Жамбыл облысы Жамбыл ауданындағы соғыстың соңғы солдаты Қасен Шанбаев 99 жасқа келді. Жеңіс сағатын соқтыруға өлшеусіз үлес қосқан майдангерді аудан әкімі Сәкен Арубаев арнайы құттықтап барып, құрмет көрсетті.
– Оқ пен оттан аман қалып, елге жеңіспен оралып, соғыстан кейінгі қиын-қыстау шақта елдің өсіп-өркендеуіне үлес қосқан өзіңізге қандай құрмет көрсетсек те артық емес. Ұлы Отан соғысында жамбылдықтар да өшпес ерлік көрсетті. Ауданымыздан майданға аттанған 9341 жауынгер сұрапыл соғыс жылдары толарсақтан су кешіп, ұрыс даласында қаһармандық танытты. Олар өздерін бұл біздің азаматтық міндетіміз деп қабылдады. Сіз егемен елдің қаһарманысыз!, – деді Сәкен Қаланұлы өз құттықтауында.
Ал аудан өнерпаздары зұлматты жылдарды еске салатын әуендер шырқап, қарияның көзіне жас алдырды. Көңілі толқыған майданген ақ батасын беріп, ел тыныштығын тіледі.
Бүгінде Қасен қариядан тараған 3 ұл, 3 қыздың қатары 16 немере, 41 шөбере, 5 шөпшекке жетіп отыр.
Зұлмат жылдардың ғана емес, қос ғасырдың куәсі болған майдангердің көрер жарығы әлі көп болсын деп тілейміз!