Ревакцинация: жаңа екпеге дайынбыз ба?
Ревакцинация: жаңа екпеге дайынбыз ба?
© коллаж: Елдар Қаба
262
оқылды
Еліміз ковид құрсауына ілікті. Түркістан облысы ғана «сары аймақта». Қалған өңірлер түгел «қызыл аймақта». Кешелі бері 11 мыңнан аса адам вирус жұқтырды. Індеттің таралуына вак­цинация ғана тойтарыс бере алатынын ескерсек, халық жаппай вакцинамен «қаруланғанша» тағы біраз уақыт қажет. Ревакцинация қалай жүргізіліп жатыр? Екпе салдыру үшін Бішкек пен Ташкентке неге сабылып жатыр? Олар отандық медицинаға сенбей ме, әлде елде екпе жетіспей отыр ма?

ҚОСЫМША 6,5 МИЛЛИОН ДОЗА САТЫП АЛЫНАДЫ

Қазір елімізде аурудың күрт өсімі бай­қа­лып, тәулігіне 2 мыңға дейін жаңа жағ­дай тіркеліп отыр. Бір күн бұрын 13 мың­нан аса адамнан анықталған. Соның ішін­де елордадағы эпидахуал қиын. Бір күн­де Нұр-Сұлтан қаласында 4 639 адам дерт жұқтырған. Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғи­ният елімізде халықты вакцинациялау жә­не қайта вакцинациялау үшін шамамен 6,5 млн дозаны қосымша сатып алу бойын­ша жұмыс жүргізіліп жатқанын ха­бар­лаған. «Бүгінде 14 мыңнан астам ин­фек­циялық төсек-орында медициналық кө­мек көрсетіп отыр. 3 000-нан астам нау­қас ем алуда. Ал елімізде қосымша 50 мың­­ға дейін төсек-орынды ашуға дайын­дық бар», – деді Ажар Ғиният. Елімізде жасөспірімдерді, жүкті және ба­­ла емізетін әйелдерді вакцинамен қам­ту үшін министрлік Pfizer компа­ния­сы­ның Comirnaty вакцинасының 4 млн 230 мың дозасын сатып алған. Бүгінде 600 мыңға жуық адам ревакцинациядан өтті. Вак­цина алғаннан кейін 6 ай сайын ревак­ци­нация жүргізілуі керек. Бұл жаңа шық­қан штамдарға иммунитетті әрдайым кө­теріп отыруға мүмкіндік береді. Өйткені қазір коронавирус түсін өзгертіп жатыр, сол үшін жаңа штамдарға ағзаның имму­ни­тетін қалыптастыру үшін ревакцинация жа­саудың маңызы зор. Қазір вакцинациялау 16-18 жастағы жа­­сөспірімнен басталған. Ол тегін жүр­гі­зі­леді. Республика бойынша 2 000 115 адам­ды коронавирусқа қарсы Рfizer вак­ци­насымен егу жоспарланған. COVID-19 ауруының алдын алу мақсатында 12 жас­тан бастап және одан үлкен жасөспірімдер, жүкті әйелдер (16-37 апта аралығында) жә­не бала емізетін аналар (босанғаннан кейін 42 күннен бастап) Рfizer вакцинасын салдырып жатыр. Жасөспірімдерді, жүкті әйелдерді және бала емізетін аналарды вак­цинациялау бойынша ақпаратқа сәй­кес, Pfizer вакцинасының І компонентін 353 537 жасөспірім, 24 255 жүкті әйел, 61 700 бала емізетін әйел қабылдады. Вак­ци­­наның ІІ компонентін 182 257 жа­сөс­пі­рім, 11 886 жүкті әйел, 31 853 бала емі­зе­тін әйел салдырған. Жалпы, Қазақстанда коро­навирус инфекциясына қарсы вак­ци­наның І компонентін 9 062 324 адам, ІІ ком­­­­понентін 8 620 751 адам алды. Сонымен қатар елімізде 60 жастан ас­қан адамдар Pfizer вакцинасымен ревак­ци­нациядан өте алады. Бұл туралы мемле­кет­тің бас санитар дәрігері Ерлан Қиясов­тың жаңа қаулысында жазылған. Құжатқа сай жасы 60-тан асқан азаматтарға да ре­вакцинация кезінде екпенің осы түрін таң­дауға рұқсат етілген. COVID-19-ға қар­­сы ревакцинацияны елдің әрбір азама­ты жасата алады. Қазақстанда тұрып жат­қанына үш айдан асқан шетелдіктердің де екпені алуына мүмкіндігі бар. Ревак­ци­нацияға екпенің алғашқы курсын алға­нына 6 ай өткен азаматтар жүгіне алады. Алай­да ревакцинация вакцинацияға қар­сы көрсетілімдері жоқ адамдарға ғана рұқ­сат етіледі. Pfizer тек медициналық ме­ке­мелерде қолжетімді, оны сауда орта­лық­тарындағы вакцинация пункттерінен алу мүмкін емес. Вакцинаның екі компонентін, оған қо­са үшінші дозаны салдыру корона­вирус­ты жұқтырудан 68,8 пайызға, ал індеттің ауыр формада өтуінен 98 пайызға қор­ғай­ды. Италияның денсаулық сақтау инс­ти­ту­ты мамандарының мәлімдемесі – осы. Ай­та кеткен жөн, қазір елде «омикрон» ба­­сым штамға айналды. Деректердің 80 пайы­­зы осы мутациямен байланысты. Нау­­­­қастардың дені – 20 мен 29 жас ара­лы­ғындағы азаматтар. Жасы 80-нен ас­қан­дар арасында вирус жұқтыру оқиғалары аз. Сарапшылар мұны қарттар арасында вак­ци­налаудың жоғары деңгейімен түсін­діріп отыр. «Омикрон» штамының ерекшелігі – «дельта» штамынан таралу жылдам­ды­ғын­да. Жоғары тыныс жолдарында «омикрон» шта­мы «дельта» штамына қарағанда 70 есе жыл­дам көбейеді. «Омикрон» штамы әл­сіз­дік немесе шаршау, дене температурасы­ның 38 градусқа немесе одан жоғары кө­терілуі, бас ауруы, тәбеттің төмендеуі, жө­тел сияқты белгілермен сипатталады.

