Білімді біліктілік құжатымен растаңыз
Білімді біліктілік құжатымен растаңыз
494
оқылды
Қоғамда көп талқыланған «Кальмар ойыны» фильмін  еске түсіріп көрейік­ші. Ба­сын­да баспанасы не тұрақты жұ­мысы жоқ, қарызға белше­сі­нен батқан адамдар ақша үшін бәріне барады. Күні кеше ға­на көшеге шыққандардың  көбі­нің хәлі осындай емес пе?  Ал табысы төмен, өмірден өз ор­нын таба алмай жүрген жан­дар­ды арандату қиын емес. Ендеше елімізде сол жұмыс­сыз­дардың  саны неге артты? Сұра­саңыз, бір-екі диплом ұста­ғандары көп. Бар мәселе бі­лім­нен гөрі біліктілікке ті­рел­­м­ей ме? «Атамекен» ұлттық кәсіп­керлер палатасы мен Білім және ғылым министрлігі бірлесіп жүр­гіз­ген зерттеу соңғы 3 жылда түлек­тердің 74 пайызы ғана жұ­мысқа орналасатынын анықтапты. Мысалы, былтырғы оқу жылында диплом алғандардың 71 пайызы ғана жұмыс тапқан. Жоғары оқу орнын бітірген түлектердің 20 мыңы әлі күнге дейін жұмысқа ор­наласқан жоқ. Бұған пандемия да кері әсерін тигізді. Өйткені шағын кәсіпкерліктің табысы азайып, қызметкерлер саны 11 па­­йызға кеміді. Нәтижесінде, қо­ғамда дипломды жұмыссыз­дардың саны күрт өскен. Олар дипломы бола тұра неге жұмыссыз? Себебі бір жапырақ қағаз маманның біліктілігіне баға бере алмайды. Елімізде экономика сұра­ны­сы­на сай мамандар дайындау ұлттық біліктілік жүйесін қалыптастыру қажет екенін аңғартады. Өйткені біліктілігі төмен маман түптің тү­бінде жұмыссыздар қатарын то­лықтыруы мүмкін. Демек, ұлттық бі­ліктілік жүйесі мамандардың бә­­секеге қабілеттілігін анықтауға ық­­пал етуі тиіс. Жалпы, маман­дар­дың айтуынша, ұлттық біліктілік жүйе­сі үш бөлімнен тұрады. Бірінші – жұмыс берушінің жұмысқа ала­­тын адамның біліміне, дағдысына қоя­тын талабы. Сол талапты «кә­сіп­тік стандарт» деп атайды. Екін­ші, кәсіптік стандартты әзірлеген­нен кейін оған білім беру стандарт­тары мен бағдарламалары бейім­делуі керек. Сонда білім беру ошақ­тары бизнестің, экономиканың сұ­ра­нысына сай мамандар дайын­дайды. Ұлттық біліктілік жүйесінің үшінші бөлігі – алған білімді тә­уелсіз бағалау, яғни сертификаттау. Бұл туралы кезінде экс-министр Бір­жан Нұрымбетов: «Диплом – бі­лімді растайтын құжат, бірақ дамы­ған мемлекеттерде маманның дип­ло­мына қарамайды. Олар білікті­лік­ті растайтын тәуелсіз орталық­тар­ға жібереді. Ол орталық білікті­лігін растайтын сертификат береді. Сер­тификаттың құны дипломнан жоғары. Біз осындай жүйені қалып­тастыруымыз керек» деп айтқан еді. Әлемдік тәжірибеде адамдар­дың біліктілігін дамытудың аста­рын­да бірінші кезекте жеке адам­ның қажеттіліктері тұрады. Екінші кезекте өндірістің, экономиканың қажеттіліктері. Біліктілігі бар адам­дарға барлық уақытта жұмыс та­былады. Ал біліктілікті беру, оны ба­ғалау күрделі жұмыс. Оның тәр­тібін, шартын біз дұрыс белгілей де, жүзеге асыра алмай да отырмыз. Оқу орындары маманды өзі оқы­тып, өздері емтихан алып, маман­дығын да, біліктілігін де дипломмен қосып беріп отыр. – Еліміздің Еңбек кодексіне байланысты азаматтар жұмысқа тұрар кезде дипломмен қоса бі­ліктілік құжатын көрсетуі қажет. Бізде дипломның ішінде қандай мамандық пен біліктілік алғаны қоса жазылып беріледі. Төрт жыл оқыды деп біліктілік беруге бол­майды. Өйткені біліктілік азамат­тың мамандығы бойынша қолынан іс келетінін дәлелдейтін құжат. Қазір Еңбек министрлігі біліктілік туралы арнайы заң дайындап, қабылдайын деп жатыр. Сол жерде еліміздегі біліктілікті анықтап, құ­жат беру мәселесі көрсетілген. Өр­кениетті, экономикасы дамыған ел­дерде мамандыққа арналған бағ­­дарламалармен оқып, акаде­миялық арнайы білім алу тәртібі бір басқа, ал жұмысқа тұру үшін білік­тілік тестін тапсырып, сертификат алу мүлдем басқа. Менің ойымша, біз барлық салаға біліктілік сер­тификатын алу жүйесін енгізсек, оқу орындарының білім сапасын қамтамасыз етуге жауапкершілігі артар еді, – дейді Білім және ғылым ми­нистрлігінің қоғамдық кеңесінің мүшесі Қадырбек Бөрікбеков.

