Жаңадан тағайындалған Үкімет құрамына Ақтоты Райымқұлова кірмеді. Мәдениет пен спортқа бас-көз болатын мекемені екі жарым жыл басқарған экс-министрдің осы мерзім ішінде қандай әрекетімен немесе сөзімен есте қалғанын көпшілік бірден есіне түсіре алмауы мүмкін. Дегенмен бұрынғы министрдің кезінде де атқарылған тәуір істер мен жүзеге аспаған жобалар болғаны рас. Еске түсіріп көрсек.
Фестиваль-думан заманы артта қалды
2014 жылы Мәдениет министрлігінің тізгінін Арыстанбек Мұхамедиұлы ұстады. Ол филармония, оркестр, мәдени бағдарламалар, Ұлттық өнер академиясы секілді мәдениеттің түрлі секторында тәжірибе жинаған, өне бойына саланың иісі сіңген өз адамы саналатын. Демек, мәдениетті бір көтерсе, сол көтеретіндей болған. Үміт ақталмады. Саланы бес жыл басқарып, әр реформаның пұшпағын бір ұстап, ірі нәтиже шығара алмаған, басы түрлі дауға шатылған А.Мұхамедиұлы 2019 жылы орынтағынан ауып қалды.
2019 жылғы 17 маусымда жаңа Президент Қ.Тоқаевтың Жарлығымен «Мәдениет және спорт министрі» лауазымына Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, композитор, оған дейін салада вице-министр болған Ақтоты Райымқұлова тағайындалды.
Атап өтер жайт, А.Мұхамедиұлы мәдениет саласында билік еткен тұс – сан алуан фестивальдар, сән-салтанатты рәсімдер, аса қымбат жобалар дәуірі болыпты. Мысалы, 2015 жылы министрдің бастамасымен «Қазақ елі» атты 10 сериялы тарихи-драмалық телехикая түсіру қолға алынды. Министрдің өзі «Алмас қылыш», «Алтын тақ» көркем фильмдерінің, «Қазақ хандығына 550 жыл» деректі фильмінің, «Қазақ елі» мультфильмдерінің және басқасының көркем жетекшісі, «Қазақ хандығына 550 жыл» гала-спектаклінің, «Опералия Пласидо Доминго» халықаралық вокалистер конкурсының авторы және режиссері болды.
А.Мұхамедиұлы сондай-ақ «Қазақстан – Еуразия жүрегі» халықаралық конкурсының, «Песня без границ» халықаралық фестивалінің, «Елім менің», «Тәуелсіздік толғауы» конкурстарының ұйымдастырушысы болды. Министрлік Voice of Astana эстрадалық музыканың халықаралық конкурсын, «Еуразия» халықаралық кинофестивалін және басқасын жыл сайын дүрілдетіп өткізіп, шетелден және Ресейден аты «жұлдыз», заты арзанқол актерлер мен әншілерді шақырып, алдына қызыл қалы кілем төсеп, әлек-шәлек болды. Францияның Notre Dame de Paris мюзиклін қазақшалап бір рет көрсету үшін қыруар шығын шығарды. Сол кездегі қаптаған той-томалақтың толық тізімі тым ұзын.
Бұл бюджет ақшасын министрлік аяусыз шашқан кезең еді. Саладағы билік басына А.Райымқұлова келгеннен кейін ахуал өзгерді. Жаңа министр қарапайымдылық танытты. Үкімет пен Парламент мәдениет саласына бөлінетін қаражатты көп қысқартып тастады. Алдыңғы министр тұсында іргесі қаланған халықаралық кинофестивальдар мен конкурстарды өткізу тоқтатылды.
Өзгермеске шара да жоқ еді: әлемде коронавирус пандемиясы басталды. Мысалы, 2018 жылы Қазақстанда «мәдениет, спорт, туризм және ақпараттық кеңістік» саласына 149,4 миллиард теңге жұмсалыпты. Бұл – министрліктің өз шығындарының сыртындағысы! Ал 2020 жылғы екі айда бұл бюджеттік бағдарлама шығыны 74,1 миллиард, 2021 жылы 65,4 миллиард теңгеге дейін азайтылыпты.