«БОЛАШАҚТЫҚТАРДЫҢ» ҚОЛЫ PFIZER-ге ЖЕТТІ

Елімізде Дүниежүзілік денсаулық сақ­тау ұйымы мақұлдаған екпені алуға қа­тыс­ты мәселе туындаған. Бұған дейін бір ғана қы­тайлық Sinopharm халыққа қолжетімді еді. Алайда қазір ол жоқтың қасы. Былтыр халықаралық ұйымның тіркеуінен өткен Pfizer вакцинасын ақылы негізде алуға болатыны айтылған болатын. Алайда оның қашан салына бастайтыны әлі күнге дейін белгісіз. Салдарынан қаңтар айында оқуға аттанатын «Болашақ» бағдар­ла­ма­сы­ның студенттері көрші қырғыз елі мен Өзбекстанға барып екпе салдыруға мәжбүр болды. Биыл 878 үміткерге «Болашақ» халықаралық стипендиясы тағайындалған. Біздің елге кештетіп жеткізілген екпеге Қырғыз Республикасы мен Өзбекстан бізден бұрын қол жеткізген. Бізге былтыр жыл соңында ғана Comirnaty Pfizer/BioNTech вакцинасының 4 миллион дозасы жеткізілді. АҚШ-тағы сабағына асығып отырған студенттер Өзбекстан мен Қырғыз Рес­публикасынан екпе алып келген. Ек­пенің екінші дозасын осы айдың 18-19-на алуы керек. Бұл мәселені бұған дейін де көтергенбіз. Жақында Білім және ғылым министр­лі­гінің өтініші бойынша коронавирус ин­фекциясының пайда болуы мен та­ралуына жол бермеу жөніндегі ведомс­твоара­лық комиссияның отырысында қаралып, мә­селе оң шешімін тапты. Нәтижесінде, «Болашақ» бағдарламасының стипен­диаттарды ДДҰ мақұлдаған екпемен вак­цинациялауға рұқсат берілді. «Аустралияға, Канадаға, Жаңа Зе­лан­дия­­ға, АҚШ-қа және Жапонияға оқуға не­месе тағылымдамадан өтуге баратын «Бо­­лашақ» стипендиаттарының оқу­лары­на кедергі келтірмеу үшін Денсаулық сақ­тау министрлігіне ДДҰ мақұлдаған вак­цинаны беру мүмкіндігін қарау туралы хат жол­дадық. Аталған елдердің аумағына кіру үшін ДДҰ мақұлдаған препараттардың екі доза­сымен толық вакцинациялау қажет екенін атап өткен жөн. Ұсынысымыз мақұл­да­нып, BIBP/Sinopharm вакцинасын алуға рұқсат берілді», – деді Білім және ғы­лым вице-министрі Қуаныш Ерғалиев.

