Қазақстанда жаңа университеттер ашылады
Қазақстанда жаңа университеттер ашылады
589
оқылды
Білім және ғылым министрі А.Аймағамбетов Мемлекет басшысы қойған жаңа міндеттердің орындалуына тоқ­талды. Президент тапсырмасына сәйкес қызметін орындау кезінде қаза тапқан әскерилердің, құқық қорғау және арнаулы меморгандар қызметкерлерінің балаларына ЖОО, колледждерде оқуы үшін грант беруді қарастыратын норма қабылданбақ. «Кадр тапшылығы байқа­латын және білім сапасында үлкен алшақтық бар өңірлерге үздік педагогтерді тарту қолға алынды. Президент тапсырмасы бойынша қолдау шараларының тиісті пакетінен тұратын, осы өңірлерге үздік педагогтерді тарту жөнінде арнайы бағдарламаны әзірлеп жатырмыз. Педагогтердің осы салаларда жұмыс істеуіне мүдделі болуы үшін біз жалақы­ның арттыру коэффициентін белгілеу, тұрғын үй беру немесе оны жалға алу құнын өтеу, комму­налдық қызметтерді төлеу өтем­ақысы және өзге әлеуметтік қол­дау шараларын ұсынамыз», – деді БҒМ басшысы. Мұндай әлеуметтік пакет арнайы рәсімнен өтіп, белгілі бір критерийлерге сәйкес келетін және белгілі бір мектептерге жұмысқа ауысатын мұғалімдерге беріледі. Нақты іске асыратын кейбір тетіктер әлі де талқы­ланатын көрінеді. Мемлекет басшысының бір­қатар тапсырмасы жоғары білім беруді дамытуға қатысты болды. «Тағы бір бағыт – 5 шетелдік ЖОО филиалын ашу. Бұл шара отандық университеттер арасында бәсекелестікті арттыруға да мүмкіндік береді. Бұған дейін, 2021 жылдың қыркүйегінде De Montfort University Leicester британ университетінің филиалы ашылды. Ал М.Қозыбаев атын­дағы университетті Аризона университетіне сенімгерлік басқаруға беру мәселесі пысықталуда. Еліміздің батыс өңірлеріндегі жастардың жоғары білімге қол жеткізуін арттыру үшін онда 2 жетекші шетелдік техникалық университеттің филиалдары ашылады. Сондай-ақ Ресейдің үздік техникалық университетінің филиалын ашу бойынша жұ­мыс­тар жүргізілуде», – деді министр. Басқа әлемдік деңгейдегі университеттердің филиалын ашу бағытында жұмыс жалғасады.