«Қайғылы қаңтар» оқиғасы талай адамның қабырғасын қайыстырды. Жарды жесір, баланы жетім қалдырды. Өзге өңірлер сияқты Жамбылда да қара жамылған отбасы аз болмады. Ресми ақпарат бойынша, 15 адам көз жұмса, оның екеуі – құқық қорғау органының қызметкері.
Жалпы, 4-6 қаңтар күндері жаппай тәртіпсіздікке қатысты деген 2 608 адам қамауға алынған. Оның 509-на әкімшілік іс қозғалса, 51-іне қылмыстық іс ашылған.Ұсталғандардан тәркіленген және заңсыз айналымнан алынған қару-жарақтың саны 161 бірлікке жетті. Оның 48-і Калашников автоматы болса, 13 снайперлі-винтовка, 6 «Сайга» карабин, 23 тапанша, 3 арнайы пулеметтік тапанша,1 гранатомет РПГ, 1 шағын калибрлі винтовка, 33 тегіс ұңғылы мылтық және тағы басқа да қару түрлері тәркіленген.
Осы тұста айта кетерлігі, қолды болған қаруды ерікті түрде өткізіп жатқан ел де аз емес. Бүліктен кейін облыстық Полиция департаменті ұрланған қару-жарақтар туралы тұрғындар ақпарат білсе, «102» нөміріне хабарласуға шақырған болатын. Сондай-ақ оқ-дәріні ерікті түрде полиция бөліміне тапсырса, қылмыстық және әкімшілік жауапкершілікке тартылмайтыны айтылған. Міне, осы үндеу өңірде өз жемісін беріп, халық жаппай қаруларын өткізе бастады.
Хабарлама жарияланған алғашқы күннің өзінде полиция бөлімдеріне Тараз қаласы мен барлық аудандардан қоңырау түсіп, бас-аяғы 40 бірлік қару-жарақ тапсырылған. Мәселен, 13 қаңтар күні жергілікті тұрғын тәртіп сақшыларына хабарласып, қару-жарақ тауып алғаны туралы айтқан. Оқиға орнына барған полицейлер 3 Калашников автоматы мен 1 дана гранатомет анықтаған. Аталған қарулар қазір сараптамадан өтіп жатыр.
Бұдан бөлек, 14 қаңтар күні Ұлттық ұлан сарбаздарының рейдтік тексеруі кезінде «Қарасу» шағынауданындағы құрылысы тоқтап тұрған нысанның ішінен 3 автомат, 3 магазин және әскери қалқан мен баскиім табылған. Дәл осы шағынауданнан №5513 әскери бөлімнің сарбаздары оқ өткізбейтін желет пен жаяу әскердің қорғанысына қажетті бұйымдар анықтаған.
Жалпы, Жамбылдағы қақтығыс кезінде 273 адам түрлі дене жарақатын алса, оның 22-і ауруханада жатыр. Ал күні кеше Тараздағы тәртіпсіздік кезінде Ресей азаматы қаза тапқаны белгілі болды. Бұл туралы Ресей Федерациясының Қазақстандағы елшілігі Facebook-тегі парақшасында хабарлады.
Ресей мемлекетінің Алматыдағы Бас консулдығына Таразда 6 қаңтарда болған тәртіпсіздіктер кезінде үш баланың анасы, 1995 жылы туған М.Кимнің қарақшылардың қолынан қаза тапқаны туралы ақпарат түскен. Қылмыс әйел жұмыстан шыққан сәтте жасалған.
«Ресейдің Алматыдағы Бас консулдығы марқұмның анасы, оның туыстары және жақындарымен байланысқа шықты. Облыс басшылығына жағдайды бақылауға алу және марқұмның отбасына көмек көрсету туралы үндеу жіберілді. Консулдық марқұмның отбасына материалдық көмек көрсету мәселесімен айналысып жатыр», – делінген хабарламада.
Ресей елшілігі Қазақстанның құқық қорғау органдарына қылмысты жан-жақты тергеу қажеттігі туралы сауалдарын да жолдаған.
«Қылмыскерлердің жеке басы анықталып, олар заң алдында жауапқа тартылып, заң аясында жазаланады деп үміттенеміз», – деген елшіліктің жазбасында.
Осылайша, Тараздағы бүлік те күн өткен сайын әртүрлі көрініс беруде.Қазір қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету жұмыстарына облыс бойынша 2 034 құқық қорғау органдарының қызметкерлері жұмылдырылса, Әулиеата аспаны әуеден де бақыланып отыр. Сондай-ақ құзырлы органдар егер халық қолды болған қаруды өз еркімен өткізбесе, 481 мың теңге көлемінде айыппұл арқалайтынын немесе 60 тәуліктен 8 жылға дейін бас бостандығынан айырылатынын ескертіп жатыр.
Негізі қолды болған қаруды ерікті түрде өткізу туралы үндеу Жамбыл облысында ғана бастау алып отыр. Бұл жайында облыстық Полиция департаментінің баспасөз қызметі мәлімдеді. Алайда департамент мамандары ел ерікті түрде өткізген қару-жарақтың саны 40-тан асады деген ғана ақпар беріп отыр. Сондай-ақ «қаруды өткізген азаматтардың үстінен тергеу жүре ме?» деген сұраққа да полиция өкілдері нақты жауап бере алмай отыр. Бір сөзбен айтқанда, қатаң құпиялық сақталған.
Қалай дегенде де, бұл – құптарлық бастама. Хабарламаның арқасында бүгінде аудан мен қала тұрғындарынан жаппай қару өткізу қарқын алуда. Ал ол қарудың қайсысынан оқ атылғаны, қайсысын бүлікшілер тастап кеткенін тәртіп сақшылары анықтай жатар. Біздің тілеуіміз – ел тыныштығы.
Айтпақшы, осыған дейін де «Қару» секілді акциялар өңір-өңірлерде жанданып, өз еркімен тіркелмеген мылтығын өткізгендерге Үкімет тарапынан қомақты қаржы берілген болатын. Бәлкім, бұл жолы да ерікті түрде өткізілген қаруға белгілі бір сыйақы тағайындалса, тоналған қару-жарақты жинап алар ма едік? Енді бұны құзырлы мекемелердің қарауына қалдырдық...