Ақтөбе облыстық Полиция департаменті облыс әкімдігінің ішіне кіріп, заттарды сындырып, қиратқан күдіктілердің әрекетін көрсетіп, бейнебақылау камерасындағы жазбаны жариялады.
Ақтөбе облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі 5-қаңтарда түсірілген бейнематериалдарды жариялады. Онда бір топ адамның өрт сөндірушілер көлігіне тарпа бас салып, сындыруға әрекеттенгенін көруге болады.
«Тәртіпсіздік кезінде Ақтөбе облысы ТЖД Өрт сөндіру қызметінің қызметтік автокөліктеріне шабуыл жасалған. Қылмыскерлер өрт сөндіру көлігін басып алуға тырысты және екі өрт сөндірушіні ұрып-соқты», – деді облыстық ПД баспасөз қызметінің жетекшісі Ерболат Сарқұлов.
Сондай-ақ облыс әкімдігіне бір топ адам кіріп, ондағы мүлікті қирата бастаған сәт бейнебақылау камерасына түсіп қалған.
«5 қаңтардағы митинг кезінде наразылық білдірушілер Ақтөбе облысы әкімдігінің ғимаратын басып алды. Бірнеше кабинетті қиратып, тұрмыстық техниканы ұрлап, зақымдады. Наразы топтың жиһаздар мен терезелерді сындырғаны видеода көрініп тұр», – делінген хабарламада.
Қазіргі кезде облыс әкімдігі штаттық режимде жұмыс істеп тұр. Болжам бойынша шығын – 300 млн теңге.
Бұған дейін бір топ қарулы адамның Алматы қаласының әкімі Бақытжан Сағынтаевтың кортежін оқтың астына алған сәті көрсетілген видео жарияланған болатын.