Өзі де, жетістігі де қарапайым министр
«А.Райымқұлова тұсында мәдениет саласы нендей жетістікке жетті?» деген сауалға сарапшылар да жауап табуға қиналады. Оның қорғауымен 2019 жылдың 26 желтоқсанында «Тарихи-мәдени мұра объектілерін қорғау және пайдалану туралы» жаңа заң қабылданды. Оның мақсаты – тарихи-мәдени мұра объектілерін жаңғырту, сақтау және танымал ету. Бұл ата-бабадан мұраға қалған тарих және мәдениет ескерткіштерін қорғап, пайдалану шараларын біршама күшейтті. Оларды сақтаудың жаңа тәсілдемесі мен тың тетіктері енгізілген.
Мәдениет және архив ұйымдары қызметкерлерінің жалақысы 50%, ал өңірлік ұйымдар қызметкерлері үшін 35%-ға артты. Бұл қызметкерлердің жалақысын 2025 жылға дейін 20%-ға жыл сайын арттыру көзделген.
2021 жылғы 1 мамырда Қазақстанда алғаш рет балалар мен жасөспірімдерге арналған мемлекеттік шығармашылық және спорттық тапсырыс іске қосылды. Оны қаржыландыруға жергілікті бюджеттер жауапты. Бұл Artsport.edu.kz порталы арқылы шығармашылық үйірмелер мен спорт секцияларын халыққа қолжетімді етуге біршама ықпал етті. Бүгінде 4-17 жастағы 283 мыңнан астам бала тегін қатысады: 150 мыңға жуығы – спорт, 133 мыңнан астамы шығармашылық бойынша.
Ата-баба аңсаған азаттықтың мерейлі межесін лайықты атап өту де А.Райымқұлованың еншісіне түсіпті. Дегенмен сарапшылар тәуелсіздік тойы жетім қыздың тойындай болып, ізгі жобаларымен, игілікті бастамаларымен ел есінде қалмағанын айтады. Министрліктің мәліметінше, былтыр 30 жылдықты мерекелеу бойынша республикалық іс-шаралар жоспарына сәйкес, 46 мыңға жуық қоғамдық маңызды, ауқымды, жаңа жобалар өткізілді: мәдениет саласында – 45 000, спорт саласында – 500, туризм саласында 100-ге жуық іс-шара.
2020 жылы ел тарихында алғаш рет жаңа мереке – «22 желтоқсан – Архивші күні» пайда болды. 2021 жылы «Электронды құжаттардың бірыңғай архиві» («Е-Архив») ақпараттық жүйесі қолданысқа берілді. Е-Архивке 223 мемархив, 421 аумақтық меморган, 60 орталық және 870 жергілікті атқарушы орган қосылған.
Министрдің тісі батпаған істер
Бір маңызды жайт назар аудартады: 2022 жылдың алғашқы күндерінде еліміздің көптеген өңірінде наразылық акциялары бұрқ ете қалғанда ең алдымен зиялы, шығармашылық қауым, мәдениет пен өнер адамдары халықтың алдына шығып, елге басу айтуы қажет еді. Бұқараны сабырға шақырған жекелеген өкілдерін айтпағанда, әнші, ақын, жазушылардың бір бөлігі бас көтерулер мен қарсылықты қолдады, қалғандары бас бұғып қалды. Наразылық шаралары жаппай тәртіпсіздіктер мен лаңкестік актілерге ұласқанда да олар тым-тырыс, тығылып отырды.
