Гүлнар Насимова: Бізде билік пен қоғам арасындағы диалогтың тиімділігі төмен
Гүлнар Насимова: Бізде билік пен қоғам арасындағы диалогтың тиімділігі төмен
619
оқылды
«Алматы трагедиясы» – тәуелсіз Қазақстан тарихындағы ең қасіретті оқиғаның бірі. Алматымен бірге республиканың әр қиырындағы ірі қалаларды шарпыған бүлікке құқықтық тұрғыдан баға беріле жатар. Бұл оқиға ғылыми қауымдастықтың да назарын аударғаны даусыз. Еліміздегі түрлі қақтығыстардың себеп-салдарын жан-жақты зерттеп жүрген ғалым, белгілі конфликтолог, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Саясаттану және саяси технологиялар кафедрасының меңгерушісі, саяси ғылымдар докторы Гүлнар Насимовамен болған сұхбатымызда «Алматы трагедиясының» астарына үңіліп көруге тырыстық. – Гүлнар Өрленбайқызы, бұл терактінің сипатына қарап, оны ұзақ уақыт бойы дайындалды деген пікірмен келісесіз бе? – Шынын айту керек, бұл оқиғаға қатысты қойылып жатқан түрлі сұрақтарға нақты жауап беру қиын. Оқиғаның хро­нологиясына қарасаңыз, митинг Жаңа­өзенде сұйытылған газ бағасының күрт қымбаттауына наразылық танытудан бас­талды. Бұл наразылық бірқатар өңір­лерде қолдау тапты. Туындаған мәселені шешу үшін үкіметтік комиссия құрылды. Комиссия мүшелері наразы топпен келісімге барып, бағаны төмендету туралы шешім шығарды. Осыдан соң шерушілер жаңа талаптарды қоя бастады. Наразылық ауқымы кеңейе түсті. Сол сәттен бастап Қызылордадағы ініммен байланыста болдым. Мені Алматы мен Қызылордада аз уақыттың ішінде бір-біріне ұқсас жағдайдың болғаны таң­ғал­дырды. Екі қалада да наразы топ әкімдік­терді қарумен басып алу, басқа да әкімшілік ғимараттарды, қызметтік көліктерді өртеу сияқты әрекеттер жасады. Күштік құ­ры­лымдар орналасқан стратегиялық нысан­дарды басып алуға тырысты. Ауруханаларға да шабуылдар ұйымдастырылды. Осы факторлардан соң бүлік жоспарланған сияқты болып көрінді. Сауалыңызға жауап беру үшін осы қайғылы оқиғаның артында тұрғандардың әрекетін ұғыну өте маңызды. Мен арнайы қызметтің жұмысын бағалай алмаймын. Бірақ бірнеше қалада Ұлттық қауіпсіздік комитетінің жергілікті департамент басшыларының қызметтік ғимараттарды қорғап қалудың орнына қарсылықсыз беріліп, қару-жарақты, құпия құжаттарды қалдырып кетуі ойландырады. Әрі оның бұрынғы төрағасының ұсталуы бұл гипо­­тезаны растай түседі. Әдейілеп жасалса да, қызметтік қателік болса да, болған жайтқа Ұлттық қауіпсіздік комитеті жауапты. Ендігі кезекте бізге тергеу нәтижесін шыдамдылықпен күту қалды. – Өзіңіз білесіз, кез келген жанжалдың тригеррі болады. Бұл жанжалдың тригеррі жоғарыда айтылған сұйытылған газ бағасының өсуі деп айтуға бола ма? – Конфликтілер мен қақтығыстар – кез келген қоғам үшін қалыпты жағдай. Ал қақтығыстарды деструктивті күштердің пайдаланып, олардың реттелуі ел үшін осындай қайғылы жағдайға әкеліп со­ғуы – мүлдем басқаша мәселе. Наразылық ешқашан күтпеген жерден пайда болмайды. Әрқашан оның бастапқы индикаторлары мен көрсеткіштері бола­ды. Біздің соңғы зерттеулеріміз көпші­ліктің наразылығын тудыратын бағаның өсуі, инфляция, жұмыссыздық сияқты әлеуметтік-экономикалық сипаттағы өткір мәселелер болғанын дәлелдеді. Бұл мәселелерді наразы топ өкілдері алғашқы күннен көтерді. Ал сұйытылған газ баға­сының қымбаттауы тек конфликтіге түрткі болды. Мәселен, алматылықтарды дәл осы мәселе алаңдатты ма? Мұның барлығы конфликтілердің терең себептерін елемеуден туындап отыр. Бұл күндері көшеге кедейлік шегінен төмен өмір сүретіндер мен саяси белсен­діліктің экстремистік түрлеріне бейім азаматтар қатысты. Менің ойымша, мұндай оқиға бүгін болмаса ертең болатын еді. Алайда нара­зы­лық осындай зорлық-зомбылық форма­ларына трансформацияланып, соңы тра­ге­дияға айналады деп ешкім күтпеген сияқты. – Бүліктің еліміздің бірнеше қаласында бір уақытта өтуіне, оған бұрын-соңды болмаған көп адамның қатысуына қандай факторлар ықпал етті деп ойлайсыз? – Қазақстандағы наразылық білдіруші­лердің өңірлік деңгейде өзіндік ерекше­ліктері бар. Олардың бой көрсетуіне әр­түрлі қоздырғыш факторлар ықпал етеді. Біз экономикалық талаптармен басталған митингілердің тез арада саяси талаптары бар митингіге айналып кететінін көрдік. Бұл жерде халық санасында наразылыққа деген көзқарасының өзгеруі сияқты факторды ескеруіміз керек. «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасы қабылданды. Адамдар қашанда өздерін толғандырған мәселелерді айтқысы келеді. Бірақ аймақтарда олардың жанайқайына ешкім құлақ түрмейді. Әлеуметтік желі арқылы да әкімдердің көп­шілігінің халықпен қалай байланыс ор­нататынын көруге болады. Оларда кері бай­ланыс жоқ. Егер жергілікті билік өкіл­де­ріне сенім жоғары болса, олар сол беде­лімен-ақ наразы топқа басу айта алар еді. Ал бізде әкімдердің кейбірінің наразы топ алдына шығуы жағдайды тіптен ушық­тыра түсті. Бұл мәселеге Мемлекет басшы­сы Қасым-Жомарт Тоқаев та Парламент Мәжілісінің отырысында сөйлеген сөзінде айрықша назар аударды. Демек, бізде билік пен қоғам арасын­дағы диалогтың тиімділігі төмен деңгейде. Сонымен қатар осы жағдайда дау-жан­жалдың алдын алуда саяси топтардың, басқа да үкіметтік емес ұйымдардың рөлін көре алмадық. – Бүлікке шеттен келген содырлардың да қатысқаны жайында көп айтылып жатыр. Расында, қандықол қарақшылар жантүр­шігерлік қылмыс жасады. Құқық қорғау органдары қызметкерлерінің басын кесіп алу фактісі де тіркелді. Бұл қылмыстар қарапа­йым алматылықтардың қолымен жасалды ма? Әлде бұл содырлардың ісі ме? Көп жағ­дайда кейінгісіне сілтеп, біз өз азамат­та­рымызды ақтауға күш салып жатқан жоқ­пыз ба? – Тәжірибе мен зерттеулер көрсет­кен­дей, қазақстандықтардың басым бөлігі өз мәселелерін шешу кезінде зорлық-зом­былыққа бармайды және заңсыз әдістерді де қолдануға бейім емес. Қақтығыс ең жоғары деңгейде болғанда эскалация са­тысына өткен нақты субъектілерді көрсету әрқашан қиын. Бірақ алматылықтар зор­лық-зомбылық көрсетілгенін көрді. Ал ол істің барлығын қылмыс жасау тәжірибесі жоқ адамдар жасай алмайды. Ал сіз айтқан ауыр қылмысты жасағандар үшін мұндай қаныпезерлік әдеттегі әрекеттің бірі болуы мүмкін. Мұнда соңғы жауапты тергеу органдары беруі керек деп ойлаймын. Қоғам кім болса да, кінәлілердің лайықты жазалануын күтіп отыр. – Дәл қазір кризис менеджмент ауадай қажет. Үкіметтің жаңа құрамы да жасақ­талды. Жаңа саяси-экономикалық рефор­малар да қабылданып жатыр. Аталған ша­ралар елдегі күрделі жағдайды шешуге қан­шалықты ықпал ете алады? – Мемлекет басшысы ұсынған барлық реформалар елдің дамуына бағытталған. Бірақ мәселе реформалардың мақсаттары мен оны жүзеге асыру әдістері арасындағы қарама-қайшылықта. Зерттеулеріміз қазақстандықтар елдегі басты пробле­малардың қатарына нашар мемлекеттік басқаруды, сыбайлас жемқорлықты жатқызатынын көрсетті. Мемлекет басшысы Парламент Мәжі­лісінің отырысында осы бір қиын сәттен шығу туралы өзінің көзқарасын жария­лады. Сол жолы ұсынылған реформаларды сәтті жүзеге асыруда Үкіметтің үйлесімді жұмысы қажет. Мұндағы ең басты мәселе жүр­гізіліп жатқан реформалардың ел аза­маттарының көңілінен шығуы болып отыр. Сонымен бірге конфликт жағдайларын тудыратын факторлар, әсіресе деструктивті салдарға әкелетін жағдайларды ерте анық­тау, туындаған конфликтілердің даму ди­на­ми­касы, конфликтілердің сипаты, олар­ды ауыздықтау, реттеу мәселелері де на­зар­дан тыс қалмағаны жөн. Біз кон­флик­тофобиядан арылуымыз қажет. Осын­дай сәтте ара­ғайындық жасай алатын білікті мамандар да керек. Қазір әл-Фараби атын­дағы ҚазҰУ Саясаттану кафедрасы Қа­зақ­стандағы алғашқы кәсіби конфлик­то­лог­тарды дайын­дау ісіне белсене кірісіп кетті. – Жанжал кезінде халықтың Үкіметке, Үкіметтің қоғамға сенімі жоғалатынын жасыра алмаймыз. Сол секілді қарапайым азаматтар құқық қорғау органдарына да сенімсіздік танытып жатыр. Осы жағдайда не істеуге болады? – Шынында, соңғы жылдары халық­тың билік органдарына сенім деңгейі тө­мендеп кетті. Ал құқық қорғау органдарына сенім осы институттың өз азаматтарын қор­ғау қабілетінен туындайды. Бірақ мен жал­пылама айтқым келмейді. Соңғы жағ­дай­лар кезінде олар бізге өз азаматтарын қалай қорғай алатынын көрсетті. Алма­тылықтар полиция бөлімінің ғимаратын басып алмақ болған бүлікшілердің ша­буылына полицейлердің қалай тойтарыс бергенін өз көзімен көрді. Мемлекет басшысы да ұлттық қауіп­сіздікті қамтамасыз етудің бүкіл жүйесін түбегейлі қайта құруды басты стратегиялық міндет ретінде қойып отыр. Осы орайда мен күштік құрылымдар тек конфликт салдарын жоятынын, ал олардың нақты себептері қалып кететінін айтқым келеді. Сондықтан азаматтардың наразылығын білдіретін неғұрлым заңды құрылымдар мен диалог алаңдары қажет. – Әңгімеңізге рақмет.