РЕВАКЦИНАЦИЯДАН ӨТСЕ де, ВИРУС ЖҰҒАДЫ

Кез келген жастағы адам сырқаттануы мүм­кін бұл вирустық ауру адам өмірі мен ден­саулығына үлкен қауіп төндіреді. Сол се­бепті олардың алдын алу маңызды. Бұл рет­те вакцина әзірлеуші ғалымдардың бі­рі, профессор Леспек Құттымбетов «ау­ру­дан құтыламыз десек, әр 6 ай сайын вак­цина салдырып отыруымыз қажет, індеттің бе­тін тек белсенді вакциналау шарасы қай­тара алады» деп отыр. «Ревакцинация жасаған адам аурудан то­лық қорғанады. Әрине, иммундық жүйе­­сі дұрыс болса ғана. Кейбір адамдарда бас­­қа хроникалық аурулардың салдарынан им­мундық жүйесі осал болады да, кез кел­ген вакцинаға қажетті деңгейде жауап бере алмайды. Вирус жиі өзгеретіндіктен, амал жоқ, вакцина салып, иммунитетті қа­жет­ті деңгейде ұстап отыру керек», – дей­ді Л.Құттымбетов. Азаматтар ревакцинациядан өтсе де ауы­рып қалуы мүмкін. Себебі әр адамның им­мунитет жүйесі әртүрлі. Сонымен, «омик­рон» штамы «дельтаға» қарағанда аса қауіпті емес, бірақ вакцина салдыр­ма­ғандар үшін үлкен қатер төндіреді. Бүгінде әлем бойынша 90-нан аса мемлекет хал­қы­ның әлі 40 пайызын толық егіп үлгер­меген. Африкадағы вакциналау деңгейі тіпті төмен. Қара құрлықта тұратын адам­дардың 85%-тен астамы бірінші дозаны сал­дырмаған. Ковид жұқтырып, ауруха­наға түсіп жатқандардың басым бөлігі – пре­парат алмағандар. Жағдай осылай жал­ғаса берсе, «омикроннан» да қауіпті жаңа штамм таралуы мүмкін. Қазір коронавирус салдарынан ап­та­сы­на 50 мың науқас көз жұмып жатыр. Бұл – сұмдық көрсеткіш. 36 елде вакцина салдырғандардың үлесі халық санының 10 пайызына да жетпейді. Қорытындысында, ұдайы мутацияға ұшырағыш кеселге той­тарыс беруде вакцинация бірінші амал бол­са, кейінгі амал – карантин тәртібін қатаң сақтау. Бұл – жаманат індетке қарсы жұмылған жұмыр жердің жалпы ұстанымы. Себебі жоғарыдағы дерек жаһандық пан­демиямен күресте ұлы жеңістің ауылы әзір­ге алыс екенін көрсеткендей.