Әкімдік ғимараты – 20 млрд теңге
Дүрбелең кезінде елді елең еткізген оқиғаның бірі – қалалық әкімдіктің отқа орануы. Салдарынан ғимарат жарамсыз болып қалған болатын. Осы сұраққа әкімнің орынбасары Илияс Өсеров жауап берді. Оның айтуынша, аталған ғимаратқа келген шығын көлемі – 20 миллиард теңге. Яғни, қайта қалпына келтіру үшін осындай қаражат кетеді деген сөз. Өсеров мырза қаладағы бүлінген басқа да мемлекеттік маңызы бар нысандардың тізімі мен келтірілген шығын көлемін тізіп шықты. Мәселен, әкімдіктен бөлек қалалық прокуратураға 2 млрд теңге, Полиция департаменті мен соған қарасты бірнеше басқармаға 205 миллион теңге көлемінде шығын келсе, оған қоса қала шетіндегі экологиялық бірнеше постқа 163 млн және медициналық нысандарға 2 млн теңгенің залалы келгені анықталған. Аталған нысандарға келген залалдың жалпы құны – 22,6 млрд теңге. Осы жерде айтылған нақтыланған бір деректі айта кетсек. Соңғы есептеулер бойынша Алматы экономикасы 112,6 млрд теңге зардап шегіп отыр. Оның 67 миллиарды бизнес субьектілеріне тиесілі. Атап айтқанда, шағын және орта бизнес нысандары 42 млрд теңге шығынға батса, ірі кәсіпорындардың шығыны – 25 млрд теңге. Сондай-ақ қаржы ұйымдарында (банк бөлімшелері мен банкоматтар) 701,7 млн теңгенің мүлкіне залал (ұрланған, бүлінген) келген.Метро жұмысын бастады
Төтенше жағдай жарияланғалы бері тұрғындардың қауіпсіздігі үшін жұмысын уақытша тоқтатқан «АлматыМетро» қызметі аптаның алғашқы күнінен бастап өз қызметін бастады. Сондай-ақ бүгінде барлық 151 бағыт бойынша 1600 қоғамдық көлік таңғы 8.00-ден кешкі 21.00-ге дейін тұрғындарға қызмет көрсетіп жатыр.Қалалық мобилді басқармасының басшысы Ғани Мырзахановтың айтуынша, тәртіпсіздік кезінде жалпы саны 28 жолаушы таситын автобустарға түрлі дәрежеде зақым келген. Бүгінде оның 16-сы қалпына келтірілсе, қалған 12 көлік қаңтар айының аяғында тұрғындарға қызмет көрсетуге шығады. Тәртіпсіздік кезінде қоғамдық көліктердің өзімен бірге түрлі автопарк нысандарына да зақым келген. Жалпы саны 43 автобус павильоны бүлінген. Оның 23-і жөнделіп, қалғанын қалпына келтіру жұмыстары қаңтар айының соңына дейін аяқталмақ. Әкімдіктің берген дерегінше, сол күндерде 121 түрлі жол белгілері мен 46 бағдаршам бүлініп істен шықса, бұл күнде оның барлығы толықтай қалпына келтіріліп үлгерген. Сонымен қатар Алматы халықаралық әуежайы да штаттық режимде өз жұмысын атқарып тұр.Дәрі-дәрмек қоры екі айға ғана жеткілікті
Тұрғындар үшін азық-түліктен кейінгі ең қажетті әлеуметтік маңызы бар тауарлар қатарына дәрі-дәрмектер жататыны белгілі. Штаб отырысына қатысқан шенділердің сөзінше, бүгінде қалада 975 дәріхананың 920-сы штаттық режимде қызмет көрсетіп тұр. Олардың барлығы қажетті дәрі-дәрмектермен және медициналық бұйымдармен қамтамасыз етілген. Қалалық кәсіпкерлік және инвестициялар басқармасының басшысы Еркебұлан Оразалиннің сөзіне сенсек, бүгінде Алматыдағы фармацевтикалық қоймаларда екі айға жететін 15,5 млн бірлікті құрайтын дәрі-дәрмек қоры бар екен.Шенеунік бұл көлем қаладағы осы өнімдерге тапшылықты азайтатынына сенімді екенін жеткізді.37 пәтерге зақым келген, бірақ әзір жөнделмейді
Тәртіпсіздіктер кезінде қаладағы орталық алаңға жақын тұстағы Назарбаев - Сәтбаев көшесі қиылысындағы тұрғын үйлердегі 37 пәтерге зақым келген. Қала әкімінің орынбасары Мұхит Әзірбаевтың баяндауынша, бүгінде аталған 37 пәтер толық тексерілген. Оның айтуынша, арнайы мамандар залал келген жерлерді есептеп жатыр, оған бірнеше күн кететін көрінеді. Өкініштісі, одан кейін де пәтерлерді жөндеу жұмыстары басталып кетпейді. Себебі тергеу шаралары бітпеген. Әзірбаевтың айтуынша, бұл туралы тұрғындар мен ПИК-ке хабарланып қойған. Мегаполис басшысының сөзіне сенсек, бұл шығындар жергілікті бюджет есебінен қалпына келтірілетін болады.Сағынтаевқа қойылмаған сауалдар
Штаб отырысын БАҚ өкілдері монитор арқылы ғана тамашалап отырды. Бір топ журналистің қала әкімінен жауап алармыз деген үміті ақталмады. Әкімнің баспасөз хатшысы ол кісінің шықпайтынын, кесте бойынша тағы да жиналыстары бар екенін айтты. Қорыта келгенде, Алматы өзінің бұрынғы айшықты күндеріне қайта оралуы үшін алғашқы қадамдар жасалып жатқаны байқалады. Шығын көлемі де аз емес. Шаш етектен деуге болады. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Үкімет пен қала басшылығына бірлесе әрекет ете отырып, мегаполисті қалпына келтіруге 6 ай уақыт берген болатын. Президент тапсырмасы қаншалықты тиянақты орындалары уақыт еншісі мен жауапты шенеуніктердің іскерлігі мен біліктілігіне байланысты болмақ.Алматы