Сайрамның тәжірибесі бөлек
Сайрамның тәжірибесі бөлек
277
оқылды
Түркістан облысы Сайрам ауданында «Парасат» пікірталас клубы жұмыс істейді. Клубта жергілікті басшылар мен халық тұрақты түрде кездесіп, ең өзекті проблемаларды талқылайды. «Nur Otan» партиясы Түркістан облыстық филиалының төрағасы, облыс әкімі Өмірзақ Шөкеев Сайрам ауданына барған жұмыс сапарында осы тәжірибені барлық аудан, қалада жүзеге асыруды тапсырды. Қарабұлақ ауылында Сайрам ауданы­ның зиялы қауым өкілдерімен және тұр­ғын­дарымен кездесуде өңір басшысы сай­­рамдықтардың ұсыныстары мен тілек­терін тыңдады. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен батыс және оң­түстік облыстарды дамыту жоспары әзір­ленетінін, бұл бастама ел әлеуетін кө­теруге оң серпін беретінін атап өтті. Сонымен бірге төтенше жағдай кезінде бір­лігі мен тыныштығын сақтаған Түр­кі­стан жұрт­шылығының отаншылдығына ри­зашылығын білдіріп, мұның бәрі жер­гілікті әкімдіктер мен қоғам мүшелерінің, ха­лықтың арасындағы байланыстың жақ­сы дәрежеде екенін жеткізді. – Өңір тұрғындарының ауызбіршілігі мен ­тәртіп сақшыларының, әкімдіктердің, қоғам белсенділері мен зиялы қауым және ерік­ті жастардың бірлесе атқарған жұмысы нә­тижесінде облысымызда бұзақылық оқи­ғалары тіркелген жоқ. Бейбіт митинг­тер болды, бәріне жедел түсіндіру жұмысы жүр­гізіліп, диалог ор­натылды. Нәтиже­сін­де, облысымыздан төтен­ше жағдай ре­жимі алынып тасталды. Кабинетте оты­ра берсең, халықпен кездесіп тұрмасаң қо­­ғам­дағы кейбір мәселелерді білмей қалуың мүмкін. Сондықтан пандемия қол­ды байласа да, аудан, қалаларға са­парым­­да міндетті түрде арда­герлермен, зия­лы қауыммен  кездесемін. Кездесуге кә­сіпкерлерді, жастарды, қоғам бел­сен­­ді­лерін, жалпы айтары бар тұрғындарды да қосып отырмыз. Сөйлесейік, бір-бірімізді тың­дайық, елдің мәселесін бірлесе ше­шейік деген ойы­мыз бар. Еркін пікір ал­ма­сып, сұрақ­тарыңыз­ға жауап беруге дайын­мын, – деген әкім сайрамдықтардың игі істерін жоғары ба­ғалады. – Тұрғындары тығыз орналасқан Сай­рам­да әркім өз тірлігімен айналысып жа­тыр. Қолы бос жүрген адам жоқ. Өзінің ауы­лында, қора­сында, бақшасында жұ­мыс істеп жүр. Бірлігін сақтап, тәр­тіп­сіз­дік­терге қатыспады. Өйткені жұмысы бар. Екін­шіден, Сайрам ауданында «Парасат» пікір­талас клубы жұмыс істейді. Клубтың көш­пелі отырыстары әр ауылда өтіп, ке­лелі мәселелер талқыланады. Біразы сол ме­зетте шешіліп жатады. Ең бастысы, би­лік пен халық арасындағы диалог алаңы бар. Сайрам ауданының тәжірибесін бар­лық аудан, қала қолдануымыз керек. Кәсіп­керлікті дамытуда да үлгі тұтар істері мол. Жоғарыда айтқанымдай, бізде халық пен билік арасында байланыс жақсы. Бірақ әлі де тереңдете түсуіміз керек. Әр әкім өзі басқаратын аумақтың пробле­ма­сын, жай-күйін жақсы білетін болса, өз жұ­мысын дұрыс атқарса, тұрғындармен ашық диалог орната алады. Мемлекет бас­шысы Қасым-Жомарт Тоқаев Үкі­метке, әкімдіктерге елдің әлеуетін көтеру­ге бағытталған тапсырмалар берді. Қым­бат­шылықты тоқтатып, бағаны тұрақ­­тан­дыру, жұмыссыздықпен күрес, қоғам­мен бай­ланысты нығайту және өзге де сала­лар­да жақсы бетбұрыстар болады және осы бағытта жұмысты күшейтеміз. Сіздер­дің ұсыныстарыңыз бен пікірлеріңіз на­зарға алынады, – деді Ө.Шөкеев. Кездесуде ардагерлер мен зиялы қауым, жастар, жергілікті тұрғындар қо­ғам­дағы түрлі мә­селені қаузап, ұсыныс­та­рын жет­кізді. Об­лыстық Ардагерлер кеңе­­сінің төра­ғасы Жеңіс­бек Мәулен­құлов  пен ел аға­лары да келелі ой қоз­ғады. Елдің бір­лігінен асқан құндылық жоқ еке­нін ай­тып, Президенттің бастамаларын қол­дай­тын­дарын жеткізді. Облыс әкімі жұмыс сапарында Сайрам ау­дандық «Жастар ресурстық орталығы» жанынан құрылған Еріктілер мектебі өкіл­дерімен кез­десті. Мұнда 80-ге жуық во­лонтер тұрақты түрде қайырымдылық іс-шарасымен айналысады. Жастардың бас­тамасын оң бағалаған әкім олардың жұ­мысына сәттілік тіледі. Жұмыс сапарында Өмірзақ Шөкеев Қасым­бек датқа елді мекеніндегі MEDICAL PARK-E медициналық орталығының жұмысымен танысты. 2020 жылы ашылған орталықта  білікті дәрігерлер елге медици­на­лық көмек көрсетіп отыр. Сонымен бір­ге өңір басшысы аграрлық техникалық кол­ледждің шеберханасын аралап көрді. Мұнда ауыл шаруашылығы саласының мамандары даярланып, елге қызмет етіп келеді. Сайрам

Әбілмансұр ЖАСАН