Мұғалімнен басталған бетбұрыс

Елімізде біліктілік тестін 2018 жылдан бері педагогтер тапсырып келеді. Алғашында білім саласын­дағы бұл жаңалыққа біразы тосыр­қай қарады. Содан кейін көпші­лік­тің көңілі сабасына түсті. Мұғалім­дер бұрынғыдай еңбек өтіліне қарай емес, білімі мен біліктілігіне қарай бағаланды. 4 санаттың бірін алған күні санатта да, жалақыда да айыр­ма болады. Ең бастысы, бұл үрдіс «болдым, толдым» деуге мұрша бер­мейді. Өмір бойы оқу мен із­денуге үлкен мотивация. Ал өткен жылдан бастап мектепке жұмысқа тұру үшін дипломға қоса біліктілік сертификаты талап етіле бастады. [caption id="attachment_179143" align="alignleft" width="1200"]білім © коллаж: Елдар Қаба[/caption] – Жұмыс істейтін мұғалімдерге біліктілік сертификаты бұрыннан беріліп жүрсе, жоғары оқу орнын бітіре салып, біліктілік тестін тап­сыру енді ғана заңмен бекітілді. Біліктілік сертификаты ең алдымен шынайы, сауатты кадрдың білім саласында жұмыс істеуіне мүм­кін­дік берсе, бейкәсіби адамның жо­лына тосқауыл қояды. 2019 жылдан бері тест тапсыру «бір компьютер, бір тестілеуші, екі камера» принципі бойынша іске асып жатыр. Сон­дықтан біліктілік сертификаты са­тылады деп ойламаймын. Мұғалім­нің портфолиосына байланысты біраз даулы мәселе бар. Мұны да автоматтандыру керек. Қоғамда бі­ліктілігі төмен, дипломын сатып алған адамдар бұл жүйеге қарсы шығып, әртүрлі шу шығарып та жа­тыр. Сол себепті біліктілік тесті­леуіне арнайы мәртебе берілуі қа­жет, – дейді білім саласының сарапшысы Аятжан Ахметжанұлы. Мұғалім біліктілігінің сынға түсер жауапты сәтінен сүрінбей шыққандар аз, өте алмағандар бар­шылық. Мысалы, 2020 жылы 97 мың педагог тестілеуге қатысыпты. Ұлттық біліктілік тестілеу қоры­тын­дысы бойынша, шекті деңгей­ден 41 пайыз педагог өтсе, 59 пайыз педагог нашар нәтиже көрсе­тіп­ті. 30 жыл ұстаздық етіп, біліктілік анықтау тестінен құлап, категория­сынан мүлде айырылып қалған мұғалімдер де бар. Сынаққа шпар­галка мен ұялы телефон алып кіріп, қасықтап жиған абыройынан бір күнде айырылғандар да жоқ емес. Не істерін білмей, жемқорлардың құрығына түсіп, санат көтеру үшін 100 мыңдап ақша төлепті дегенді де естігенбіз. Сондықтан да шығар, бассыздыққа бұғат салу үшін бі­ліктілікті анықтау тесті элек­тронды форматта өткізіле бастаған. Жалпы, аталған жүйені барлық салаға енгіз­сек, қай салада білімсіз маман­дар­дың көп екенін нақты анықтай алар едік.

