ақмолада азық бағасы аспандап тұр
394
оқылды
Ел ішіндегі жаппай тәртіп­сіздіктерден кейінгі қысылтаяң шақта ірі кәсіпорындар мен өндіріс орындарына, шағын және орта бизнес иелеріне бағаны көтермеуге өтініш берілген. Әсіресе, халық тұты­натын әлеуметтік маңызды азық-түлік тауарларының бағасын өсірмеуді Президент қадап тапсырды. Күні кеше Үкіметке азық-түлік бағасын реттеу және тұрақтандыру мақсатында арнайы комиссия құру тапсырылды. Аталған бастамаға сәйкес, еліміздің барлық аймағын­да бағаларды реттеу жөнінде облыс әкімдігі мен тиісті ведомстволар мен органдардың өкілдерінен құралған комиссиялар жұмысын бастап кетті. Республика бойынша азаматтардың азық-түлік, жанар-жағармай, такси және басқа да қызметтердің бағасының күрт көтеріліп кеткені жөніндегі өтініш­тері мен арыз-шағымдарын қабыл­дайтын тәулік бойына жұмыс істей­тін жедел желі ашылды. Дегенмен жұрттың әлеуметтік желілер және басқа да алаңдарда наразылық білдірген пікірлері мен шағымдары көбейе бастаған. Ақ­мола облысында да бағаны шектен тыс өсірген жайттар жиіледі.

Өңірде сүт бағасы неге шарықтады?

Облыс аумағында халықтың басым бөлігі негізінен пастерленген сүт бағасының дүкендер мен ірі сауда орындарында бірден күрт көтеріліп кеткеніне алаңдап отыр. Әлеуметтік желілерде желдей ескен тұрғындар сүт құнының бірден 50-70 теңгеге, ірімшік бағасының 250-300 теңгеге  дейін қымбаттап кеткенін қызу талқыға салды. Тұрғындардың айтуынша, азық-түлік дүкендерінде өңірде шығары­латын сүт өнімдерінің өзі бірден бірнеше есеге шарықтап шыға кел­ген. «Жаңа жылға дейін ғана жарты келі ірімшікті дүкеннен 650 теңгеге сатып алғанмын. Жаңа барсам, 930 теңгеге бір-ақ көтерілген. Шамамен 50 пайызға жақындап қалыпты! Бұл не сұмдық? Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Үкімет­ке төтенше жағдай кезінде бағаны бақылауға алу туралы қадап тап­сыр­ған жоқ па? Өз өңірімізде шы­ға­тын бұл сүт өнімдері бағасының осылайша неге күрт көтереді? Онсыз да шықпа, жаным, шықпа­лап отырған халық енді қалай күн көрмек?», – дейді Әлфия есімді Көкшетау қаласының тұрғыны. Аталған мәселе бойынша әлеуметтік желі бетінде жазылған пікірден көз сүрінеді. Тұрғындар байқағандай сауда сөрелерінде осыған дейін 2 530 теңге шамасында тұрған май өнімдерінің де бағасы көтерілген. Осы жағдайға орай «Гормолзавод» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директоры Ерсайын Жақсылықовтың да пікірін білгенді жөн көрдік. Кәсіпорын иесі өңірдегі өз өнімдері бағасының күрт көтерілуін былтырғы жылғы жаздағы қуаңшылық және қысқы уақыттағы сүт шикізатының тапшылығымен түсіндірмек болды. «Біз сүт шикізатын радиусы 300 ша­қы­рым аумақтағы шаруа­шылық­тар мен шаруа қожа­лық­тары­нан сатып аламыз. Шикізат көлемі қазір тым төмендеп кетті. Осыған байланысты жазғы уақытта шамамен тәулігіне 80 тонна өнім өндірсек, қазір 20 тонна ғана сүт өнімдерін шығарудамыз. Мал әлі төлдемегендіктен және жазғы уақытта қуаңшылық болуына байланысты жемшөптің азаюы сүт бағасына ықпал етті. Қазір біз 3,2 пайыздық пастерленген сүтті 270 теңгеден шығарып, сауда орындары 10 пайыздық үстемемен сатып отыр. Басқа да сүт өнім­дерінің бағасы аталған себептерге байланысты біршама өсті», – дейді кәсіпорын директоры Ерсайын Жақсылықов.

Құрылған комиссиялар бағаны құрықтай ала ма?

Бағаның барлық азық-түлік өнімдеріне өсіп бара жатқанын облыстың кәсіпкерлік және өнер­кәсіп басқармасының басшылығы да мойындады. Жүгенсіз кеткен бағаны бақылау үшін облыс бойынша шұғыл арада комиссия құры­лып, оның құрамына облыс әкімі­нің орынбасары, Кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасы, Ауыл шар­уа­шылығы басқармасы, аудан және қала әкімдіктері, «Атамекен» кә­сіпкерлер палатасы, антимоно­полия­лық комитет және «Көкше» әлеуметтік-кәсіпкерлік кор­порация­сының өкілдері кірген. «Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, облыс аума­ғында дүкендер мен сауда орындарында Үкіметпен бекітілген әлеу­меттік маңызды 19 тауар түрлері бойынша баға бақыланып отыр. Бұдан бөлек, азық-түлік өнімдері мемлекетпен реттеуге жатпайды.  Аталған тізімдегі азық-түлік бағасы бойынша әзірге заңбұзушылықтар анықталған жоқ. Сауда орындарында бағаның көтеріліп кеткенін байқаған тұтынушылар да жергілікті әкімдікке арыз, сон­дай-ақ жедел желі арқылы хабар бере алады. Ақмола облысының тұрғындары 8 (7162) 50-40-23, 8 776 122 28 38 телефондары ар­қылы хабар бере алады. Сауда орындары заңға сәйкес, 15 пайызға дейін үстеме қосуға құқы бар. Ал одан асып кеткен жағдайда тексеріс жүргізіліп, ірі көлемде айып­пұл салуға дейін жауапкершілік артылады. Өңірде сүт өнімдері бағасының көтерілуі бойынша арыз-шағымдар қарастырылып жатыр. Қазір облыс әкімі орынбасары, аудан және қала әкімдіктері, Ауыл шаруашылығы, Кәсіпкерлік басқармалары, облыстың Бәсеке­лестікті қорғау және дамыту департаменті мен «Атамекен» палатасы­ның өкілдерінен құралған комиссия жұмыс жүргізіп жатыр», – дейді Ақмола облысы Кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасы бас­шы­сының орынбасары Жаслан Айдрахманов.

P.S.

Төтенше жағдай кезінде бағаны тұрақтандыруға тегеурінді тапсырма берілді. Бірақ өңірлерде бұл тапсырма орындала ма? Халықтың қал­та­сын аяздай қарыған қымбатшылыққа қалай тосқауыл қойылады? Бұл мәселе күн тәртібіндегі ең басты мәселелердің біріне айналған. Әзірге халықтың пайдасына шешілмей жатқаны байқалып тұр...

Ақмола облысы