Жаңа жылды шетелде қарсы алып, елге қайтуына төтенше жағдай кедергі болған қазақстандық туристер 14 қаңтарға дейін үйлеріне оралады. «Туристік Қамқор» корпоративтік қорының мәліметінше, кешегі күннен төрт репатриациялық рейс жоспарланыпты.
«1 мыңға жуық турист Біріккен Араб Әмірліктерінде қалды. Бірақ ол жақтан ұшақтар күн сайын ұшып келіп жатыр. Сондай-ақ Анталиядан да рейс ашылды. Рейстер SCAT және Air Astana әуекомпанияларының ұшақтарымен орындалып жатыр. Қазақстанға оралу қалыпты кесте бойынша жүзеге асады», – деді «Туристік Қамқор» корпоративтік қорының жетекшісі Инна Рей.
Қор өкілдері алматылық туристердің барлығын Нұр-Сұлтан қаласына әкелетінін және олардың барлығын қонақүйлерге орналастыратынын айтты. Кейін олар Алматы теміржол көлігі арқылы жөнелтіледі.