Кәсіпкерлерге көмек көрсетіледі
Кәсіпкерлерге көмек көрсетіледі
296
оқылды
4-5 қаңтардағы тәртіпсіздік кезінде Шығыс Қазақстанда бірнеше ғимарат зақымданған еді. Облыстық кәсіпкерлер палатасының берген мәліметтеріне сүйенсек, Өскеменде 6 сауда нысаны, Семей қаласында қонақүй бүлініп, материалдық шығын келген. Облыстық кәсіпкерлер пала­тасы Семей филиалының дирек­торы Әлия Жүрсімбаеваның ай­туынша, қазір екі жеке кәсіпкер келтірілген шығындарды өтеу ту­ралы өтініш беріпті. «7 қаңтар күні Восточный кентінде орналасқан шағын қонақүйдің иесі бізге ха­барласты. Оның айтуынша, бүлік­шілер ғимараттың терезелерін, кіреберіс және ішкі есіктерді, жи­һаздарды сындырып, бәрін тонаған. Ал 10 қаңтар күні қалалық әкімдік ғимаратында орналасқан асхананы жалға алушылар қоңырау шалды. Дәл осы шағын кәсіпкерлік нысаны Семейде ең көп зардап шеккен. Тонаушылар бүкіл ғима­ратты еркін аралап, жылынып, асханадағы барлық тамақтарды жеген. Қазір кәсіпкерлердің шығындары есептеліп жатыр», – дейді ол. Семей кәсіпкерлері облыс ор­талығындағы тәртіпсіздік кезінде де шығынға ұшыраған көрінеді. Қаланың отандық тауар өндіру­шілерінің бірі айтып өткендей, олардың «Газелі» сүт және шұжық өнімдерімен Өскеменге тауар әкет­кен. Назарбаев даңғылында тұрған көлікке белгісіз бір топ адам тас лақтырып, машинаның металл корпусын, әйнектерін сындырып кеткен. «ШҚО кәсіпкерлер пала­тасының Семей филиалы зардап шеккен бизнес өкілдерінен ақ­парат жинайды. Өтінімге терро­ристік шабуыл нәтижесінде зақым келген объектінің бейне және фотофиксациясы, жөндеу үшін қажет болатын материалдардың бағасы бар прайс-парақ қоса берілуі керек. Жиналған құжаттар мен материалдар пакеті қалалық әкімдікке тапсырылады», – дейді Әлия Жүрсімбаева. Өңірлік кәсіпкерлер палатасы­ның директоры Қайрат Мамырбаев облыстың қоғамдық тамақтандыру саласындағы кәсіпкерлер қала­ларды күзетіп тұрған әскерилерге қамқорлық көрсетуді жалғастырып жатқанын айтады. Тамақтарды жеткізу «Шығыс Қазақстанның туристік қауымдастығы» бірлес­тігімен ынтымақтаса жүргізілуде. Іс-шараға «Nur Otan» партиясы да қатысып отыр. Мәселен, 10 қаңтар күні Өскемендегі Metro сауда үйі әскерилерге 1,5 мың құты су, «Пять звезд» ЖШС 500 бәліш, «Багратион Ұлан» ЖШС 500 құты айран әке­ліп, «Восток Молоко», «Эмиль», «Ка­равай», Семейдегі «Қали­хан­ұлы», тағы да басқа кәсіпкерлік субъек­тілері өз өнімдерін жеткізген.

А.ӘБІЛ, Шығыс Қазақстан облысы