АҚШ-пен тіке әуе қатынасы орнайды
АҚШ-пен тіке әуе қатынасы орнайды
202
оқылды
Сенат Төрағасы Мәулен Әшімбаевтың төрағалығымен өткен отырыста сенаторлар елімізде болған оқиғаларға қатысты ойын айтты. Палата Спикері қаза тапқан құқық қор­ғау қызметкерлерінің және бейбіт тұрғын­дар­дың отбасылары мен жақындары­на көңіл айт­ты. Сондай-ақ зардап шеккен азамат­тар­дың тезірек сауығып кетуіне тілектестігін біл­дірді. Содан соң депутаттар бірқатар мә­се­лені қарады. Елімізде болған оқиғаларға қатысты пікір білдірген Мәулен Әшімбаев Мемлекет басшысының уа­қытылы әрі жедел қабылдаған шешімдерінің ар­қа­сында қысқа мерзімде еліміздегі жағдай тұрақ­та­лып, мемлекетіміздің қауіпсіздігі қамтамасыз етіл­ге­нін айтты. «Жаңа жыл еліміз үшін үлкен сын сағатымен бас­талды. Біз тәуелсіз Қазақстанның тарихындағы ең қа­терлі кезеңмен бетпе-бет келдік. Шын мәнінде, мем­лекеттілігімізге қауіп төнді. Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаевтың дер кезінде қабылдаған нақ­ты шешімдерінің арқасында қылмыстық әре­кеттерге тегеурінді тойтарыс берілді. Осы жолда біз­дің тәртіп сақшылары мен әскерилеріміздің жан­кешті іс-әрекеттерін ерекше атап өткен жөн», – деді Мәулен Әшімбаев. Сонымен қатар Палата Спикері жыл басында бол­ған қайғылы оқиғалар елімізде жүйелі және шы­найы өзгерістер қажет екенін көрсетіп бергенін айт­ты. Ол Мемлекет басшысы өз сөзінде осы мәсе­ле­ге тоқталғанын да атап өтті. Сондай-ақ Сенат Тө­ра­ғасы еліміз дамудың жаңа кезеңіне аяқ бас­қа­ны­на назар аударды. Ол осы жолда Парламент Се­наты ел Президентінің барлық бастамасын қолдай оты­рып, оларды заңнамалық тұрғыдан қамтамасыз ету үшін қажетті жұмыстарды сапалы әрі уақытылы жүзеге асыруға тиіс екенін жеткізді. Отырыс барысында сенаторлар басқа қызметке ауы­суына байланысты Қанат Мусинді Жоғарғы Сот су­дьясы қызметінен босату туралы Президенттің ұсынымын қарады. Одан бөлек, депутаттар «Қазақстан Респуб­лика­сы­ның Үкiметi мен Америка Құрама Штат­тарының Үкіметі арасындағы Әуе қатынасы туралы келiсiмді ратификациялау туралы» заңды қарап, қабылдады. Бұл құжат Қазақстан мен АҚШ-тың әрбір авиа­кә­сіп­орнына біздің елдеріміз арасында кез келген бір немесе екі бағытта рейстерді жүзеге асыруға, бір әуекемесінің ұшуы шеңберінде рейстердің әртүрлі нөмірін біріктіруге мүмкіндік береді. Сондай-ақ елдер арасындағы әуе қатынасын жеңілдетуге ба­ғытталған басқа да шаралар қарас­тырылған. Бұдан бас­қа, мұндай әуекемелерін кедендік баждар мен алым­дардан босату көзделеді. «Бүгін қаралған Келісім Америка Құрама Штаттарымен тікелей әуе қатынасын ашуға бағытталған. Бұл екі ел арасындағы сауда-экономикалық қа­ты­нас­тарды арттыруға, мемлекетіміздегі халық­аралық авиарейстер санын көбейтуге мүмкіндік береді», – деді заң жөнінде пікірін білдірген Мәулен Әшімбаев.