Тек Мемлекет басшысының пәрмені мен тегеурінді шаралары арқасында республикадағы жағдай бақылауға алынып, ахуал тұрақтала бастағанда, яғни 8 қаңтарда мәдениет ведомствосына (МСМ) кенет жан бітіп, «Мәдениет, спорт, туризм саласының қызметкерлері ел Президенті Қ.Тоқаевтың ұстанған бағытын қолдайтынын білдірді» деген мәлімдеме таратты. Ақтоты Райымқұлова ең керекті кезде, алмағайып шақта мәдениет, өнер, шығармашылық, туризм және спорт қоғамдастығын Тоқаевтың айналасына топтастырып, жұмылдыра алмады. Сарапшылар оның ең үлкен қателігін де осыдан көреді.
Елге сыйлы, сөзі өтімді осы топтардың әлеуетін, қуат-энергиясын, синергиясын Президент бастамалары мен реформаларын қолдауға бағыттау ісін енді идеология саласының бір білгірі, жаңа Мәдениет және спорт министрі Дәурен Абаев жүзеге асыратын болады.
Қазақ елінің тәуелсіздігін нығайтуға бағытталған тарихи бастамалардың бірі – Елбасы Н.Назарбаевтың тапсырмасымен қазақ тілін кириллицадан латын графикасына көшіру болатын. Латынша қазақ алфавитін жасау және енгізу жұмысына басшылық ету МСМ-ге жүктелді. Меморган төрт жылдан бері «тер төгіп келеді», бірақ министрліктің де, Қазақ тілі әліпбиін латын графикасына көшіру жөніндегі ұлттық коммисия мүшелерінің де жұмыс нәтижесі елдің және ел басшылығының көңілінен шықпады. Ақыр соңында латын әліппесіне көшу белгісіз мерзімге тоқтатылды.
Мәдениет министрлігі мемлекеттік тілдің өрісін кеңейту, оның мәртебесін этносаралық қарым-қатынас тіліне дейін көтеру саласында өнімді нәтижеге қол жеткізе алмады. Тілдерді дамытудың жаңа бағдарламасын да әзірлей алмаған: бұл сала ұлттық жоба форматына ауыса алмай қалды. Сарапшылар мен халықтың қатаң сынынан кейін Мемлекет басшысының тапсырмасымен тілдерді дамыту саласы былтыр Мәдениет және спорт министрлігінен алып қойылып, БҒМ-ге берілді.
Мәдениеті ақсаған ел
А.Райымқұлова министр орынтағына отыра сала одақтарға сүйенуге, соларды тірек етуге тырысты. Қазақстанда бүгінде Жазушылар одағы, Суретшілер одағы, Кинематографистер одағы сияқты жалпы саны 17 республикалық шығармашылық одақ жұмыс істейді. Ақтоты Рахметоллақызы Үкіметтің, Парламент жиындарында мемлекет қаржылай көмектеспесе, бұл одақтардың нарық жағдайында қызмет атқармақ түгіл аман қалуы қиын болатынын қайталаумен болды. Ақыры 2020 жылы алғаш рет одақтардың жобаларын жүзеге асыруға мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс берілді: министр ханымға бюджеттік 257 млн теңгеге олардың 27 жобасын қаржылай қолдауға рұқсат етілді. Арты не болды? Біріншіден, одақтар бұл соманы қомсынған. Екіншіден, әлеуметтік тапсырыстың күрделі критерийлеріне сай болу, қаптаған есеп тапсыру секілді талаптарды қиынсынған.
Себебі ол конкурстарға одақтар өзі ғана қатысып, мемтапсырысты жеке жәукемдегісі келеді, ал заңнама ол сатып алуларда барлық ҮЕҰ-ға бақ сынауға мүмкіндік береді. Содан одақтардың қатысуға ынта-ықылас танытпауы, тәжірибесінің жоқтығы кесірінен конкурстар жаппай «өтпеді» деп танылды. Қаражат пандемия аясында қысқартуға ілігіп, мембюджетке қайтарылды.
