Жаңа қоғамның құрылымы
Жаңа қоғамның құрылымы
© коллаж: Еркебұлан Дуйсеболатов
689
оқылды
Ел тарихында болған ең үлкен трагедия елді есеңгіреткені рас. Арада біраз уақыт өтті. Осы мерзім аралығында жағдай тұрақталды, ҰҚШҰ әскерлері шығарылды. Өртке оранған ғимараттар есепке алынып, содырлар, бүлікшілер қолға түсіп жатыр. Бұдан бөлек, Президент жаңа өзгерістер пакетін жариялады, Үкіметтің құрамы жаңарды. 227 адамның қаны төгілген қайғылы оқиғадан соң қоғам түбегейлі өзгерістерді күтіп отыр. Ескі ережеге, көне түсініктерге, құндылықтарға оралғысы жоқ. Енді азаматтардың осы үлкен үмітін қалай ақтауға болады? «Жаңа Қазақстан» қандай принциптер негізінде құрылады? Жауап іздеп көрейік. Кешеге дейін ТМД аумағында біздей тұрақты, бейбіт ел жоқ деп кеудемізді соғып келдік. Инвесторлар алдында да тұрақтылығымыз ауыз толтырып айтатын басты жетістігіміз сияқты көрінді. Көршілерде болған азаматтық соғыс, қарулы қақтығыс, шекарадағы жанжал, аннексия, мемлекеттік төңкерістерді көріп, тыныш болғанымызға шүкір деп келдік. Осы халықтың шүкіршілігі саяси жүйемізді бейқам еткен жоқ па? Үкіметті «не істесек те, не десек те, жұрт қабылдайды, қолдайды» деген иллюзияға итермелеген жоқ па? Іштен шыққан жау жаман. Іште туған бүлік 227 адамның өмірін жалмап, «қаңтар қырғынына» алып келді. Қысқасы, жауабы табылмаған мұндай сауалдар әлі көкейімізде жүр. Мемлекет басшысы ел дамуында жаңа кезең басталғанын айтып, жаңа Қазақстан­ды бірге құруды ұсынды. Әрине, болған қайғылы оқиғалардан кейін қоғам тың өзгерістерді, түбегейлі бетбұрысты күтіп отырғаны рас. Өзгеріс экономика, армия, мемлекеттік қызмет, саяси жүйе, басқа да салаларды қамтығанын қалайды. 19 млн халықтың тамырын басып, оның атынан сөйлеуге еш құзыретіміз жоқ, бірақ болжап, долбарлап көрейік.

