Әкім ауылды сақтап қана қоймай, 200-ден астам әскериді ажалдан құтқарды
Әкім ауылды сақтап қана қоймай, 200-ден астам әскериді ажалдан құтқарды
©tengrinews.kz
281
оқылды

Соңғы күндерде Алматыда болған дүрбелең бүкіл елді дүрліктірді. Бейбіт шерумен басталған митинг, әп-сәтте арам пиғылды лаңкестік топтың араласуымен қантөгіс алаңына айналды. Қаншама боздақтардың қаны төгілді, қапияда сәбилер оққа ұшты. Жаппай тәртіпсіздіктің салдарынан бүлінбеген дүние, бүлдірілмеген мүлік қалмады. Келтірілген материалдық шығынды айтпағанда, тұрғындардың күнделікті тұрмыс-тіршілігі тоқтап қалды. Халықты үрей басты. Осындай жағдайға қарамастан бүлікшілерге тойтарыс беріп, ауылын сақтап, әскерилерді ажал аузынан аман алып қалған батырларымыз бар. Бұл жайында Tengrinews порталы жазды. Олар – қарапайым ауыл тұрғындары. Анығын айтсақ, Алматы облысы Панфилов ауылдық округтің жұртшылығы.

Оқиға қалай басталды?

 Алматыдағы жағдайға құлағдар болған ауыл әкімі Серік Шалов ел ішінде бірден мобильді топ құрған. Содан жастарға ауыл аймақты қадағалап-қарауына бөліп берді. Сол сәттен бастап тұрғындардан жасақталған қарауылдар сағат сайын көше-көшені кезіп, бәрін бақылауда ұстаған. – «Сақтықта қорлық жоқ» дегендей, дүрбелеңді ести сала, 3 қаңтар күні әкімдік ішінен оперативтік штаб құрылды. Біздің аймақ өте үлкен. Жеті елді мекен бар. Оған жаңадан қоныстанғандарды қосыңыз. Жаздық саяжайлар тағы бар. Соған қарамастан бәрін уақытылы аралап, кездескен тұрғындарға «алда-жалда көмегіңіз керек болар, полицияға көмектесуіміз керек» деп даяр болуына ескертіп қойдық, – дейді ауыл тұрғыны Руслан Станбеков. Өзі запастағы майор екен. Оның сөзінше, Алматыдағы жаппай тәртіпсіздікті естігенімен, ол жайында ақпарат болған жоқ. Оның үстіне, ешқандай байланыс болмады. Сол кезде олардың ақпарат көзі, ұзынқұлақтар мен жол-жөнекей өткен таксистер еді. Кейіннен ауыл маңына нөмірі жоқ бейтаныс көліктер келе бастаған. [caption id="attachment_179282" align="alignnone" width="1200"]әкім ©tengrinews.kz[/caption]

Ажал аузынан аман қалған сарбаздар

Бірінші қақтығыс 5 қаңтар күні ел ішінде «бетонка» деп аталып кеткен Алматы–Хоргос трассасында болған. Міне, сол жерде әскерилерді өткізбей жатыр деген ақпарат түскен. Сөйтіп, ауыл адамдарынан құралған қарауылшылар соған барған. – Әлгі жерде адам қарасы өте көп. Бәрі – сақалдылар. Арасында осыны қызықтап тұрғандар да бар. Жаркент горнизонынан 6 көлік тізбектелік келе жатқан. Бүлікшілер ештеңені анықтамастан көліктердің әйнектерін сындырып, бензин шашып, өртемек еді. Ал оның ішінде  десанттық-шабуылдау бригадасының 210 сарбазы командирімен болған. Бүлікшілердің бар мақсаты – бүкіл әскеридің көзін жойып, қару-жарағы мен техникасын басып алу, – дейді запастағы майор. [caption id="attachment_179283" align="alignnone" width="1200"]әкім ©tengrinews.kz[/caption] Оның айтуынша, жағдай ушығып бара жатқанда ауыл әкімі келіп, бүлікшілермен сөйлесіп, келіссөз жүргізбек болды. «Бүлікшілерді ойынан қайтару – оңай іс емес. Ол өзі запастағы полковник, діни мәселелерде хабары бар, олармен қалай жұмыс істеу керегін жақсы біледі. Оның үстіне бүлікшілердің арасында біздің ауылдық округтің, Райымбек ауданының жігіттері болды. Олардың өздері кезінде оған дауыс беріп, әкім етіп сайлаған. Міне, солар әкімнің сөзіне қосылды. Сөйтіп, әлгі жердегі бір қауым елдің пікірі екіге жарылды. Сол кезде әкім адам қазасы болмас үшін, халықты басу үшін командирді өз көлігіне отырғызып, радиостанциясын алып, оқ атпайтынына сөз берді. Үш сағатқа созылған келіссөздің арқасында әскерилер белгіленген  жеріне аман-есен жеткізілді. Әйтпегенде 200-ден астам отбасы қайғыдан қара жамылар еді. Оларды аман алып қалған – біздің әкім», – деді Руслан Станбеков.

Тұтқындалғандардан 30 миллион теңге табылды

Қарауылдар аймаққа кірген ұры-қара мен бүлікке қатысқан деген күдіктінің бәрін милицияға тапсырған. Олардың арасында жергілікті балалар да болған. Бірі – жағдайды қызықтаса, бірі – соны пайдаланып, ұрлыққа түсіп, қалтасын толтырған.
– Мысалы, Қызыл ту елдімекенінде Шелектің тұрғыны ұсталды. Әлгі қылмыскерде бір емес, бірнеше қымбат аяқкиім табылған. Бір аяқкиімнің өзі 150 мың теңге тұрады. Ал қолындағы дүние 750 мың теңгеге бағаланып отыр. Мародерлар арзанқол дүние емес, қымбатын алуға тырысқан. Тіпті, әуелде «тауып алдым» деп бізді алдамақ болды. Бірақ жап-жаңа дүниенің қорабы бүлінбеген. Ондайды ешкім тастамайды емес пе? Жалпы, ауыл ішінде тұтқындалғандардан 30 миллион теңге табылды, – дейді  запастағы майор.
Айта берсе ондай жағдайлар көп. Тіпті, бір баланың өзінен 20-25 миллиондай ақша табылған. Майордың сөзінше, ол жігіт есірткі әсерінде тұрғандай есеңгіреген күйде болыпты. Көлікке отырғыза бергенде қашпақ болған. Полиция ұстап үлгерді. Бұл оқиғаның бір-екеуі ғана, айтылмағаны әлі қанша... Айта кетейік, Серік Шалов Nur Otan партиясы атынан 2021 жылы сайлауға түсіп, ауылдастарының басым даусына ие болып, әкім атанды. Халықтың арасынан шыққан азаматты осы күнде ауылдастары ерекше құрметтейді.