Сыз тартқан мектеп 30 мың халыққа қызмет етеді
«Талапкер ауылының ОБСЕ шағынауданына қашан мектеп салатынын күте-күте сарғайдық. Бәрін үнемі неге жалынып-жалбарынып сұрау керек? Жергілікті биліктегілер жердің жоғын айтады. Бұл үшін кім кінәлі? Мемлекет қажеттілігі үшін жерді тартып алса да болады ғой?!. Міне, 30 мың халық тұрып жатса да, соған жалғыз мектеп қызмет етеді. Оның өзі өмірі сыз тартып тұрады. Жарықтың өзін айғайлап жүріп зорға қойдырдық. Соның өзінде шағын ауданның бәріне шамдар ілінсе де, тек бір ғана көшенің шамы жанады. Жолды бастап жасағанымен, оны да орта жолдан тастап кеткен. Мұны қалай түсінеміз», – дейді Талапкер ауылы ОБСЕ шағынауданы тұрғыны Мейір Ақжанов. Ауыл тұрғындары әлеуметтік мәселелер туралы талай мәрте биліктегілерге жеткізгенімен нәтижесі болмай жатқанын жеткізді. Ой-шұңқыры шығып жұртты ығыр еткен жолдардың жыр болғанына да талай уақыт өткен. Ал мектеп мәселесі ақылға қонбайды. Өйткені білім ордасы салатын жер жекеменшік иесіне тиесілі болып шыққан. Ал оны жергілікті билік әлі күнге ала алмай келеді.Мектеп жоспарланған жер жекеменшікке тиесілі
«Қазір Талапкер ауылында 600 орындық екі мектептің құрылысына жобалық-сметалық құжаттама жасау жұмыстары жүргізіліп жатыр. Оның бірі дәл сол ОБСЕ шағынауданында жоспарланып отыр. Жобалық ұйым – «Ремстройпроект» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі. Өткен жылдың мамырында 48 миллион теңгеге келісімшарт жасалған. Техникалық шарт беріліп, эскиздік жобалары әзірленіп, жер учаскесін рәсімдеу жұмыстары жүргізіліп жатыр», – делінген Целиноград ауданы әкімдігінің ресми жауабында. Алайда бұл мектеп салынуға тиісті болған жер «Талапкер ЖТ» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің жекеменшігі болып шыққан. Арадағы тартыс сотқа жетіп мемлекеттік қажеттілік үшін жер учаскесін тартып алуға талап арыз берілген. «Қазір іс соттың қарауында жатыр. Мемлекеттік қажеттілік болғанымен жер учаскесін тартып алудың өзінің процедуралары ұзақ уақытқа созылады. Алтыншы қаңтарға белгіленген сот отырысының уақыты кері шегеріліп, ақпанның біріне белгіленген. Сот процестері бітіп, одан жобалық жұмыстар жүргізу жұмыстарымен мектептің құрылысы 2023 жылы басталады ма деп отырмыз», – дейді Целиноград ауданы әкімдігінен.Жолға бөлінген миллиардтар неге жетпейді?
Ал жолдардың құрылысына қатысты әкімдік жөндеу жұмыстарын ешкімнің тастап кетпегенін айтып ақталды. Әкімдіктің мәліметінше жұмыстар жергілікті қауымдастықпен бекітілген кестеге және қаржыландыруға сәйкес жүргізілген. Өткен жылы басталған «Талапкер ауылының ішкі жолдары мен кірме жолдарын күрделі жөндеу» жобасын жүзеге асыру бойынша 27,4 шақырым жол жөндеу басталған. «Мердігер компания болып «АБКАвтодор НС» компаниясы болған. Жергілікті қауымдастықтың 2020 жылғы шешімі бойынша республикалық трассаға шығатын жолмен бірге 8 көшенің 3,9 шақырымына асфальт төселді. Өткен жылы жобаны жалғастыруға бюджет қоржынынан 938,4 миллион теңге бөлініп, ауылдың Қабанбай батыр, Кенесары, Ғабдуллин, Мәметова, Наурызбай, №35, Тәуелсіздік, Ырғыз, Сейфуллин, Бейбітшілік, №67, №68, Әл-Фараби, Достық, Уәлиханов көшелеріне жөндеу жұмыстары жүргізілді. Жобаны толығымен жүзеге асыруға биыл бюджеттен 1,5 млрд теңге қарастырылған. Алғашқы кезекте қай көшелерге асфальт төсеу қажеттілігі тағы да жергілікті қауымдастықпен анықталмақ», – деп толықтырды Целиноград ауданы әкімдігінен. Бірақ ауыл тұрғындары мұнымен де келіспейтіндерін алға тартты. Олардың айтуынша жол жөндеу жұмыстарында кемшін тұстар көп. Бордюрлер мен белгілер, сондай-ақ жарықтар қойылмаған. «Сегіз көше деп қалай ғана айтасыздар? Бордюрлер қайда? Жол белгілері мен жарықты кім қойды? Жолдың қалай және қайда салынатынын әкім шешпейді емес пе?!. Міне, біздің ОБСЕ шағынауданында 1000 тонна қиыршық тас төсеу керек болған. Соның 600-і ғана төселген. Қалған 400-і қайда кетті? Жеті жылдың ішінде еш нәрсе өзгерген жоқ. Талапкерде тіпті уақыт тоқтап қалған сияқты. Мектебімізде ине шаншар жер қалмаған. ФОК сияқты ешқандай әкімшілік ғимараттар жоқ. Ал сонымен қоймай бюджеттен көбірек қаржы бөлінуі үшін адамдардың осында тіркелуін сұрайды. Бұл не сұмдық?», – дейді ауыл тұрғыны Жанарбек Асхап. Оның сөзін көрші-қолаңдары да қолдап отыр.P.S. Сонымен, әзірге елорданың тап іргесінде тұрса да, талапкерліктердің талабы таусылар емес. Жолдары жөндеуді, мектебі тез арада салуды қажет етеді. Ал жергілікті билік өкілдерінің айтуынша, мәселе шешімін табу үшін әлі де біршама уақыт қажет көрінеді…
Ақмола облысы