Сертификаттың дипломнан несі артық?

Сертификат та, диплом да білім алу фактісін растайтын құжат. Бірақ Америка мен Еуропада олардың әрқайсысының заңды күші әртүрлі. Диплом маманның оқу орнында теориялық білім алғанын ғана дә­лелдейді. Ал оны практикада қан­шалықты жүзеге асыра алаты­нын, біліктілік деңгейінің дәрежесін сертификат көрсетеді. Мысалы, АҚШ-та «медициналық универ­си­тетті үздік аяқтадым» деп диплом­мен кез келген клиникаға барсаңыз, сізді ешбір жер жұмысқа алмайды. Олар ең бірінші сізден Америка Құрама Штаттарының меди­цина­лық лицензиялау емтиханының (USMLE) сертификатын сұрайды. Ал лицензия алу оңай емес. Ол үшін 3 кезеңнен тұратын сынақ тапсы­расыз. Америкалық клиникалардың 65%-ы­ USMLE-ді тапсырмаған үміт­керлерді жұмысқа қабылда­майды. Лицензия сала мамандарына 5 жылға беріледі. Бес жыл өткеннен кейін біліктілігіңізді қайта анық­тауға тура келеді. Ал егер дәрігер қызмет барысында медициналық қателіктерге жол берсе, шығынды сертификат берген кәсіби қауым­дастық өтейді. Кеңес Одағының құ­рамында болған елдерде дәрі­гер­лердің біліктілігін анықтау бұрын­нан қалыптасқан. Жас маман оқу орнын бітіргеннен кейін аурухана­ның сараптаушы тобының алдынан өтіп, біліктілігін дәлелдейді. Ке­йін­гі кездері біз бар жүйені сақтамастан, университетте теориялық емти­хан­ды жақсы тапсырған маманға біліктілікті қоса беріп жатырмыз. – Шетелдегідей барлық сала­дағы мамандарды біліктілік тесті­нен өткізсек, кейбір салада мүлдем кадрсыз қалуымыз мүмкін. Сон­дықтан лицензиялауды ең қажет деген бірнеше сала бойынша жүр­гізуіміз керек. Оның ішінде білім беру, медицина салалары бірінші орында. Өйткені дәрі-дәрмек пен емдеу жолдары тез өзгеріп отырады. Сондықтан адам өміріне жауап беретін дәрігерлердің білімі заманға сай болуы тиіс. Дипломның құны қалмаған қазіргі нарыққа біліктілік сертификаты ауадай қажет. Деген­мен тәуелсіз бақылау жүргізетін кәсіби қауымдастықтың сертифи­катты бейберекет таратпауы үшін шетелдегідей қатаң заң керек, – дейді «Болашақ» бағдарламасының түлегі Арнұр Қадылбеков. Біліктілік тестін тапсырып, сер­тификат алу – әлемдік деңгейде дәлелденген тәжірибе. Бізге де уақыт өткізбей барлық сала бо­йын­ша мамандардың білімін тәуелсіз бағалау қажет. Өйткені маман даяр­лау ісі кері кетсе, ертең экономика да құлдырайды.

Көктем ҚАРҚЫН