Тұңғыш сәби дүниеге келді
Тұңғыш сәби дүниеге келді
828
оқылды
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2020 жылы халыққа арнаған Жолдауында елімізде «Аңсаған сәби» бағдарламасын жүзеге асырып, ЭКҰ бағдарламасы бойынша квота санын 7 есеге арттыруды, яғни 7 мыңға дейін көбейтуді тапсырған еді. Денсаулық сақтау министрлігі 2021 жылдың 11 айында осы бағдарлама көмегімен 40 сәбидің дүниеге келгенін хабарлаған болатын. Аталған министрліктің Ана мен бала денсаулығын қорғау департаментінің дирек­торы Мағрипа Ембергенова: «10 қарашадағы жағдай бойынша «Аңсаған сәби» бағдар­ламасы бойынша 6 мың емделушіге экоұрық­тандыру жасалды. Бұл – бүкіл жоспарлы көлемнің 84 пайызы деген сөз. Тағы 740 пациент осы бағдарламаға қатыса бастады. 2 000-нан астам жүкті әйел есепке алынды. Алдағы бес жылда «Аңсаған сәби» бағдар­ламасы бойынша нәресте сүю мүмкіндігі жыл сайын 7 000 жұпқа берілмек. «Дені сау ұлт» ұлттық жобасы шеңберінде 2025 жылға дейін жыл сайын бедеулігі расталған 7 000 жұпқа міндетті медициналық сақтандыру аясында «эко» жасату қарастырылған» деген еді Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте. Министрлік өкілдері биылғы 10 қаңтардағы жағдай бойынша (2021 жылды қоса есептегенде) 360 сәби дүние есігін ашқанын, оның 181-і ұл, 179-і қыз бала екенін жеткізді. Жақында Шығыс Қазақстанда «Аңсаған сәби» бағдарламасы бойынша тұңғыш нәресте өмірге келді. Бағдарламаның шапа­ғатын көріп, алғаш рет ана бақытына ие бол­ған Өскемен тұрғыны Алена Долгих осы сәтті 2016 жылдан бері тағатсыздана күткендерін айтады. «Бірнеше жыл бойы бала көтере алмағандықтан әуелі Өскемендегі Ана мен бала орталығына барып қаралдым. Сондағы дәрігерлер ем-дом тағайындағанымен, еш нәтиже болмады. 2020 жылы ЭКО-ға квота алу үшін құжаттарымды жинап, тиісті жерге өткіздім. Шынымды айтсам, кезегім осыншама тез келеді деп ойламаған едім. Оған Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Аңсаған сәби» бағдарламасын іске қосуы себеп болды. Осының арқасында квота саны артып, кезек тез жылжыды. Құдайға шүкір, бәрі ойдағыдай болды. Елордаға барып, экстракорпоралды ұрықтандыру жасаттым. Бірінші реттен оң нәтиже болып, құрсағыма сәби бітті. Ұлдың салмағы – 3661 грамм, бойы – 52 см. Өзімізді сондай бақытты сезінудеміз. Барлық жұмыстар тегін болып, отбасымыздан еш шығын шыққан жоқ. Ұлымыздың атын Марк деп қойдық», – дейді Алена Долгих. ЭКҰ бағдарламасы елімізде 2010 жылдан бастап медициналық көмектің кепіл­ден­­дірілген көлеміне қосылғаны белгілі. Бүгінде елімізде 26 ЭКО орталық жұмыс істейді. Оның 21-і – жекеменшік. Денсаулық сақтау министрлігінің баспасөз қызметі былтыр ЭКО бағдарламасының көмегімен 22 мыңнан астам бала дүниеге келгенін, респуб­ликалық электрондық денсаулық сақтау орталығының мәліметі бойынша елімізде 9 467 әйел бедеулік диагнозымен есепте тұрғанын құлағдар еткен болатын. Облыстық Денсаулық сақтау басқармасы баспасөз қызметінің жетекшісі Әсем Қайратбекқызының айтуынша, 2021 жылы «Аңсаған сәби» бағдарламасы бойынша Шығыс Қазақстанға 500 квота бөлініп, кезекте тұрған 852 адамның 500-і осы жеңілдікті иеленіпті. Биыл аймақта тағы 272 адамға квота берілмек. Көп жыл кезекте тұрып, квота күтіп жүрген ата-аналар мемлекет тарапынан осындай мүмкіндік беріліп, тиісті жағдай жасалып жатқанына ризашылықтарын білдіріп, бұған әуелде сенер-сенбесін білмегендіктерін де жасырмады. «Квотаға қол жеткізген аналар атынан осы жұмыстың басы-қасында жүрген, «Аңсаған сәби» бағдарламасының Шығыс Қазақстан облысы бойынша үйлестірушісі, ЭКО дәрігер, акушер-гинеколог Нәдира Сіләмхановаға алғысымызды айтқымыз келеді.  Әуелде қиындықтар көп болды. Не істерімізді білмедік. «ЭКО бағдарламасы арқылы бала көтеруге болады» дегенді алғаш естігенде қуанғанымызбен, екінші жағынан «Қалай болар екен?» деп алаңдағанымыз да рас. Біз бір жылдай қаладағы «Экомед Өскемен» клиникасында қаралдық, квота туралы осы жерден естідік. Облыстық Денсаулық сақтау басқармасына келіп, білікті маман Нәдира Сіләмханқызымен таныстық, барлығын мұқият түсіндіріп берді. Кезегіміз келіп, құжаттардың бәрін әзірлеп, Шымкентке бардық. Бәрі ойдағыдай болды. Осындай өз ісін жетік білетін мамандар елімізде көп болса дейміз», – дейді Албина Сәденова есімді Өскемен тұрғыны. «Аңсаған сәби» бағдарламасының Шығыс Қазақстан облысы бойынша үйлестірушісі Нәдира Сіләмханова Президенттің пәр­менінен кейін квотаға өтініш беруші ата-аналардың саны артқанын айтады. «Әуелде ата-аналардың көпшілігі бағдарламадан ха­бар­сыз болғаны рас. Қазір бәрі естіп, кезекке жазылып, алды көптен күткен сәбилерін сүйіп те үлгерді. «Аңсаған сәби»  – қоғам үшін өте қажет бағдарлама. Алдағы уақытта да жалғасын тауып, талай шаңыраққа қуаныш сыйлай береді деп сенеміз», – дейді бала күткен ата-аналардың алғысын алып жүрген дәрігер.

Шығыс Қазақстан облысы