Павлодар қаласының №2 сотында алдын ала сөз байласу арқылы қылмыс жасаған екі адамға қатысты қылмыстық іс қаралды, – деп хабарлайды Рavlodarnews.kz.
Іс материалына сәйкес, олар 2020 жылы Павлодарда автокөлікпен жүріп келе жатып, белгісіз адамға тапаншадан оқ жаудырған. Кейін оны беті мен артқы жағынан ұрып, жерге құлатып, қолдарын байлаған. Әрі қарай оны автокөлікке отырғызған.
- Кейіннен өздерін ҰҚК қызметкерлері деп таныстырған ер адамдар ұрланған адамға есірткі саламыз деп қорқытып, оны тінту барысында банк картасын тауып алып, 320 мың теңгені банкоматтан шешіп алған. Сотталушылардың кінәсі куәгерлердің айғақтары мен сот сараптамаларының қорытындысы бойынша дәлелденді, – деп жазылған № 2 қалалық соттың хабарламасында.
Прокурор әрқайсысын сегіз жылға бас бостандығынан айыруды сұрады. Жәбірленуші оларды бас бостандығынан айырмауды сұрап, оған материалдық залал өтелгенін айтты. Сотталушылар кінәні ішінара мойындап, бас бостандығынан айырмауды сұрады.
Бұл әрекет үшін ҚК-нің 125-бабы 2-бөлігі бойынша – 7 жылдан 12 жылға дейін бас бостандығынан айыру қарастырылған.
Жазаны тағайындау кезінде жеңілдететін жағдайлар – жас болуы, материалдық залалды ерікті түрде өтеу, кінәні ішінара мойындау ескерілді. Алайда қару пайдалана отырып қылмыс жасағаны жағдайды ауырлататын мән-жайлар ретінде қаралды.
Осыған байланысты олардың біріне 7 жыл 6 ай бас бостандығынан айыру, ал екіншісіне бұрынғы соттылығы бойынша өтелмеген жазаны ескере отырып, 8 жыл тағайындалды.