Базынамыз бар

Азаматтар неге радикалды реформаларды күтеді деген сауалға жауап іздейік. Неге қазіргі тұрмысы ұнамайды? Қоғам дертіне диагноз қоюға тырысып көрелік. Себебі оны айшықтамай, түйткілдерді шешу жолын ұсыну да қиын. Ең алдымен жұртты жегідей жеген жемқорлық екені жасырын емес. Ауылдағы ұстаз бен медбике жұмысқа орналасу үшін пара беруі тиіс, жолда полицей тәртіп бұздың деп ұстаса, алақанына азын-аулақ ақша салсаң, айып­пұлдан құтыласың. Әкімдікке қарасты түрлі басқарма, мекемелердің жариялаған тендерлерін 15-20 пайыз үлесін ұйымдас­тырушыларға берсең ғана жеңімпаз атанасың. Ал ұлттық компаниялардың тендерлері бірнеше миллиард теңгеге жетеді. Оларды ұйымдастырған шенді азаматтар да парадан пәк емес-ау. Бұл қылмыс бәріне мәлім, алайда жалғасып келе жатқанына сан жыл өтті. 2020 жылы Сыбайлас жемқорлықты түйсіну индексі бойынша 180 елдің арасында 94-орында болдық. Яғни, жемқорлыққа белшесінен батқан елдің біріміз. 2021 жылы Қазақ­станда 11 айда жемқорлық, пара беру сынды баптар бойынша 1,6 мың қыл­мыстық іс қозғалған. Бұлар тек ұсталып, тіркелгені. Екіншіден, баға өсімі талай отбасын титықтатып жіберді. Азық-түлік, дәрі-дәрмек, киім, тұрмыстық техника, көлік, пәтер бағалары жыл сайын емес, ай сайын өсетін деңгейге жетті. Ал азаматтардың жалақысы, табысы оған сай емес. Былтыр талай ұжым қызметкерлерінің ереуілге шығып, жалақысын өсіруді талап етуінің бір себебі – осы. Үшіншіден, бай мен кедей арасының алшақтығы артып барады. Forbes журналы жыл сайын миллиардерлер тізімін жариялайды. Өз еңбегімен ірі кәсіпкер атанғандар аз емес. Егер кәсіпкер адал жолмен бизнесін ашып, салығын төлеп, ризығын арттырып жатса, нұр үстіне нұр. Дегенмен бірнеше миллион, миллиард доллар жи­ған­­­дардың арасында саяси элитаға жақын кәсіпкерлердің жүргені көпке құпия емес. Бір ғана мысал, 2020 жылы Атырау облысында қала тұрғындарының табысы ауыл азаматтарынан 9,8 есе көп болған. Ал былтыр елімізде күнкөріс минимумынан төмен табысы бар отбасы­лардың саны 125 мыңға жетті. Дүниежүзілік банк мұндай азаматтардың саны 2021 жылы 2,6 млн-ға жетеді деп жыл басында болжам жасаған. Ол расталды ма, жоқ па, белгісіз. Яғни, кедейлік, теңсіздік, жоқшылық, жұмыс­сыздық жұрттың әл-ауқатын әлсіретті, ашуын туғызды. Төртіншіден, саяси шектеу бар, қоғаммен кері байланыс тиімсіз. Жоғарыда тізбектелген түйткілдерді айтуға мінбер табылмайды. Кейде оны тыңдайтын құлақ та жоқ. Елімізде саяси партияларды тіркеу талаптары жеңілдетілді. Алайда Әділет министрлігі соңғы 2 жылда ешбір жаңа партияны тіркеген емес. Бұдан бөлек, митинг өткізу тәртібі де өзгерген болатын. Жаңа заң бойынша азаматтар жергілікті әкімдіктен рұқсат сұрамай, тек ескертіп қана ереуіл өткізе алады. Бірақ мазалаған мәселесін алаңда айтып, жиі жиналған жұртты байқамадық. Әкімдік қызмет­керлері түрлі сылтау тауып, митингтерге кедергі жасап келеді. Бұрынғы цензура да жоғала қоймады. Ресми түрде сөз бостандығына тыйым салынбаса да, түрлі қоңырау шалынатыны рас. Осы және өзге де түйткілдерді қатар­дағы азаматтар білмей ме? Әрине, хабардар. Себебі күнделікті бетпе-бет келеді. Өкінішке қарай, соңғы жылдары әлеу­меттік желілерде «балаларымның бағы үшін шетелге көштім» деген жазбаларды жиі оқып жүрміз. «Америка арманын» қуған біршама сапалы мамандар мұхит асты. Былтыр тек 9 айда 25 мың азаматымыз елден көшіп кетті. Осы көшкен 25 мың адамның 6 700-і жоғары білімді болса (36%), орта кәсіби білімді меңгергендері 5 967 кісі (32%). Яғни, көшкендердің тең жартысынан көбі еңбек нарығына қажет азаматтар. Халықаралық көші-қон ұйымы 2019 жылы Қазақстанда миграция тақырыбында кең ауқымды зерттеу жүр­гізген. Онлайн сауалнамаға шетел асқан эмигранттар қатысқан. Нәтижесі көңіліңді құлазытады. Сонымен, эмигранттар Қазақстаннан көшіп кетудің келесідей себептерін атаған: жемқорлық, бюрократия, шенеуніктердің жауапқа тартылмауы (51,3%), мамандарға қажет­тіліктің, перс­пективаның болмауы (31,3%), мемле­кеттің баяу дамуы, қоғамның архаизациялануы (27,5%), өзінің және баласының келешегіне сенімнің азаюы (26,3%), жұ­мыс­сыздық, жалақының аздығы (23,8%), білім мен медицина сапасының нашарлауы (23,8%), адам құқықтарының жиі бұзылуы (21,3%). Сауалнама нәтижесі Қазақстан қоғамын­дағы шешілмеген түйткілдердің рейтингін шығарғандай көрінеді.

Шешу жолы қандай?

