Шымкентте қақтығыс кезінде оқ тиіп, аман қалған жауынгер оқиғанын қалай болғанын айтып берді, – деп жазады Экспресс К.
Аңшы мылтығының бытыралары жауынгер Самандар Ташкенбаевтың сол аяғы мен оң қолына тиіп, қолы сынған."Дабыл қағылып, біз 4-і күні кешкі сағат 9-дан таңғы алтыға дейін қалалық әкімдік ғимаратын күзетіп тұрдық. Алғашында митингке келгендер үлкендерді тыңдап, солар өз пікірлерін білдіріп жатқан. Кейін бірден көтеріліп кетті. Шыны керек, біз қоғамдық тәртіпті сақтап тұрамыз деп ойладық. Бейбіт митинг деп жиналғандар көтеріліп кетті. Біз де күткен жоқпыз. Бірінші күннен жиналғандар ашу-ызаға бой алдырды. Көліктерді төңкеріп, өртеп, бүлік шығарды. Жаппай тәртіпсіздіктің екінші күнінде кешкі сағат 8-дерде келдік. Осы күні жиналғандар қатты көтерілді. Біз бұйрық бойынша әкімдік ғимаратын, сол маңды күзету керекпіз. Қаруымыз жоқ емес, болды. Бірақ жиналғандарға оқ атуға, күш қолдануға болмайтыны қатаң айтылды", – деді жас жауынгер.
Ашуға булыққан халықты басу күштік құрылымдар үшін оңайға соқпаған. Әскери қызметкер жаппай тәртіпсіздіктің екінші күнінде оқ жарақатын алған.
"Қаңтардың 5-сінен 6-сына қараған түні түнгі сағат 2-лерде болды. Сол түні қатты тұман болды. Кімнің, қандай қарумен атқанын көре алмадым. Оқ тигенде бірден сездім. Жаныңа қатты батады ғой. Адамның қолына ине кіріп кетсе де сезіледі. Бірақ бұйрықтың аты бұйрық. Орынды тастап, өздігіңнен кете алмайсың. Қасымдағы жауынгерлер жарақаттанғанымды көріп, дереу ауруханаға алып кетті. Бірден дәрігерлер қарап, операциялық бөлмеге кіргізді. Ары қарай есімде жоқ", – деді ол.
Жауынгердің аяғынан 5 дана бытыра алыныпты. Денесінде екеуі қалған. Себебі дәрігерлер науқастың өміріне алаңдаған. Өлім аузынан қалған Самандар Ташкенбаев оң қолының сынғанын операциядан кейін бір-ақ білдім деп отыр. Қақтығыс кезінде қызуқандылықпен қолының сынғанын сезбепті.
Жас жауынгер бүгінде ауруханадан шығып, ем алуды үйде жалғастырып жатыр.