Полицейлер Алматыда жаппай тәртіпсіздік кезінде әскери көлікті айдап кеткен бүлікшіні ұстады. Қалалық Полиция департаментінің баспасөз қызметі қолға түскен күдіктінің Павлодар облысы Екібастұз қаласының 27 жастағы тұрғыны екенін мәлімдеді. Сондай-ақ оның тонау деректеріне де қатысы бар екені белгілі болды.
Алматы қаласы Өжет шағынауданында қолға түскен күдіктіден 30 оғы бар «Сайга» тегіс ұңғылы мылтық тәркіленді. Ол мылтық қару-жарақ дүкенінен ұрлаған. Бұдан бөлек, Алатау ауданының полиция қызметкерлері қару-жарақ дүкенін тонаған үш адамның қолына кісен салды. Олардан қару-жарақ дүкенінен тәркіленген Аta-arms, Remington-700 және Sauer-202 маркалы мылтықтар тәркіленді. Қазір күдіктілердің барлығы қамауға алынды.