Қазір дұрыс әрі тиімді шешімдер шығаратын кезең. Егер Үкімет популистік немесе көршілердің көңіліне жағатын қадамдар жасаса немесе батыл реформа жүргізетін уақытты өткізіп алса, ескі сүр­леуге қайта түссе, онда 1 жылдан соң көп нәрсе өзгермейді. Қан текке төгілгендей болады. Себебі Алматы мен басқа қала­ларда о баста алаңға жастар өзгеріс сұрап шыққанын неге жасырамыз? Тек жиналған жұрттың екпінін содырлар мен бүлікшілер пайдаланып кетті. Сонымен, қазір қандай шешімдер қабылданғаны абзал? Бұл сұраққа жауап табу үшін терең экономикалық, әлеуметтік, саяси зерттеулер қажет екені даусыз. Себебі нақты деректерге сүйенбей шешім қабылдау асығыстық болар. Бірақ Үкімет алдындағы бірден-бір миссия инфляцияны ауыздықтау екені анық. Қазақстан – импорттық тауарларға тәуелді ел. Ал әлемде былтыр азық-түлік бағасы 30 пайызға қымбаттаған. Шетелдік қымбат тауар ішкі нарығымызға түскенде баға өсіміне кері ықпал етеді. Осылайша, инфляция арта береді. Осы себепті қаласақ та, қаламасақ та, тіпті тиімсіз болса да отандық тауар өндірісін аттыруға тура келеді. Сонда ғана ел экономикасының импорттық тауарларға тәуелділігі кемиді. Бірақ біз әлі күнге экономикамызды әртараптандырмадық. Былтыр 8 айда 37,6 млрд доллардың тауарын экспорттаппыз. Оның 70 пайызға жуығы шикізат. Басты серіктестер – Еуропа мен Қытай. Сондай-ақ Ресей (20%), Қытай (18%), Кореядан көбірек тауар сатып ала бастадық. Яғни, шетелге шикізат сатып, түскен ақшаға жұртқа қажет азық-түлік, көлік, техника, басқа да заттар алатын өте қарапайым экономикалық модельді өзгерте алмай келеміз. Оны өзгертуге тырыстық, 2010 жылы үдемелі индустриялық-инновация­лық дамыту дейтін бағдарлама (ФИИР) қабылдап, зауыт-фабриканы молынан салғымыз келіп, триллиондарды жұмсадық. Бірақ нәтиже шамалы. Жоғарыда айтқан қарабайыр экономикалық модельді күрделендіріп, шетке тек мұнай мен уран емес, жоғары интеллектуалды тауар сатқымыз келсе, онда отандық өндірісті дамыту қажет деген миссияға тағы да айналып келеміз. Бай мен кедей арасының алшақтығы – нарықтық экономиканың, капитализм­нің бөлінбес заңдылығы. Дегенмен бұл алшақтықты кемітуге болады. Егер екі таптың арасы ажырап кете берсе, қоғамда «байларды тонаңдар» деген ұран тасталып, оның соңы жаппай тәртіпсіздікке ұласуы бек мүмкін. Оны кешегі Алматыдағы бүлік кезінде көрдік. Жасы бар, жасамысы бар, тіпті аяғы ауыр, бала жетектеген әйелдерге дейін қымбат дүкендерге лап қойып, құнды заттарды сүйреп кетті. Енді не істеуге болады? Жалақының ең төменгі шегін жыл сайын көтеруге тура келеді. Есесіне ұлттық компаниялардағы 2-3 млн теңгелік жала­қы­ларды қысқартуға болады. Бұдан бөлек, айлық табысы 5 млн теңгеден жоғары азаматтардың салығын өсіру де тиімді шара болуы мүмкін. Бірақ бұл әдістер көп адамды қамтымайды. Жеке табыс салығы бойынша декларацияны барлық 18-ден асқан азаматтарға міндетті ету теңсіздік мәселесін шешуге ықпалын тигізуі әбден мүмкін. Себебі кімнің қанша табысы бар, оның кіріс көзі қандай деген сауалдарға жауап табамыз. Оған қоса, елдегі жем­қор­лық деңгейін кемітуге де өзінің оң әсерін тигізеді. Себебі қазіргідей шенеуніктер туысының атына бизнесін жазу деген практикаға жүгінбейді. Өйткені туысы да табыс декларациясын тапсыруы міндет болады. Әрине, бұл – заңнамалық шаралар. Ал экономикалық қадам ретінде жаңа жұмыс орындарының санын арттыру негізгі міндет болып қала береді. Қоғамның басым бөлігі тұрақты жұмыспен қамтыл­май, кедей саны азаймайды. Қоғамдағы түбегейлі өзгерістерді саяси реформаларсыз жасау мүмкін емес екені белгілі. Егер саяси аренаға жаңа партиялар шықпаса, партиялар мен қоғам қайраткер­лері арасында цензурасыз дебаттар жиі ұйымдастырылмаса, ашық сайлау өтпесе, мәслихаттар әкімдікке қызмет етуші орган рөлінен арылмаса, БАҚ цензурасыз жазбаса, кәсіподақтар тәуелсіз ұйымдарға айналмаса, біздің жаңа ашық азаматтық қоғамды құруымыз екіталай. Себебі бұл ғасырлар бойы өзге елдердің тәжірибесінен туған демократиялық алғышарттар. Ал шынайы азаматтық қоғам құрылмай жемқорлықты азайту, саяси жүйені тұрақ­ты ету, жұрттың билікке сенімін арттыру жайлы сөз қозғау қиын. Сондықтан 2019 жылы басталған саяси бастамаларды жал­ғастыру аса маңызды шарт.

Ел үміті ақталса...

Дәл қазіргі уақытта қоғамды жаңарту, жаңғырту бағытында ұсыныстар, тың идеялар аз емес. Еліне жаны ашығандар шама-шарқы келгенше айтып, жазып жатыр. Сондықтан қазір мәлім мәселелер мен ұсыныстарды жүйелеу, оның зәрулеріне басымдық беру де маңызды. Себебі жоғарыда жазылған түйткілдерден бөлек адам капиталына инвестицияны арттыру, қоғаммен кері байланыс сапасын жетілдіру, ел арасында ұлттың игі құндылық­тарын қалпына келтіру, әр азаматтың құқығымен қатар жауапкершілігін белгілеу, заң үстемдігін қатайту сияқты өзекті мәселелер де кезек күттірмейді. Ең бастысы, қан төгілген оқиғадан соң азаматтардың өзгерістерді күткен үкілі үміті ақталса игі.