Осыдан кейін министр түсініктеме жұмыстарын жүргізсе керек, келесі 2021 жылы шығармашылық одақтардың 7 жобасы 46,6 миллион теңгеге осы тапсырыс аясында қаржыландырылды. Одан елге не пайда келді? Министрлік дерегінше, одақтар бюджеттік миллиондарға әдеби курстар, семинарлар өткізген, жас айтыскер ақындар, кинематографистер, театр ісінің мамандары, жас орындаушылар мен сазгерлер үшін шеберлік сабақтарын, суретшілер үшін арт-симпозиум ұйымдастырған.
Тәбет ас үстінде келеді деген, осыдан кейін министр одақтарды қаржыландыру көлемін жарты миллиард (500 млн) теңгеге дейін күрт арттыруды сұрап, бюджеттік өтінім берді. Ұсыныс Қаржы министрлігінің қарауында жатып қалды. Шығармашылық одақтарды бюджеттен қаржыландыруға көшу, сондай-ақ өзге ҮЕҰ-ларсыз, одақтарды «адресті» қолдау үшін оларға «салалық мемлекеттік гранттар тағайындау» жөніндегі А.Райымқұлованың бастамасы әзірге «ауада ілініп тұр». Жаңа министрдің оны ары қарай жүзеге асырар-асырмасы әзірге белгісіз.
2021 жыл «Балалар әдебиеті жылы» деп жарияланды. Балалар әдебиетінің ілгері озып, жаңа даму белесіне шыққаны да байқалмайды.
Мәдениет саласы кейінгі жылдары коррупциялық дау-жанжалдардан арыла алар емес. Әсіресе, кино түсіруге бөлінген миллиардтардың талан-тараж болуы, бюджет қаражатын мүйізі қарағайдай, беделді режиссерлердің өзара ханталапайға салуы, жас дарындардың қолдаудан тыс қалуы, ел қаражатына сапасыз фильмдердің түсірілуі жұрттың зығырданын қайнатты.
Министрдің орынбасары Сәкен Мұсайбековті былтыр Антикорр пара алғаны үшін ұстады. 15 шілдеде Алматының Түрксіб аудандық соты оны алаяқтығы үшін ғана соттады: 62 миллион теңге айыппұл арқалатты.
Министрліктің жауап беретін басқа салалары – спорт та, туризм де былық пен жемқорлық батпағына батып барады. Туризм саласы пандемия заманында толық тоқырауға ұшырады. Туристік бизнеске де, қарапайым азаматтарға да пайдалы және ел ішіндегі демалысты қолжетімді және ыңғайлы ететін Kids Go Free бағдарламасы сол бойы жүзеге аспады. Жаңа министрге мұраға қалған бұл тетік іске асса, елдегі отбасылық демалыс 30%-ға дейін арзандамақ.
Токиодағы сәтсіздік
2021 жылғы Токиода өткен XXXII жазғы Олимпиадада Қазақстан «тарихи жеңіліске» ұшырап, тұңғыш рет көш соңындағы 83-орынға құлдырады. Бұл былтыр жанкүйерлердің жаппай наразылығын туғызды, қазақстандықтардың рухының түсіп, күйзелуіне «сүбелі үлес» қосты. Тура 21 күннен кейін, 4 ақпанда Қытайдың Бейжіңінде қысқы Олимпиада ашылады. Оны лайықты өткізу Дәурен Абаевтың еншісіне тиді.
Қалай болғанда да, бұл салалардың бәрінде жылдар бойы шешілмей қордаланған мәселелер жетерлік. Бейберекетсіздіктер кезінде кейбір «ереуілшінің», радикалды топтардың бүлігі мен былығы, жаппай тонау көріністері бейнеленген видеолар жаһанға тарап, әлемге қазақстандықтарды әдепсіз, мәдениетсіз етіп көрсеткені құпия емес. Ендеше «Жаһандық әлемдегі заманауи қазақстандық мәдениет» және басқа да бедел-имидждік жобаларды қайта қолға алып, өрістете түсу қажет болатынға ұқсайды.