Алматы облысында бір отбасының 3 адамын атып тастаған
Алматы облысында бір отбасының 3 адамын атып тастаған
466
оқылды

Талдықорғанда өткен сенбі күні қайғылы жағдай болды. Марқұмдардың туыстарының айтуынша, оқиға коменданттық сағат кезінде қонақтан қайтып келе жатқанда болған. Сол жерде көз жұмған 3 адамның ең кішісі 15 жаста, – деп хабарлайды Экспресс К.

Қайғылы жағдай 8 қаңтар күні кешкі сағат 21:00-ден асқанда Ақбастау және Жабаев көшелерінің қиылысында болған. Марқұмдардың туыстарының айтуынша, қонақтан үйіне қайтып келе жатқан әкесі, анасы және қызын әскерилер атқан болуы мүмкін. Нұрболат Сейітқұлов, Алтынай Етаева, Нұрай Оразақынның денесін туыстары кеше жер қойнына тапсырды.
"Олар досының үйінен қонақтан келе жатқан. Коменданттық сағат 21:00-ден кешікпейік деп үйіне қарай шыққан. Ол марқұмдардың үйінен алыс емес. Ары кетсе 2-3 минутта жететін жер. Соған жете алмай қалып отыр емес пе?! Әскерилер атып тастап отыр. Кеше жерледік. Қазір тоқтамаған соң атты деген әңгіме шығып отыр. Қарап тұрсаңыз, тоқтатса кез келген адам тоқтайды ғой. Тоқтамаған күннің өзінде бас салып оқ жаудыру дұрыс емес қой. Үшеуі де тура сол жерде өліп кетті", – дейді марқұмдардың туысы Рүстем Ахметжанов.
Қайғылы жағдайдан бері 4 күн өтсе де, марқұмдардың туыстарына құзырлы орган тарапынан ешкім келмепті. Рүстем Ахметжанов үш бірдей туысы үшін соңына дейін барамын деп отыр.
"Құзырлы органдарға арызданамыз. Өйткені ай-күннің аманында бір үйден үш мәйіт шығарып отырмыз. Әкімдіктен, Полиция департаментінен ешкім келмеді. 4 күн болды, міне, ешкімді көрген жоқпын. Біз бұл жағдайды жылы жауып қоймаймыз", – дейді Рүстем Ахметжанов.